12-31 қазан аралығында Абай облысында мал ұрлығының алдын алу, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларының сақталуын бақылау және заңсыз айналымдағы қару-жарақты анықтау мақсатында "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өңірде тәулік бойы жұмыс істейтін 15 бақылау бекеті ұйымдастырылған. Оларға 169 полиция қызметкері мен ветеринария саласының 36 маманы жұмылдырылды.
Іс-шара басталғалы бері ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзудың 162 дерегі анықталды. Сонымен қатар 33 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша материалдар кінәлі тұлғаларды жауаптылыққа тарту үшін ветеринариялық қызметтерге жолданды.
Бұдан бөлек, заңсыз айналымнан 10 бірлік тегіс ұңғылы атыс қаруы анықталып, тәркіленді. Іс-шараның негізгі мақсаты – мал ұрлығының алдын алу, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу мен жаю тәртібін бақылау, заңсыз қару айналымына тосқауыл қою және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға, малды қараусыз қалдырмауға және құқық бұзушылықтар туралы ақпарат болған жағдайда полицияға хабарлауға шақырады.