Алматы облысында мал ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топ ұсталды

/
Алматы облысында мал ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топ ұсталды
polisia.kz

Ішкі істер министрлігі мал ұрлығының алдын алу, қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау, сондай-ақ азаматтарға келтірілген залалды өтеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

2026 жылдың 14 қарашасында ІІМ-нің криминалдық полиция қызметкерлері Алматы облысы Жамбыл ауданында ірі және ұсақ мал ұрлығының бірнеше дерегіне қатысы бар деген күдікпен екі топты ұстады. Төрт күдіктінің мал ұрлығының сегіз дерегіне қатысы бар екені анықталды.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес олар 20 бастан астам ірі қара мен 47 қойды ұрлаған. Қаскөйлер ауылдық жерлерде еркін жайылымда жүрген малды ұрлап, кейін оны тірідей жергілікті ауыл тұрғынына сатып отырған.

Үш адамнан құралған тағы бір топ шаруа қожалығының аумағына заңсыз кіріп, қорадан 21 бас ұсақ малды ұрлады деген күдікке ілінді. Ұрланған барлық мал тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды.

Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Жалпы жыл басынан бері Алматы облысында мал ұрлығы 36%-ға азайған. Полиция 80-нен астам мал ұрлығы дерегін ашып, 75 күдіктіні, оның ішінде 14 қылмыстық топтың мүшелерін ұстады. Заңды иелеріне 400-ден астам мал қайтарылып, 150 млн теңгеден астам шығын өтелді.

Республика көлемінде жыл басынан бері мал ұрлығына қатысы бар 566-ға жуық адам ұсталды. Олардың қатарында 142 қылмыстық топтың мүшелері бар. 4 мыңнан астам мал иелеріне қайтарылып, 800 млн теңгеден астам шығын өтелді.

ІІМ әрбір азаматтың мүлкі заңмен қорғалатынын атап өтеді. Азаматтардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ жасалған қылмыс үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету, полиция қызметінің басым бағыттары болып қала береді.

"Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында мал ұрлығына қарсы жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары