Жастар және мемлекеттік қызмет: жаңа мүмкіндіктер талқыланды

Жастар және мемлекеттік қызмет: жаңа мүмкіндіктер талқыланды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай белсенді жастармен кездесу өткізді. Еркін форматта өткен жиында жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, олармен тиімді байланыс орнату және патриоттық құндылықтарды насихаттау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу барысында агенттік төрағасы мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, саланы дамытуда «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидаттарына сәйкес ашықтық, әділдік және отансүйгіштік құндылықтарға басымдық берілуде. Осыған байланысты жастардың мемлекеттік қызметке келуіне барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, жоғары оқу орнын GPA 3,33-тен жоғары көрсеткішпен аяқтаған түлектерге аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз орналасу мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінде бұл тетік арқылы республика бойынша 788 жас мемлекеттік қызметке қабылданған.

Сонымен қатар қатысушыларға дарынды жастарға арналған тиімді әлеуметтік лифт – Президенттік жастар кадр резерві туралы ақпарат берілді. Аталған жоба аясында 450 жас іріктеліп, олардың 77 пайызы мемлекеттік басқару жүйесінде еңбек етуде. Бұдан бөлек, өңірлік кадр резервін қалыптастыру жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда бұл резервте 544 жас бар. Оның 283-і жергілікті атқарушы органдарда жұмысқа орналасқан.

Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметке іріктеудің цифрлық жүйесі адами факторды азайтып, мемлекеттік қызметтің ашықтығын толыққанды қамтамасыз ететінін айтты. Жаңа жүйе үміткерлерге конкурсқа кез келген уақытта және әлемнің кезкелген жерінен қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бос лауазымдарды толтыру мерзімі 5–7 жұмыс күніне дейін қысқартылған.

Кездесу барысында ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының Кеңесшісі, ПЖКР мүшесі Динара Садвакасаова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың хатшылық меңгерушісі, ПЖКР мүшесі Мерей Рамазан жастарға арналған мүмкіндіктер туралы айтып, оларды ел игілігі үшін жұмыс жасауға шақырды.

Жиын соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Жастарды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған бұл шара өңірлерде жалғасын табатын болады.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары