Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Уәлихан Ахатов мемлекеттік басқару жүйесін реформалау заман талабынан туындап отырғанын, мемлекеттік басқарудың басты мақсаты – қоғамның сұранысына жауап беру екенін, осы тұрғыдан алғанда бұл мәселенің Жолдау арқылы дер кезінде көтерілгенін айтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесін реформалау, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және цифрлық технологияларды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Жаңа Конституцияның күшіне енуі – еліміздің саяси жүйесін жаңғыртып, мемлекеттік басқару саласына жаңа талаптар қойып отыр. Бұл өзгерістер мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіруді, басқару құрылымын қайта қарауды және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруды қажет етеді. Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейін, мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде тиімділік пен нәтижелілік басты басымдыққа айналуға тиіс. Мемлекеттік аппараттың жұмысы нақты нәтижелерге бағытталып, әрбір мемлекеттік қызметкер өзіне жүктелген міндеттерді сапалы әрі жауапкершілікпен орындауы маңызды. Сонымен қатар цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану, мемлекеттік органдардың бастамашылдығын қолдау және дербес шешім қабылдау қабілетін дамыту – заман талабынан туындаған маңызды міндеттер. Заманауи технологияларды тиімді енгізу мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, басқару үдерістерінің ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын жүзеге асыру – мемлекеттік институттарды заман талабына сай жетілдіруге, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға бағытталуы тиіс. Бұл ретте мемлекеттік басқарудың басты мақсаты – қоғамның сұранысына жауап беру, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және елдің тұрақты дамуына жағдай жасау», – дейді ол.