Италияда 53 саусағы бар TeoTronico атты робот пианист кәсіби музыканттармен сайысқа түсіп жүр. Ол Моцарт, Бетховен, Шопен және Бахтың күрделі шығармаларын орындай алады. Ал жасанды интеллект көмегімен адамдармен сөйлесіп, тіпті олардың музыкалық қабілетін әзілмен сынайды. Бұл туралы Euronews хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
TeoTronico-ны 2008 жылы италиялық инженер Маттео Суцци жасаған. Бастапқыда қарапайым музыкалық робот ретінде құрастырылған құрылғы уақыт өте жетілдіріліп, 53 механикалық саусақпен жабдықталған.
Роботтың саусақтары электромагниттер, арнайы тетіктер мен сымдар арқылы қозғалады. Соның арқасында ол фортепианода күрделі музыкалық шығармаларды жоғары дәлдікпен орындай алады.
Бір қызығы, TeoTronico-ның саусақтары адамдікінен бес есе көп. Ал өзі музыкалық мектепте оқымаған, ұзақ уақыт жаттығуды қажет етпейді және сахнаға шығар алдында қобалжымайды.
Роботтың басты қарсыласы – белгілі италиялық пианист Роберто Просседа. Екеуі түрлі елдердің сахналарында музыкалық сайыстар өткізіп, адамның шығармашылық қабілеті мен машинаның техникалық дәлдігін салыстырады.
Жақында Италияның Прато қаласында өткен осындай кездесуде екеуі Шопеннің шығармаларын орындаған.
TeoTronico өзін адамнан әлдеқайда шебер пианист деп санайтынын жасырмайды.
«Мен объективті түрде жақсырақ ойнаймын. Қателеспеймін», – дейді робот.
Ал Роберто Просседа музыка тек ноталарды қатесіз орындаудан тұрмайтынын айтады. Оның пікірінше, нағыз музыкант тыңдарманға сезімін жеткізіп, шығарманы өзінше түсіндіре білуі керек.
«Концерт дегеніміз ноталарды мінсіз орындау ғана емес. Музыка тыңдарманды толқытып, тіпті жылата алады. Роботтың қолынан келмейтіні – осы», – дейді пианист.
Алайда TeoTronico бұған да қарсылық білдіреді. Ол өзінің орындауы да адамдарды жылата алатынын айтып, адамның жеке сезімі музыканы жеткізу үшін неге міндетті болуы керек деген сұрақ қояды.
Роботтың мұндай тапқыр жауап беруіне Google компаниясының Gemini жасанды интеллект жүйесі көмектеседі. Осы технологияның арқасында TeoTronico адамдардың сұрақтарына бірден жауап беріп, алдын ала жазылмаған әңгіме жүргізе алады.
Дегенмен оның музыкалық қабілеті мен сөйлесу мүмкіндігін шатастырмау керек. Қазіргі уақытта робот музыканы өздігінен түсініп, импровизация жасамайды. Ол компьютер арқылы берілген MIDI файлдарындағы нұсқауларға сүйеніп, қай нотаны қашан басу керектігін орындайды.
Роботтың авторы Маттео Суццидің айтуынша, жасанды интеллектінің дамуы TeoTronico-ға өздігінен музыка шығаруға, импровизация жасауға және тыңдарманның көңіл күйіне қарай шығарма орындауға мүмкіндік беруі ықтимал.
Мәселен, болашақта робот адамның бет-әлпетін, дауыс ырғағын талдап, оның көңіл күйіне сәйкес әуен құрастыра алуы мүмкін.
Бірақ Роберто Просседаны басқа мәселе алаңдатады. Оның айтуынша, ең үлкен қауіп – роботтардың адамдарды алмастыруы емес, музыканттардың роботтарға ұқсауға тырысуы.
«Қазір көптеген жас музыкант мінсіз орындауға ұмтылады. Олар қате жібермеуге тырысып, музыканың ең маңызды қасиетін – сезімді жеткізуді ұмытып кетеді», – дейді ол.
Ал TeoTronico бұған өзінше жауап береді: робот сияқты ойнайтын музыканттарды роботтар алмастыруы мүмкін, ал өнерге өзіндік ерекшелігін қосатын адамдарға қауіп жоқ.
Осылайша 53 саусағы бар робот пен кәсіби пианистің сайысы қарапайым музыкалық бәсекеден әлдеқайда маңызды сұрақ туындатады: болашақта жасанды интеллект музыканы адамнан дәлірек орындаса, өнердің құндылығы неде болады?
Роберто Просседаның пікірінше, бұл сұрақтың жауабы адамның кемелсіздігінде де жатыр. Өйткені кейде музыканы ерекше ететін нәрсе – қателеспей ойнау емес, оның артындағы адам сезімі.