Үндістанда теңіз түбінен көне қаланың іздері табылды

/
Үндістанда теңіз түбінен көне қаланың іздері табылды
magnific.com

Үндістанның Тамилнад штатында жүргізілген суасты археологиялық зерттеулер кезінде көне Пумпухар қаласына тиесілі болуы мүмкін жәдігерлер табылды. Ғалымдар бұл олжалар аңыздар мен көне поэмаларда сипатталған портты қаланың бір бөлігі теңіз түбіне кеткенін көрсетуі мүмкін деп есептейді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу жұмыстары қазіргі жағалаудан шамамен 1,8–2,2 шақырым қашықтықта, 10–12 метр тереңдікте жүргізілген.

Археологтар теңіз түбінен бірнеше саз балшық құдықтың қалдықтарын, Батыс Азияға тән қыш ыдыс бөлшектерін және ірі тас пен кірпіштен тұрғызылған құрылыс нысанының іздерін тапқан.

Мамандардың болжамынша, табылған тас құрылымдар ежелгі айлақтың немесе порт инфрақұрылымының бір бөлігі болуы мүмкін.

Қыш ыдыс бөлшектері Пумпухардың ерте кезеңнің өзінде Батыс Азиямен сауда байланысы болғанын көрсетуі ықтимал. Ал су астынан анықталған құдықтар бұл аумақта бір кездері адамдар тұрақты өмір сүргенін аңғартады.

Ғалымдар қаланың жағалауға жақын бөлігінің су астында қалуын теңіз деңгейінің көтерілуі және тектоникалық процестермен байланыстырады.

Пумпухар қандай қала болған?

Пумпухар туралы мәліметтер көне тамиль әдебиетінде бірнеше рет кездеседі. Ежелгі шығармаларда ол Чола әулеті дәуіріндегі ірі әрі гүлденген портты қала ретінде сипатталған.

Поэмаларда Пумпухарға алыс елдерден кемелер келіп, саудагерлер түрлі тауар әкелгені айтылады.

Археологтардың қазіргі олжалары әдеби деректерде сипатталған қаланың шын мәнінде болғанын толық дәлелдеп тастады деуге әлі ерте. Дегенмен су астынан табылған құдықтар, қыш ыдыстар мен құрылыс іздері Пумпухардың жағалау сызығы қазіргіге қарағанда әлдеқайда әріде болғанын көрсететін маңызды археологиялық айғақ ретінде қарастырылып отыр.

Зерттеушілер алдағы экспедициялар теңіз түбіндегі құрылыстардың нақты көлемі мен жасын анықтауға мүмкіндік береді деп үміттенеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар