Индонезияда 100 метрлік шахтаны су басып, 13 кенші жоғалып кетті

/
Индонезияда 100 метрлік шахтаны су басып, 13 кенші жоғалып кетті
Euronews

Индонезияда нөсер жауын салдарынан алтын өндіретін шахтаны су басып, 13 кенші із-түссіз жоғалып кетті. Құтқарушылар жер астында қалған адамдарды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға ел астанасы Джакартаның оңтүстігіндегі таулы аймақта орналасқан Богор өңірінде болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, дүйсенбі күні кешке толассыз жауған жаңбырдан Чисеуреух өзені арнасынан асып, су заңсыз жұмыс істеп тұрған алтын шахтасына құйылған.

Шахтаның тереңдігі шамамен 100 метрді құрайды. Апат болған сәтте жер астында кеншілер алтын өндіріп жатқан. Олардың бірнешеуі шахтаның бір бөлігінен дер кезінде шығып үлгерген. Алайда 13 адам із-түссіз жоғалған.

Бастапқыда жергілікті тұрғындар мен кеншілер суды өз күштерімен сорып шығаруға тырысқан. Алайда су деңгейі көтеріліп, жағдай күрделене түскеннен кейін құтқарушылардың көмегі қажет болған.

Қазіргі уақытта мамандар суасты сорғыларының көмегімен шахтадағы суды сыртқа шығарып жатыр. Сонымен қатар жер асты сулары кіретін саңылауларды бітеу жұмыстары жүргізілуде. Құтқару қызметінің өкілі Десиана Картика Бахаридің мәліметінше, бейсенбі күні іздестіру жұмыстарына 325 қызметкер жұмылдырылған. Олар бір-біріне жақын орналасқан екі шахтада жұмыс істеп, арқанмен түсу әдістерін қолдануда.

Жергілікті полиция шахтада адамдардың қалып қойғаны туралы алғашқы хабарды су басқаннан кейін шамамен 16 сағат өткенде алған. Кейін жақын маңдағы мемлекеттік тау-кен компаниясы Джакартаның іздестіру-құтқару агенттігіне ресми хабарлама жолдаған. Осыдан кейін ауқымды құтқару операциясы басталды.

Индонезияда пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру кең таралған. Мұндай шахталарда жұмыс істейтін адамдар көшкін, су басу және жерасты өткелдерінің опырылуы сияқты қауіптерге жиі ұшырайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар