Мысырда жанармай таситын көлік аударылып, 30-дан астам адам қаза тапты

/
Мысырда жанармай таситын көлік аударылып, 30-дан астам адам қаза тапты

Мысырдың Гиза провинциясында мұнай өнімдерін тасымалдаған автоцистерна жол апатына ұшырап, ірі өрт шықты. Салдарынан кемінде 31 адам қаза тауып, 21 адам жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мысыр Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оқиға сәрсенбі күні Каир қаласының айналма жолына жақын орналасқан Имбаба қаласының Варрак ауданындағы №10 тоннельдің үстінде болған.

Мысыр Мұнай министрлігі бұған дейін жеке компанияға тиесілі автоцистернаның жолдан шығып кетіп, кедергіге соғылғанын және жарылғанын хабарлаған.

Өрт салдарынан алдын ала есеп бойынша 27 көлік, оның ішінде жеңіл автокөліктер мен мотоциклдер жанып кеткен.

Оқиға орнына 39 жедел жәрдем көлігі жіберіліп, зардап шеккендер үш ауруханаға жеткізілді. Денсаулық сақтау министрі Халед Абдельгаффар жақын маңдағы ауруханаларды жоғары дайындық режиміне көшіріп, оқиға орны мен медициналық мекемелерге барған.

Мысыр прокуратурасы жол апаты мен өртке қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Тергеушілер оқиға орнына және ауруханаларға жіберіліп, зардап шеккендерден жауап алу және қаза тапқандардың мәйіттерін тексеру жұмыстарына кірісті.

Сондай-ақ жеке басы әлі анықталмаған екі адамның ДНҚ үлгілерін алу тапсырылды. Қазір мамандар апаттың себебін анықтау үшін көлік қалдықтарын, зақымдану іздерін және оқиғаның мән-жайын зерттеп жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары