Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы дамытуға, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар бастаманы ұсынды. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Esti Bol Qory» қоғамдық қорының төрағасы Жандос Ақтаев осы бастамалардың маңызы мен ел дамуына ықпалы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Президент Жолдауының басым бөлігі экономикалық мәселелерге арналса да, оның түпкі мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Жолдаудың негізгі мәнін Президенттің «Мемлекет әрекетінің басты бенефициары – Қазақстан халқы» деген сөзі айқын көрсетеді», – деді Жандос Ақтаев.
Сондай-ақ ол алдағы уақытта жүзеге асырылатын заңнамалық өзгерістер мен әлеуметтік-экономикалық бастамалардың маңызына тоқталды.
«Алдағы кезеңде азаматтарды жаңа Азаматтық кодекс, Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер, бизнеске арналған преференциялар, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және цифрландырудың жаңа кезеңі күтіп тұр. Бұл бастамалардың барлығы елдің экономикалық әлеуетін арттыруға және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған», – деді Жандос Ақтаев.