Түркияның Стамбұл қаласында тұрғындарды дүрліктірген оқиға күтпеген жерден аяқталды. Жергілікті тұрғындар арыстанға ұқсайтын жыртқышты көргенін хабарлаған соң, полиция мен арнайы қызметтер екі күн бойы іздеу жұмыстарын жүргізген. Алайда қауіпті жануар деп қабылданған тіршілік иесі кәдімгі мысық болып шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға Стамбұлдың Сарыер ауданындағы Ускумрукөй елді мекенінде болған. Жексенбі күні кешке тұрғындардың бірі көшеде арыстанға ұқсайтын ірі жануар жүргенін байқаған. Осыдан кейін құзырлы органдарға хабар беріліп, жыртқышты іздеу шаралары басталған.
Жергілікті мухтар, яғни ауданның сайланбалы өкілі алғашында бұл жануардың арыстан екеніне сенімді болған.
"Бұл біреудің үйінде асыраған арыстан екені анық. Оның үй жануары болғаны көрініп тұр", – деген ол бастапқы мәлімдемесінде.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция, жандармерия және табиғатты қорғау қызметінің өкілдері іздеу жұмыстарын жүргізген. Мамандар орманды аумақты жылу камераларымен жабдықталған дрондар арқылы тексерген. Сонымен қатар жерге қозғалысты анықтайтын камералар мен арнайы тұзақ-жемдер орнатылған.
Іздеу шаралары кезінде Белград орманына жаяу жүргіншілер мен автокөліктердің кіруіне уақытша шектеу қойылған. Қауіпсіздік қызметкерлері орманға келген тұрғындарды кері қайтаруға мәжбүр болған.
Кейін мамандар жануар түсірілген бейнежазбаларды әртүрлі ракурстан мұқият зерттеген. Нәтижесінде кадрдағы жануардың арыстанға немесе басқа да ірі жыртқыштарға жатпайтыны анықталған. Сөйтіп, екі күн бойы іздеу жұмыстарына себеп болған жануардың кәдімгі үй мысығы екені белгілі болды. Осы жағдайдан кейін жергілікті мухтар іздеу операциясының не себепті ұйымдастырылғанын түсіндірген.
"Біз хабарламаларды негізсіз жариялаған жоқпыз. Әрбір ақпаратқа байыппен қараймыз", – деді ол.