Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Нұрбақыт Теңізбаев бұл бастаманың өңірлердің инфрақұрылымын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыруға және спорт саласын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтып жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау ұсынысы еліміздің инфрақұрылымын дамытуға тың серпін беретін маңызды бастама деп санаймын.
Президент «Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге белсенді түрде кірісеміз» деп атап өтті.
Бұл бастама халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлер арасындағы даму алшақтығын азайтуға және азаматтарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жолдарды жаңарту, әуежайлар мен вокзалдарды дамыту, медициналық мекемелер салу, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтарын ашу – қоғам үшін аса маңызды міндеттер.
Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту аясында спорт саласына да ерекше көңіл бөлінуі қажет. Заманауи спорт кешендері мен алаңдарын көбейту, ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру – бұқаралық спортты дамытуға және өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына жол ашады. Спортқа салынған инвестиция – ұлт денсаулығы мен болашағына салынған инвестиция.
Депутат ретінде бұл бастамаларды қолдай отырып, инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуына, бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына және нысандардың халық игілігіне қызмет етуіне баса мән беру маңызды деп есептеймін.
Ел игілігіне бағытталған ауқымды құрылыс жұмыстары өңірлердің дамуына серпін беріп, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етсін!», – дейді Құрылтай депутаты.