Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Қазақстанда бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатқанын, мұндай нысандарды бір мезетте салу тәжірибесі ел тарихында бұрын-соңды болмағанын баса айтқан-тын. Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, таяуда Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады. Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарай ауданының кәсіпкері Дәурен Қалибеков өңірде әуежайдың ашылуы ауданның экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтетін стратегиялық қадам деп санайды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды міндеттерді айқындайды. Экономиканы нығайту, кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы бастамалар, әсіресе, өңірлер үшін ерекше маңызға ие.
Катонқарағай ауданы – табиғи байлығы мол, туристік әлеуеті жоғары, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған өлке. Алайда осы мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін заманауи инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және аудан экономикасына жаңа инвестициялар тарту қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер ауданымыздың болашақ дамуымен тығыз байланысты.
Бүгінде Катонқарағай ауданы үшін маңызды жобалардың бірі – салынып жатқан әуежай құрылысы. Кәсіпкер ретінде бұл бастаманы ауданның экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтетін стратегиялық қадам деп санаймын. Әуежайдың іске қосылуы көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, туризмнің дамуына, жаңа кәсіпкерлік бағыттардың қалыптасуына және инвестициялық тартымдылықтың артуына ықпал етеді», – деді ол.
Оның айтуынша, Қатонқарағайдың көркем табиғаты, тарихи-мәдени мұрасы мен экотуризмді дамытуға қолайлы жағдайлары туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді. Дегенмен, туристік әлеуетті тиімді пайдалану үшін ауданға келуді жеңілдететін қолайлы көлік қатынасы аса маңызды. Әуе қатынасының жолға қойылуы еліміздің басқа өңірлерінен және шетелден келетін қонақтар үшін ауданымыздың қолжетімділігін арттырып, туристік қызметтерге деген сұраныстың өсуіне жол ашады.
«Туристер санының артуы қонақүйлердің, демалыс орындарының, қоғамдық тамақтану нысандарының, көлік қызметтері мен экскурсиялық бағыттардың дамуына оң әсерін тигізеді. Бұл – жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер, ал аудан тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындары мен тұрақты табыс көзі. Әсіресе, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасалып, жастардың туған жерінде еңбек етіп, өз кәсібін ашуына мүмкіндік көбейеді деп сенемін.
Сонымен қатар Катонқарағай ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Мал шаруашылығы, бал өндіру, марал шаруашылығы және табиғи өнімдер өндірісі аудан экономикасының маңызды бағыттары болып табылады. Бұл салалардың одан әрі дамуы үшін өнімді өткізу нарықтарын кеңейту, өңдеу кәсіпорындарын ашу және логистикалық мүмкіндіктерді жетілдіру қажет. Әуежай құрылысы аясында көлік инфрақұрылымының кешенді дамуы аудан кәсіпкерлерінің іскерлік байланыстарын нығайтуға, туристік қызметтер мен жергілікті өнімдерді кеңінен танытуға қосымша жағдай қалыптастырады», – деді Д. Қалибеков.
Кәсіпкер ірі инфрақұрылымдық жобалардың тиімділігі олардың аудан тұрғындарына әкелетін нақты пайдасымен өлшенуге тиіс екенін айтты.
«Сондықтан әуежай құрылысы аяқталғаннан кейін туристік нысандарды дамыту, жол сапасын жақсарту, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және жергілікті кәсіпкерлердің жобаларын қолдау жұмыстары қатар жүргізілгені маңызды. Сонда ғана бұл бастама ауданның ұзақ мерзімді экономикалық дамуына қызмет етіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Кәсіпкерлік – өңір экономикасының қозғаушы күштерінің бірі. Ал мемлекет тарапынан жасалған қолайлы жағдайлар мен жаңа инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – әрбір кәсіпкердің жауапкершілігі. Біз де өз тарапымыздан жаңа бастамаларды қолдап, жергілікті өнімдерді ілгерілетуге, қызмет көрсету сапасын арттыруға және ауданның экономикалық әлеуетін дамытуға үлес қосуға дайынбыз.
Ел дамуына бағытталған бастамаларды қолдау – ортақ жауапкершілік. Ал сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, оларды халық игілігіне айналдыру – баршамыздың міндетіміз. Катонқарағай ауданының табиғи байлығы мен кәсіпкерлік әлеуетін ұштастыра отырып, өңіріміздің өркендеуіне және келер ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бірге үлес қосамыз деп сенемін», – деді ол.