Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында айтылған отандық өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде 2026 жылы елімізде жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа кәсіпорын іске қосылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсіп, оң динамика көрсетті. Салаға серпін беретін маңызды бағыттардың бірі – жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа жобаны іске қосу», — деді министр.
Министрдің айтуынша, барлық жобаларды жүзеге асыру 17 мыңнан астам жұмыс орнын, оның ішінде ауылдық жерлерде 5,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобалар толық қуатына шыққан жағдайда, жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады.
«Жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайтын 125 жоба іске қосылды. Қалған жобалар аяқталуға жақындап, іске қосуға дайындалуда. Айта кету керек, бұл жобалар Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін игеруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында теміржол бандаждары, доңғалақтар, престеу жабдықтары, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар бар», — деді министр.
Мемлекеттік қолдау шараларын нақты өндіріске бағыттауда Қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімі маңызды рөл атқарады. Бүгінде Тізілімде 50 мыңнан астам өтінім қаралып, 2,6 мыңға жуық отандық өндіруші мен олардың 72 мың тауары тіркелді. Тізілімнің негізгі сатып алу алаңдарымен бірігуі нәтижесінде жыл басынан бері 94 мың сатып алуда отандық өнімге басымдық берілді.