Белгілі режиссер Мұрат Есжанның «Қара алтын» фильмі тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарындағы кәсіпкерлік ортаны, мұнай саласының қалыптасу кезеңін және сол уақытта жаңа жол іздеген адамдардың тағдырын арқау етеді. Оқиға құрылыс саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкер Қасым Исағалиевтің мұнай өндірісіне келуінен басталады. Ол геологтар болашағы жоқ, тиімсіз деп бағалаған кен орнын игеруге тәуекел етеді. Бұған дейін мұнай саласында тәжірибесі болмаған Қасымның алдынан лицензия алу, инвестор табу, алғашқы бұрғылау жұмыстарын жүргізу секілді көптеген мәселе шығады. Ақыры, оның ізденісі қазақ даласындағы бұрғылау алаңынан Лондондағы келіссөздерге дейін жалғасады. Фильм шынайы оқиғаларға негізделген.
Сценарий авторы әрі режиссері – Мұрат Есжан, продюсері – Айсәуле Әбіл. Туындыны жасаушылардың мақсаты мұнай өндірудің технологиялық немесе экономикалық қырларын көрсету болмағанын фильмді толық көргенде көзіңіз жетеді. Фильмнен кейіпкердің өз ісін бастауын, түрлі кедергілерден өтуін және адамның өзіне сенімнің қандай күш екенін көресіз. Сондықтан фильмдегі мұнай өндірісі кейіпкердің өміріндегі негізгі арқау болғанымен, шығарманың ауқымы одан әлдеқайда кең.
Оқиғаның астарында кәсіпкерлікке жаңадан бет бұрған тұтас бір буынның тарихы жатыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елдің экономикалық жүйесі түбегейлі өзгерді. Бұрынғы шаруашылық байланыстары өзгеріп, нарықтық қатынастар қалыптаса бастады. Кеше ғана мемлекеттік жүйеде жұмыс істеген адамдардың бір бөлігі жеке кәсіпке көшті. Бірақ ол кезде бизнесті қалай жүргізу керек, капиталды қайдан табу керек, шетелдік серіктеспен қалай жұмыс істеу керек деген сұрақтардың дайын жауабы болған жоқ.
«Қара алтын» осы кезеңді жеке адамның тәжірибесі арқылы көрсетеді.
Қасым Исағалиевтің мұнай саласына келуі де осындай өзгерістің көрінісі. Құрылыс саласында жүрген кәсіпкердің мұнайға бет бұруы сырттай қарағанда күтпеген шешім сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ фильмде бұл қадам жаңа заманның мүмкіндіктерін іздеумен байланыстырылады. Кейіпкер үшін мұнай саласы бұрыннан таныс кәсіп емес. Соған қарамастан, геологиялық бағалаудағы «болашағы бұлыңғыр» деген шешімге күмән келтіріп, кен орнын игеруге кіріседі.
Осы тұста фильм кәсіпкерліктің романтикалық бейнесін ұсынбай, Қасымның жолында бюрократиялық кедергілерді көрсетеді. Мұнай өндіруге рұқсат алу үшін мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздыруға тура келеді. Қаржы мәселесі тағы бар. Ал өндірісті бастау үшін инвестор қажет. Кейіпкердің ағылшын инвесторымен келіссөз жүргізуге дейін баруы оның кәсіби жолының келесі кезеңін көрсетеді.
Оқиғаның осылай құрылуы фильмді тоқсаныншы жылдар туралы қалыптасқан түсініктен өзгеше арнаға бұрады. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы көбіне әлеуметтік күйзеліс, жұмыссыздық, қылмыс пен тұрмыстық қиындықтар арқылы беріледі. «Қара алтын» сол уақыттың экономикалық өзгерістеріне үңіліп, нарықтық қатынастардың алғашқы кезеңінде кәсіп бастауға талпынған адамдардың тәжірибесін көрсетеді.
Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихының маңызды, бірақ көркем шығармада көп қозғала бермейтін қыры.
Өйткені елдің жаңа тарихын саясат пен мемлекеттік құрылым ғана қалыптастырған жоқ. Сол кезеңде өндіріс ашқан, жеке компания құрған, инвестиция іздеген, жаңа нарыққа бейімделген кәсіпкерлер де экономикалық өзгерістердің белсенді қатысушысы болды. Олардың бір бөлігі кейін ірі компаниялардың негізін қалады. Сондықтан жеке кәсіпкерлердің өмір жолы да тәуелсіздіктің экономикалық тарихының бір бөлігі саналады.
Фильмнің осы тұстағы негізгі кейіпке-рі – Қасым Исағалиев.
Оның прототипі ретінде тәуелсіз Қазақстанның алғашқы кәсіпкерлерінің бірі Медғат Құлжановтың өмірі алынған. Дерек бойынша, ол елде алғаш жеке компания ашқан кәсіпкерлердің бірі. Сондай-ақ бизнеске холдинг ұғымын енгізуге үлес қосқан. Кәсіпкерлік қызметімен бірге Абай мен Шәкәрім мұрасын насихаттауға, әлеуметтік жобаларды қолдауға көңіл бөлген.
Кино авторларының көпшілікке кеңінен таныла қоймаған заманауи тұлғаны таңдауында да мән бар. Қазақ киносы тарихи тұлғалардың өміріне жиі жүгінеді. Ал тәуелсіздік жылдарындағы экономикалық өзгерістерге араласқан кәсіпкерлердің тағдыры экранда сирек көрінеді. «Қара алтын» осы олқылықтың орнын аз да болса толықтыруға ұмтылады.
Дегенмен көркем фильмді деректі туындымен шатастыруға болмайды. Қасым Исағалиевтің экрандағы өмір жолы Медғат Құлжановтың өмірбаянын сол күйінде қайталамайды. Нақты адамның тағдыры сценарий талабына сай өзгеріп, оқиғалар бір-бірімен драматургиялық тұрғыдан байланыстырылған. Сондықтан фильмдегі әрбір эпизодты тарихи дерек ретінде қабылдау дұрыс емес.
Мәселен, Қасымның мұнай лицензиясын алу үшін шенеуніктердің есігін жағалап жүруі сол кезеңдегі бюрократиялық ортаны көрсетуге қызмет етеді. Бұл көрініс кәсіпкердің жүйемен арпалысын аңғартқанымен, нақты өмірдегі прототиптің мүмкіндіктері мен байланыстары туралы сұрақ туғызуы мүмкін. Мұндай тұстар көркем шығарма мен өмір шындығының арақатынасын еске салады.
Фильмнің құндылығы да нақты осы аралықтан көрінеді: авторлар белгілі бір адамның өмірін баяндау арқылы тұтас дәуірдің сипатын ашуға тырысқан.
Фильмде Қасымның балалық шағы мен қазіргі өмірі қатар өрбиді. Бүгінгі кейіпкердің қабылдаған шешімдері бала кезінде көргені мен естігеніне байланысып отырады. Осы тәсіл Қасымның мінезін сыртқы әрекеттері арқылы ғана емес, қалыптасқан ортасы арқылы да түсінуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік мекемелердің есігін жағалап жүрген кәсіпкердің үйіне келгенде балаларына «Мақта қыз бен мысық» ертегісін айтып отырғанын көру осы екі әлемді қатар көрсетеді. Бір жерде ол кәсіпкер ретінде күрделі мәселелерді шешуге тырысады, екінші жерде – балаларына ертегі айтатын әке. Мұндай қарама-қарсылық кейіпкердің қоғамдық және отбасылық қырын қатар танытады.
Фильмдегі тағы бір маңызды желі – Шәкәрім мұрасы.
Шәкәрім шығармашылығы оқиғаға қатардағы көркем деталь ретінде енгізілмеген. Қасымның бала кезінде әкесінен Шәкәрім әндерін естуі оның рухани ортасын танытады. Кеңес кезеңінде тыйым салынған әдебиеттің отбасында сақталуы ұлттық жадтың жалғасуын білдіреді. Кейін бұл желі Медғат Құлжановтың Шәкәрім мұрасын жинауға және ақын шығармаларын насихаттауға қосқан үлесімен сабақтасады.
Осылайша, фильмде кәсіпкердің жолы мен рухани мұра бір арнада өрбиді.
Фильм атауының өзі де осы тұрғыдан ойландырады. «Қара алтын» дегенде ең алдымен мұнай еске түседі. Қазақстан экономикасының қалыптасуында мұнайдың орны айрықша. Фильмдегі кен орны, бұрғылау, инвестиция, шетелдік серіктес секілді негізгі оқиғалардың бәрі осы ұғыммен байланысты.
Бірақ туындының соңына қарай бұл атаудың мағынасы кеңейе түседі. Жер астынан алынатын мұнаймен қатар халықтың рухани қазынасы туралы ой алға шығады.
Фильмнің соңында британ композиторы Карл Дженкинстің «Шәкәрім» симфониясының орындалуы осы желіні түйіндейді. Оқиға бойы мұнай, бизнес, инвестиция мәселелері алдыңғы орында болса, финалда Шәкәрімнің есімі мен оның рухани мұрасы басты орынға шығады.
Бұл шешім фильмнің негізгі ойын нақтылай түседі: адамның жетістігін материалдық табыспен ғана бағалау жеткіліксіз.
Қасымның кәсіпкерлік жолы да осы ұстаныммен сабақтас. Ол үшін мұнай өндірісі ақша табудың бір тәсілі емес, белгілі бір іске сеніп, сол істі соңына дейін жеткізуге деген ұмтылыстың көрінісі ретінде беріледі. Оның өміріндегі кәсіп пен ұлттық құндылықтың қатар жүруі фильмнің мазмұнын кеңейтеді.
Кейіпкерді Қуандық Қыстықбай тамаша сомдаған. Фильмде онымен бірге Марат Амираев, Әділ Ахмет, Шыңғыс Капин, Бақытжан Әлпейісов, Мұрат Ахманов, Гүлбахрам Ахат секілді актерлердің ойыны да көңіл қуантарлық.
Қуандық Қыстықбайдың кейіпкері фильмдегі негізгі оқиғалардың барлығына дерлік қатысады. Қасымның батылдығы оның әрекеттерінен анық байқалады. Ол алдын ала шақырылмаған кездесуге барудан, шетелдік инвестор іздеуден, тілдік кедергілерге қарамастан Лондонға барып келіссөз жүргізуден тайынбайды.
Соған қарамастан кейіпкердің сыртқы мінезінен белгілі бір ұяңдық байқалады. Оның әрекеттері батыл болғанымен, экрандағы болмысынан мұндай шешімдерге итермелейтін ішкі қуат толық сезіле бермейтіндей.
Фильмнің қосалқы кейіпкерлерге қатысты мүмкіндігі де толық пайдаланылмағандай көрінді. Қасымның әйелі экранда аз көрінеді. Ал кәсіпкердің отбасы оның мінезін ашуға елеулі мүмкіндік берер еді. Үлкен мақсаттың соңынан кеткен адамның жары оның шешімдерін қалай қабылдады? Отбасы кәсіпкерлік тәуекелдің салмағын қалай сезінді? Осы мәселелерге кеңірек орын берілсе, Қасымның жеке өмірі де, оның адамдық болмысы да тереңірек ашылар еді.
Компаниядағы серіктер мен қызметкерлердің бейнесінде де осындай жағдай байқалады. Олар көбіне басты кейіпкердің айналасындағы адамдар ретінде ғана көрінеді. Кез келген өндірістің артында мамандардың, серіктестердің, инвесторлардың және отбасы мүшелерінің еңбегі тұрады. Осы жағы кеңірек көрсетілгенде фильмнің мазмұны толыға түсер ме еді.
Туындыдағы тіл мәселесі де назар аударуға тұрарлық.
Фильмнің негізгі тілі – қазақ тілі. Кейіпкерлер жағдайға қарай орысша сөйлейді. Мұндай тілдік ауысу оқиғаның табиғатына сай берілген. Іскерлік ортада қазақ тілінің шеткері қалуы, кеңестік кезеңде ұлттық мұраға жасалған қысым, Шәкәрім шығармаларының жасырын сақталуы – Қасымның өмір сүрген ортасын танытатын белгілер.
Фильмде ұлттық болмысты сыртқы көрініс немесе дәстүрлі атрибуттар арқылы көрсетуден гөрі тереңірек мән іздеген. Ұлттық сипат кейіпкердің отбасынан алған тәрбиесінен, тілінен, әдебиетке көзқарасынан және өмірлік ұстанымынан көрінеді.

Ұларбек бейнесі де осы тұрғыдан қызықты. Қытайдан келген қазақтың сөйлеу ерекшелігі мен мінезі табиғи берілген. Оның тілдік өзгешелігі кейіпкерді күлкі нысанына айналдырмайды. Керісінше, қазақ әлемінің географиялық тұрғыдан кең екенін, бір халықтың әр ортада әртүрлі тілдік ерекшелікпен өмір сүретінін аңғартады.
«Қара алтынның» тағы бір мақсаты – жас көрерменге ой салу. Продюсер Айсәуле Әбіл фильмнің кәсіпкерлер үшін ғана емес, мектеп оқушыларына, студенттерге, жас мамандарға және кәсіп бастауға қызығатын адамдарға да арнағанын айтады.
Әсіресе, ауылдан қалаға келген жастарға арналған ой анық байқалады. Тіл білмеу, тәжірибенің аздығы немесе өзіне сенімсіздік адамның мүмкіндігін шектемеуі керек деген ұстаным Қасымның жолы арқылы көрсетіледі.
Қасымның өзі де мұнай саласының маманы емес. Бірақ ол жаңа ортадан қорықпайды. Кен орнының болашағына күмән болғанына қарамастан, істі қолға алады. Инвестор іздейді, шетелдік серіктеспен сөйлеседі, жаңа ортаға бейімделуге тырысады.
Әрине, кәсіпкерлік жолды тек батылдықпен түсіндіру жеткіліксіз. Оған білім, қаржы, тәжірибе, дұрыс есеп, заңгерлер және сенімді серіктестер қажет. Фильмнің айтпағы да «батыл болсаң, бәріне қол жеткізесің» деген қарапайым ұғымға сыймайды.
Көркемдік жағынан Мұрат Есжан оқиғаны бір ғана жанр аясында қалдырмайды. Кәсіпкерлік драмаға отбасылық, тарихи және рухани желілер қосылады. Қазіргі уақыт пен балалық шақтың қатар берілуі кейіпкердің өткенін бүгінгі шешімдерімен байланыстырады.
Музыка да осы тұтастықты сақтауға көмектеседі. Драмалық көріністердегі әуен оқиғаның көңіл күйін күшейтсе, финалдағы «Шәкәрім» симфониясы фильмнің рухани мазмұнын айқындайды.
Монтажда да заманауи тәсілдер бар. Кей көріністердің жылдам ауысуы оқиғаның қарқынын арттырады, кейбір визуалды шешімдер көрермен назарын белгілі бір сәтке шоғырландырады. Мұндай тәсілдер фильмді динамикалы етеді. Алайда кей эпизодтарда сыртқы әсер кейіпкердің ішкі әлемін тереңірек ашудың орнын басып кететіні де байқалады.
Соған қарамастан «Қара алтынның» басты ерекшелігі – тәуелсіздік тарихына басқа қырынан қарауға ұмтылуында.
Тәуелсіздік туралы әңгіме көбіне саяси оқиғалармен, мемлекеттік құрылымның қалыптасуымен немесе тарихи тұлғалармен байланысты айтылады. Ал экономикалық өзгерістердің ортасында жүрген кәсіпкерлердің өмірі көп жағдайда тасада қалады. Шын мәнінде, жаңа мемлекет құру үдерісіне кәсіпкерлер, инженерлер, өндіріс мамандары, инвесторлар да араласты. Олар жаңа компаниялар ашып, өндіріс ұйымдастырып, сырттан капитал тартуға тырысты.
«Қара алтын» осы буынның тарихын көркем фильм арқылы танытуға үлес қосқан туынды.
Медғат Құлжановтың өмір жолын Қасым Исағалиевтің бейнесімен байланыстыра отырып, фильм авторлары бір адамның тағдырын тұтас кезеңнің өзгерісімен сабақтастырады. Мұнай саласына келу оқиғаның негізгі желісі болғанымен, оның ар жағында тоқсаныншы жылдардағы кәсіпкерлік ортаның қалыптасуы, нарықтық экономиканың алғашқы қадамдары, бюрократиялық кедергілер, инвестиция іздеу және жаңа іскерлік байланыстар орнату мәселелері тұр.
Сондықтан «Қара алтынды» тек мұнай туралы фильм деу аздық етеді. Ол – тәуелсіздікпен бірге келген жаңа экономикалық мүмкіндіктерді іздеген адамның хикаясы.
Фильмнің мазмұны Шәкәрімнің «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген сөзімен түйінделеді. Бұл сөз Қасымның кәсіпкерлік жолын да, фильмдегі Шәкәрім желісін де бір арнаға біріктіреді.
«Қара алтын» – ұлттық кино әлемінде көп көрсетілмеген тақырыпты қаузаған, сол арқылы 1990-2000 жылдардың әлеуметтік картинасын айшықты жасаған фильм.
Ұ.ТӨЛЕГЕН,
өнертанушы