Президент Жолдауы білікті ғылыми кадрларды сақтап қалу міндетін жүктейді – Лаура Қарабасова

/
Президент Жолдауы білікті ғылыми кадрларды сақтап қалу міндетін жүктейді – Лаура Қарабасова

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда жариялаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттер» атты Жолдауында елімізге мықты ғалымдар әрдайым қажет екенін айтқан болатын. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Лаура Қарабасова ғалымдардың жаңа буынын қалыптастырып, білікті кадрларды салада сақтап қалу үшін ғылым нәтижелерін нақты тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін тұтас әрі тиімді ғылыми экожүйе қалыптастыру қажеттігін айтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы маңызды идеялардың бірі – еліміздің болашағын білімге, ғылымға, инновацияға және жасампаз еңбекке негіздеу. Бұл бағыттар Жолдаудың өн бойынан көрініс тауып, алдағы жылдарға арналған ауқымды мемлекеттік міндеттердің мәні мен мазмұнын айқындайды. Жаңа тарихи кезеңде Қазақстанның алдында ауқымды міндеттер мен стратегиялық мақсаттар тұр. Оларды жүзеге асыруда ғылымның рөлі ерекше. Сондықтан елдің ұзақ мерзімді дамуына қатысты кез-келген стратегиялық шешім ғылыми негізге сүйеніп, жан-жақты зерттеулер мен нақты деректерге негізделуі тиіс. Мемлекет басшысы өз Жолдауында елімізге мықты ғалымдар әрдайым қажет екенін атап өтті. Бұл, ең алдымен, бізге ғалымдардың жаңа буынын қалыптастыру және білікті ғылыми кадрларды салада сақтап қалу міндетін жүктейді. Ал оған қол жеткізудің негізгі шарты – ғылым мен зерттеушілердің әлеуетін дамытуға, ғылым нәтижелерін нақты тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін тұтас әрі тиімді ғылыми экожүйе қалыптастыру. Бұл ретте мемлекет, бизнес, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары, салалық министрліктер және басқа да мүдделі тараптар өзара үйлесімді әрекет етіп, ортақ мақсат пен нәтижеге жұмыс істеуі қажет», – дейді ол.

Депутаттың айтуынша, қолданбалы ғылымды дамыту үшін ғылыми экожүйенің барлық қатысушылары үйлесімді жұмыс істеуі қажет.

«Мемлекет өз тарапынан ғылымды дамыту үшін қажетті заңнамалық негізді қалыптастыру және қаржыландыру функцияларын атқарып келеді. Ал қолданбалы ғылымды дамыту үшін ғылыми экожүйенің барлық қатысушыларының үйлесімді жұмысы қажет. Атап айтқанда, салалық министрліктер өз бағыттары бойынша нақты технологиялық қажеттіліктерді айқындап, ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізуге жауапты болуы тиіс. Ал бизнес отандық ғылыми зерттеулерге сұраныс қалыптастырып, жаңа технологияларға тапсырыс беруге және оларды өндіріске енгізуге мүдделі болуы керек. Қазіргі таңда осы өзара байланыстың толыққанды жолға қойылмағанын көріп отырмыз. Университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары өз құзыреті шеңберінде зерттеулер жүргізіп, әзірлемелер ұсынғанымен, ғылым, өндіріс және бизнес арасындағы байланыс әлі де жеткілікті деңгейде дамымаған. Сондықтан мәселе тек ғылымды қосымша қаржыландыруда емес, ғылыми зерттеулерге нақты сұраныс қалыптастыруда, олардың нәтижелерін енгізуде және осы процестің барлық кезеңінде ортақ жауапкершілікті қамтамасыз етуде», – дейді ол.

Оның пайымынша, ғалымдар өз әлеуетін толық жүзеге асыра алатын, жаңа идеяларын еркін дамытып, әріптестерімен бірлесіп зерттеу жүргізе алатын қолайлы академиялық орта құру аса маңызды.

«Ғылыми экожүйенің тұрақты жұмыс істеуі үшін ғалымдарға қолайлы академиялық орта қалыптастыру да аса маңызды. Өйткені ғалым үшін тек қаржы ғана емес, зияткерлік орта, кәсіби еркіндік, ұймдағы өзіне деген сенім мен құрмет, сондай-ақ ғылыми команда құрып, заманауи зертханаларды дамыту мүмкіндігі де үлкен рөл атқарады. Ғалымдар өз әлеуетін толық жүзеге асыра алатын, жаңа идеяларын еркін дамытып, әріптестерімен бірлесіп зерттеу жүргізе алатын ортаға ұмтылады. Екінші маңызды мәселе – ғылымды тұрақты әрі жүйелі қаржыландыру. Ғылыми зерттеулер үздіксіздікті және ұзақ мерзімді жоспарлауды талап етеді. Сондықтан ғылыми конкурстардың мерзімдері алдын ала нақты белгіленіп, олардың қорытындылары мен қаржыландыру туралы шешімдер уақытылы қабылдануы қажет. Бұл ғылыми командалардың тұрақтылығын сақтауға, жас зерттеушілерді ғылымға тартуға және перспективалы жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осындай қолайлы академиялық орта мен тұрақты қаржыландыру қалыптасқан жағдайда ғана біз ғылыми кадрлардың әлеуетін сақтап, жаңа буын ғалымдарын тәрбиелеп, Қазақстан ғылымының елдің экономикалық және технологиялық дамуына нақты үлес қосуына жағдай жасай аламыз», – дейді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар