383
Шымкентте Тоқтар Төлешовке қатысты сот үкімі шықты
Шымкентте Тоқтар Төлешовке қатысты сот үкімі шықты
Шымкентте Тоқтар Төлешовке қатысты сот үкімі шықты. Еңбекші аудандық сотының судьясы Мырзалы Жорабаев бұрынғы «сыра корольін» Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп тауып, бес жылға бас бостандығынан айыруға жазасына кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Төлешов Қылмыстық кодекстің 245 бабы, 3 бөлігі «Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару», 251-бабы «Жекеше нотариустардың, бағалаушылардың, жеке сот орындаушыларының, медиаторлардың және аудиторлық ұйым құрамында жұмыс iстейтiн аудиторлардың өкiлеттiктердi терiс пайдалануы» бойынша, 28-бабы «Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi» бойынша айыпты деп танылды. Қалған баптар бойынша тағылған айыптар мерзімінің өтуіне байланысты қысқарып кетті. Судья аталған Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігіне сүйене отырып жазаны алғашқы Астана қалалық әскери мамандандырылған сотының үкіміне сәйкестендірілгенін айтты. Сонымен, Төлешовке 21 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қалдырылды. Жаза барынша қатаң түрде өтелетін болды. Мемлекет пайдасына айыпталушы Төлешовтен облыстық прокуратураның талап еткен 1 млрд 352 млн теңгесін және БАЖ салығы ретінде 41 млн 057 мың теңгені, сондай-ақ сараптамаларға жұмсалған 3 млн 010 мың теңге өндірілетін болды. Ал, Мемлекеттік кірістер департаменті талап еткен 1 млрд 452 млн 653 мың теңге азаматтық тәртіппен қайта қаралады. Алайда Тоқтар Төлешов судьяның үкімімен келіспейтінін айтты. «Мен бүгінгі үкіммен келіспеймін. Бұнің бәрі біреуге қажет болған театр. Шағым келтіреміз. Одан бірдеңе өзгере қоймайтынына көзім жетіп тұр»,- деді Тоқтар Төлешов.