Барлық міндеттемелер толық орындалмақ

Барлық міндеттемелер толық орындалмақ

Барлық міндеттемелер толық орындалмақ
ашық дереккөзі
264
Апта басында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңның негізгі параметрлерін таныстырды. Қаржы министрінің мәліметінше, жобаның негізгі сипаттамалары Жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасына және 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес айқындалған. Мәселен,  бюджетке түсетін түсімдер құрылымы сапалық тұрғыдан өзгерді. Мұнай еместік түсімдер көлемі 2018 жылы 5 271,4 миллиард теңгені құрайды, бұл биылғы жоспардан 19,3 пайызға артық. Өсімнің негізгі факторлары ел экономикасын жаңғырту, ішкі және сыртқы макроэкономикалық жағдайды тұрақтандыру және салықтық әкімшілендіруді жақсарту болды. Бюджетке мұнай түсімдерінің көлемі биылғы жылмен салыстырғанда 1 901,3 миллиард теңгеге төмендеді. Себебі кепілдендірілген трансфертті кезең-кезеңімен төмендету мен Ұлттық қордан мақсатты трансфертті тартудан бас тарту ықпал еткен. Сонымен қатар министр шығындарды оңтайландыру жүргізілгенін айтты. Бұл тұста бюджет жобасы Үкімет алдына қойылған барлық міндеттерді іске асыруды қамтамасыз етеді. Біріншіден, шығындардың әлеуметтік бағыттылығын күшейту және бұрын қабылданған барлық міндеттемелерді орындау арқылы адам капиталын дамыту. Екіншіден, экономиканы цифрландыру және технологиялық жаңғырту, аграрлық секторды, көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту. Үшіншіден, мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Республикалық бюджет шығындары 2018 жылы 9 217,9 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл биылғы жоспардан 134,6 миллиард теңгеге артық. «Шығындардың  44,5 пайызын әлеуметтік сектор шығындары құрайды, олар биылғы жылмен салыстырғанда 400 миллиард теңгеге өсті», – деді министр. 2018 жылы экономиканың нақты секторын дамытуға 1,4 триллион теңге бөлініп отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға 512,6 миллиард теңге сомасы көлеміндегі шығындар қарастырылған, оның ішінде 243,3 миллиард теңге келесі жылы игерілуі тиіс. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына 208,8 миллиард теңге бағыттау ұсынылады, оның ішінде 125,2 миллиард теңге келесі жылдың үлесіне көшеді. Ал агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы бойынша 2018 жылға қаржы қызметтерінің қолжетімділігін арттыру (субсидиялар), су шаруашылығы мен ветеринарияны дамыту, фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына 195 миллиард теңге қарастырылған. Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңін іске асыруға 232,9 миллард теңге сомасы көлеміндегі шығындар қарастырылып, оның ішінде 2018 жылға - 76,1 миллиард теңге бөлініп отыр. 2018 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 292,6 миллиард теңге бағытталады. Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және ішкі тұрақтылықты қолдауға жұмсалатын шығындар 2018 жылы 1 088,9 миллиард  теңгені құрайды. Бақыт Сұлтанов атап өткендей, республикалық бюджет тапшылығы ЖІӨ қатысты 2018 жылы 1,1 пайыздан 2019-2020 жылдары 1 пайызға дейін төмендетілді, бұл мемлекеттік қарыз көлемін орташа деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Заң жобасын Үкімет мүшелері қолдады. Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына биылғы жылдың қыркүйек айында ұсынылады. Осы отырыста Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов алдағы 5 жылдың экономикалық даму болжамын жариялады. Мұнай өндіру көлемі 2018 жылы 86 миллион тоннадан, 2022 жылы 88,6 миллион тоннаға артады. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан 2022 жылы 4,7 пайызға дейін төмендейді. 2018 жылы экспорт көлемі 47,5 миллиард долларды құраса, 2022 жылы 60,6 миллиард долларға дейін өседі. Министрдің айтуынша, үш сценарий қарастырылған. Біріншісі, оптимистік көзқарас – мұнай бағасы 55 доллар, екінші пессимистік көзқарас – мұнай бағасы 35 доллардан болады. Ал Қазақстанда Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2018-2020 жылдарға арналған бюджет параметрлерін қалыптастыруға негіз ретінде мұнай бағасын барреліне 45 доллар деген базалық сценарий әзірленген.

Серіктес жаңалықтары