Әлеуметтік желіде Ұлттық ұланның патрульдеуші жасақтарына әскери сәлем беріп, көпшіліктің ықыласына бөленген бес жасар Маханбет Болат 5573 әскери бөлімінде қонақта болды. Анасы Назгүл Рахметовамен бірге келген бүлдіршін елордалық ұландықтардың тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Маханбеттің жұлдызды оқиғасы балабақшадан үйіне қайтып келе жатқан сәтте басталған. Көшеде Ұлттық ұланның әскери жасақтарын көрген ол тоқтап, әскери сәлем беріпті. Анасы осы сәтті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Бейнежазба көп қаралым жинап, ұландықтардың да назарын аударды.

Әскери бөлімде Маханбетті командир Жандар Әшірбеков қарсы алды. Оған әскери техниканы көрсетіп, қызметтің ерекшеліктерін таныстырды. Сондай-ақ қызметтік иттермен танысып, олардың жұмысын тамашалады. Әсіресе төрт аяқты көмекшілер бүлдіршінге ерекше ұнады. Одан соң Маханбетке күрең түсті жейде, берет және естелік сыйлық табыс етілді.
– Ұлым әскери киім киген адамдарды қатты жақсы көреді. Көшеде әскери қызметшіні көрсе, бірден әскери сәлем береді. Сол күні де балабақшадан қайтып келе жатып, ұландықтарды кездестірдік. Мен осы сәтті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жарияладым. Мұндай қолдау болады деп ойламадым. Ұлымның әрекетін байқап, әскери бөлімге шақырғандары біз үшін үлкен қуаныш, – деді Назгүл Рахметова.
Кездесу соңында Маханбет қоғамдық тәртіпті сақтау қызметіне кірісуге дайындалып жатқан әскери қызметшілерге сәлем берді. Осылайша бүлдіршін ұландықтардың күнделікті қызметін өз көзімен көрді.