Президент Жолдауда педагог мәртебесін көтеруді ұлттық дамудың стратегиялық бағыты ретінде көрсетті – профессор

/
Президент Жолдауда педагог мәртебесін көтеруді ұлттық дамудың стратегиялық бағыты ретінде көрсетті – профессор

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда жариялаған Жолдауында жоғары білім мен адам капиталын дамытуға айрықша тоқталды. Философия ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Құрманалиеваның айтуынша, Жолдауда Қазақстан болашағы білім мен ғылымға сүйенетін мемлекет ретінде сипатталған. Мемлекет басшысының ғылыми қауымдастықтың әлеуетін елдің ұзақ мерзімді даму міндеттерін шешуге кеңінен пайдалану қажеттігі туралы ұстанымы ғылымды тек академиялық орта шеңберінде қарастыратын дәстүрлі түсініктен әлдеқайда кең мағынаға ие, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты биылғы Жолдауында мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат ретінде қоғамдық өмірдің барлық саласына, соның ішінде білім мен ғылым жүйесіне тікелей назар аударылды. Жолдауда экономикалық реформалар, әлеуметтік саясат, цифрландыру, инфрақұрылым және мемлекеттік басқару мәселелері кеңінен қамтылумен қатар, оның түпкі өзегінде адам капиталының сапасын арттыру идеясы жатыр. Қазіргі әлемде мемлекеттің қуаты табиғи ресурстар көлемімен емес, білім деңгейімен, ғылыми әлеуетімен және инновациялық мүмкіндіктерімен анықталады. Осы тұрғыдан алғанда жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың маңызы бұрынғыдан да арта түсуде.

Жолдауда көтерілген мәселелердің ішінде университеттер қызметіне және жоғары білім беру жүйесіне тікелей қатысты бес бағыт ерекше назар аудартады. Олар: ғылымға негізделген мемлекет қалыптастыру, жасанды интеллект дәуіріне қажетті кадр даярлау, мұғалім мәртебесін көтеру, инклюзивті білім беруді дамыту және оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Бұл бағыттардың барлығы өзара байланысты және елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға бағытталған тұтас жүйені құрайды.

Жолдауда Қазақстанның болашағы білім мен ғылымға сүйенетін мемлекет ретінде сипатталады. Мемлекет басшысы ғылыми қауымдастықтың әлеуетін елдің ұзақ мерзімді даму міндеттерін шешуге кеңінен пайдалану қажеттігін атап көрсетеді. Бұл ұстаным ғылымды тек академиялық орта шеңберінде қарастыратын дәстүрлі түсініктен әлдеқайда кең мағынаға ие.

Университеттердің қоғамдағы рөлін бағалауда соңғы онжылдықтарда түбегейлі өзгерістер орын алды. Бұрын жоғары оқу орындары көбіне маман даярлайтын мекеме ретінде қарастырылса, қазіргі кезеңде олар жаңа идеялар мен инновациялар қалыптастыратын орталыққа айналуда. Сондықтан Жолдауда ғылымның маңызын ерекше атап көрсету кездейсоқ емес. Бұл көзқарас ғылыми зерттеулерді ұлттық дамудың маңызды тетігі ретінде мойындауды білдіреді», – дейді ол.

Маман Қазақстан үшін мұндай бағыттың өзектілігін бірнеше фактормен түсіндірді.

«Біріншіден, жаһандық экономика шикізатқа тәуелді мемлекеттерден білімге негізделген экономика қалыптастырған елдерге басымдық бере бастады. Екіншіден, жаңа технологиялардың қарқынды дамуы ғылыми зерттеулердің маңызын бұрынғыдан да арттырды. Үшіншіден, күрделі қоғамдық мәселелердің тиімді шешімі көбіне ғылыми талдау мен сараптамаға сүйенеді.

Қоғамдық тұрғыдан алғанда ғылымға негізделген мемлекет құру идеясының маңызы өте зор. Ғылыми ойлау мәдениетінің дамуы қоғамда рационалды шешім қабылдау дәстүрін қалыптастырады. Сонымен қатар ғылыми зерттеулердің күшеюі жаңа технологиялардың, инновациялық өндірістердің және интеллектуалдық өнімдердің пайда болуына жол ашады. Бұл өз кезегінде елдің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.

Университеттер осы үдерістің негізгі қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Өйткені жоғары білім беру ұйымдары білім берумен қатар ғылыми зерттеу жүргізеді, сарапшы кадрлар даярлайды және ұлттық зияткерлік элитаны қалыптастырады. Сондықтан Жолдаудағы ғылымға басымдық беру идеясы жоғары білім жүйесінің стратегиялық маңызын арттыратын маңызды қадам ретінде бағалануы тиіс.

Жолдауда ерекше назар аударылған бағыттардың бірі цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын дамыту болды. Қазіргі таңда әлемдік дамудың негізгі трендтерінің бірі ретінде танылған жасанды интеллект мемлекеттік басқарудан бастап өнеркәсіпке, денсаулық сақтау мен білім беруге дейінгі барлық салаларға ықпал етуде. Президент бұл мәселеге тоқтала отырып, цифрлық технологияларды пайдалану деңгейінен оларды дамыту мен өндіру деңгейіне көшу қажеттігін көрсетеді. Бұл міндет жоғары оқу орындарының қызметіне жаңа талаптар қояды», – дейді ол.

Оның ойынша, мұндай жағдайда университеттер ең алдымен өзінің білім беру бағдарламаларын қайта қарауға мәжбүр болады. Өйткені еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың сипаты өзгеріп келеді.

«Бұрын жеткілікті болған кәсіби дағдылар ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуы жағдайында өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Сондықтан жоғары білім беру жүйесінің міндеті тек қазіргі еңбек нарығының қажеттіліктеріне жауап беру емес, болашақтағы өзгерістерге бейімделе алатын мамандар даярлау болуы керек.

Жасанды интеллект дәуірінде техникалық білім ғана жеткіліксіз. Университеттер математиканы, бағдарламалауды, деректерді талдауды, киберқауіпсіздікті және цифрлық сауаттылықты гуманитарлық салалармен ұштастыра отырып оқытуы қажет. Себебі жаңа технологиялар тек техникалық мәселе емес, сонымен қатар әлеуметтік, құқықтық және этикалық өлшемдерге де ие. Бұл бастаманың қоғам үшін маңызы ерекше. Егер мемлекет тек шетелдік технологияларды пайдаланушы болып қалса, онда технологиялық тәуелділік күшейеді. Ал егер өз мамандарын дайындап, инновациялық экожүйе қалыптастыра алса, технологиялық егемендікке қол жеткізеді. Сондықтан Жолдауда көтерілген жасанды интеллект мәселесі тек цифрландыру туралы емес, Қазақстанның болашақтағы өркениеттік бағыты туралы мәселе.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында бұл біздің келер болашақ ұрпақ алдындағы міндеттелген жауапкершілікпен байланыстырды: «Қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек». Бұл пайымдау бойынша жоғары білім мен ғылымның дамуындағы стратегиялық маңызын айқындайды. Себебі, технологиялық аспект тұрғысынан дамушы мемлекет қатарында болу үшін ең бастысы ғылыми жаңалықтар ашуға, озық технологияларды меңгеруге және инновациялық бастамаларды жүзеге асыруға қабілетті мамандар қажет екені сөзсіз. Жоғары оқу орындарының басты қызметі еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлаумен ғана шектелмеуі тиіс. Олар жаңа ғылыми идеяларды, жаңа технологияларды, жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыра алатын қоғамның инеллектуалдық бөлігін дамытуға бағыттау керек», – дейді ол.

Бұл орайда профессор білім беру жүйесінің алдында тұрған бірнеше міндетті атап өтті.

«Бұл ретте жоғары білім беру жүйесінің алдында бірнеше өзара байланысты міндет тұр: білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін күшейту, халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту, университет ғылымын экономиканың нақты секторымен байланыстыру және студенттердің шығармашылық әрі сыни ойлау қабілетін қалыптастыру. Түптеп келгенде, егемендіктің болашағы тек мемлекеттің материалдық ресурстарына емес, сол ресурстарды тиімді игере алатын ұлттың ақыл-ой қуатына да тәуелді.

Қазіргі кезеңде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі тек өндіріс көлемімен немесе қаржы ресурстарымен емес, азаматтарының жаңа білімді қаншалықты тез меңгеретінімен, өзгерістерге қаншалықты бейімделетінімен және интеллектуалдық әлеуетін қаншалықты тиімді пайдалана алатынымен де анықталады. Бұл сапалы мамандарды дайындауда білім беру жүйесіне артылатын жүктің салмағын да байқатып тұр: Жолдауда Мемлекет басшысы педагогтің басты міндеті сапалы білім беру екенін ерекше атап көрсетті. Бұл ұстаным білім беру жүйесінің тиімділігін бағалаудағы маңызды әдіснамалық өзгерісті білдіреді. Кез келген білім беру реформасының табысы мұғалім тұлғасымен тікелей байланысты. Заманауи мектеп ғимараттары, жаңа оқулықтар немесе цифрлық платформалар мұғалімнің кәсіби деңгейін алмастыра алмайды. Сондықтан педагог мәртебесін көтеру мәселесі тек әлеуметтік қолдау көрсету шарасы емес, ұлттық дамудың стратегиялық міндеті ретінде қарастырылуы тиіс», – дейді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары