Маңғыстаулық Алдаберген Тіленбаев – ілуде біреу ғана білетін өнерді жанына серік еткен маман. Ол 20 жылдан астам уақыттан бері сүйек ою ісімен айналысып, ұмыт бола бастаған ұлттық қолөнерді жаңғыртып келеді. Түйе сүйегінен түрлі бұйым жасап, туған өлкенің тарихы мен мәдениетін өнеріне арқау еткен. Ендігі мақсаты – осы бір ерекше өнерді кейінгі ұрпаққа үйретіп, өзіндік мектебін қалыптастыру. Turkystan.kz тілшісі бізге мәлім де беймәлім сүйек өңдеу өнерінің қыр-сыры мен ерекшеліктері туралы Алдаберген Тіленбаевпен тілдескен еді.
Магадан, Якутия шеберлерімен тығыз байланыстамын
«1982 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданына қарасты Сарға ауылында дүниеге келдім. Ақтаудағы өнер колледжінде, кейін Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша білім алдым. Алматыда жұмыс істеп, Ақтауда галерея аштым. Бес жыл бұрын туған ауылыма келіп, тұрақтадым. Қазір Сарға мектебінде еңбек пәнінен сабақ беремін. 2023 жылы мемлекеттен қайтарымсыз 5 млн теңге көлемінде грант алып, үйімнің жанынан «Торғын» деген шеберханамды аштым. Сүйектен кәдесыйлар, сырға-сақиналар, түрлі бұйымдар әзірлеймін. Қасымда бір көмекшім бар. Арасында келіншегім қолғабыс етеді. Жалпы, сүйекке сурет салып келе жатқаныма 20 жылдан асты. Бұл кәсіпті 2000 жылдары бастағанмын. Әрі бұл іске сонша қызықтым. Бұрнағы заманда ата-әжелеріміз сүйектен жасалған сандық, кебеже, ер-тоқым қолданған ғой. Осы дүниелерге деген қызығушылығым арта түсті. Ұмыт бола бастаған өнер мен көнебұйымдарды жаңғыртқым келді», – дейді ол.
Кезінде сүйек ою өнерінің қыр-сырын үйрену үшін дерек іздеп, тіпті Ресейге дейін барған шебер бүгінде халықаралық көрмелерге қатысып, қазақ қолөнерін шетелге танытып жүр. Ресейден бастап Қытай мен Кореяға дейін өз еңбектерін таныстырып жүрген ол елмізде де бұл өнердің дами түсіп, кейінгі ұрпақ арасында жалғасын тапқанын қалайды.

«Мен 2000 жылдары бастағанда сүйек ою жайлы мәлімет мүлде болған жоқ. Әлеуметтік желі, ғаламтор дамымаған кез еді ғой. Өз күшіммен, тынбай ізденіп, зерттеп жүріп көп ақпаратқа қанықтым. Қазір бұрынғыдай емес, мәлімет жеткілікті. Сол кезден бастап Ресеймен тығыз жұмыс істеп келемін. Сол жақта ұйымдастырылатын көрмелер мен конкурстарға үнемі барып тұрамын. Магадан, Якутия жақтың шеберлерімен тұрақты байланыстамын. Астанада Кәрім Бектас деген шебер ағамыз бар. Шетелдегі көрмелерге сол кісі екеуміз шығып жүрміз. Ел арасында сүйек қашап-жонатын шеберлер бар шығар, бірақ кәсіби деңгейде айналысып жүрген – екеуміз ғана. Былтыр қолымыздан шыққан дүниелерді Қытай мен Кореяға апарып, көпшіліктің назарына ұсындық. Өкініштісі сол, елімізде тек сүйектен жасалған бұйымдар көрмесі ұйымдастырылмайды. Қазір көбіне «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыратын, облыстық деңгейде өткізілетін жалпылама көрмелер өтіп тұрады. Соның бәрінен қалмаймыз», – дейді ол.

Ресей музейінде туындыларым тұр
Алдаберген Тіленбаевтың қолынан шыққан кәдесыйлар елге келген құрметті қонақтарға әрдайым сыйға тартылатын көрінеді. Ерекше айта кетерлігі, шебердің көз майын тауысып жасаған туындылары Ресейдің музейлеріне де қойылған.

«Жұмысымды көбіне әкімдіктегілер келген қонақтарға сыйға тарту үшін алады. Бүгінге дейін туындыларым Президенттен басқа барлық деңгейдегі лауазымды тұлғаларға берілді-ау деймін. Шетелдіктерге де сыйланады. Ресейдің екі музейінде менің қолымнан шыққан туындылар тұр. Бір туындым облыстық музейде тұр. Әзірге патент, авторлық құқық алмағанмын. 2024 жылы «Маңғыстау бренді» деген атақты, кейін «Үздік тауар» деген атақты ұтып алдым. Жұмысымның бәрі «Торғын» шеберханасы» деген атаумен шығып жүр. Кәдесыйлардың бағасы 20 мыңнан басталып, 350-400 мыңға дейін жетеді. Негізі, айналамда бұл өнерді бағалайтын адамдар жетерлік», – дейді ол.

Шебердің ізденісі тек кәдесый жасаумен шектелмейді. Ол көне өнердің көмескіленген қырын қайта жаңғыртып, сүйек өңдеуге жаңа бағыт әкелуді көздейді. Қазір сандық, кебеже мен шайсандық жасап, олардың бетін сүйекпен безендіруде.

«Жұмысымның көпшілігі – іліп қоятын картина, кәдесыйлар. Арасында аздап сақина-сырғалар бар. Қазір сандық, кебеже, шайсандық жасап жатырмын. Олар әлі біткен жоқ. Процесс үстінде. Сандықтардың бетін сүйекпен көмкеріп, безендіріп, сурет саламыз. Негізгі мақсатым – көне өнерді жаңғырту. Сүйекке бедерлеп сурет салу өнері бізде болмаған. Еуропада, Ресейде болған. Бізде көбіне сүйекке тек геометриялық оюлар салынатын. Шаршы, дөңгелек, төртбұрышты дегендей. Болашақта шайсандықтардың бетіне бедерлеп сүйек салсам деймін. Ертеде қазіргідей оятын технология мен құралдар болған жоқ қой. Соны жаңғыртып, сүйекке бедер беріп, бетіне бейне салғым келеді», – дейді ол.

Түйе шаруашылығы – Маңғыстау халқының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата кәсіп. Сондықтан түйе сүйегінің шебер қолында өнер туындысына айналуы да тегін емес. Туған өлкесінің табиғатын, тарихы мен мәдениетін осы өңірдің төл түлігі арқылы бейнелеп, ұлттық мұраны жаңаша дәріптеп жүрген шебердің туындылары бүгінде Маңғыстау өңірінің бірегей брендіне айналған.

«Сүйектің бәрін оя беремін. Көбіне түйенің жілігінен оямын. Ортан жілік, жауырын, тоқатай жілігінен оямын. Маңғыстауда түйе көп қой. Өзім де түйе бағамын, үйде түйе бар. Соғым соямыз, негізінен түйе етін жейміз ғой. Түйе Маңғыстаудың бренді деуге болады. Сондықтан түйе сүйегінен оямын. Арасында сиыр мен жылқының да сүйегін пайдаланамын. Ресейге барғанда мамонттың сүйегін алып келгенмін. Оны шекарадан көп өткізбейді. Бағасы да қымбаттау, бізге жарамайды. Түйе сүйегіне көбіне Маңғыстау өңірінің ерекшеліктерін бейнелеймін: табиғатын, мұрасын, тарихын, салт-дәстүрін. Тапсырыс бергенде кей адамдар өздері қалаған суреттерді айтып жатады, оны да салып беремін», – дейді ол.

Екі-үш түн таңға дейін сүйек оямын
Бір қарағанда қарапайым көрінген кәдесыйдың артында көз майын тауысып, сағаттап еңкейіп отыратын шебердің еңбегі жатқанын көпшілік ұмыт қалдырады. Сүйек ою – тек қолдың ептілігін емес, асқан шыдамдылық қажет ететін өнер. Кейіпкеріміз үшін сүйек ою – жай ғана кәсіп емес, жүрегіне жақын, жаны сүйетін өнер.

«Сүйектерге сурет салатын өзінің пышақтары бар. Ол кей жерлерін ғана жөндейді. Кәсіби бормашина бар. Басында боры болады. Сонымен ойып жасаймыз. Қалғанын қолмен істейміз. Бүкірейіп отырып оясың. Үлкен лупаның астында отырып оясың. Ол әрине көз бен белге, өкпеге де зиян. Шаң шығады ғой. Сүйектің өзіндік иісі де бар. Мен ағашты да оямын. Бірақ үйреніп кеткендіктен сүйек ойған оңай, жан дүниеме жақын. Бұл – менің сүйікті ісім. Кейде үлгере алмай жатамын. Бір кәдесыйды жасап шығуға әртүрлі уақыт кетеді. Композициясына қарай. Кейбір туындының жартысын саламын да, әрі қарай қалғанын шығара алмай қоямын. Ол бір-екі ай жатып қалады. Қазір солай бітпей жатқан 10 шақты жұмыс бар. Кейде шабытың келгенде қолыңа алып, екі-үш күнде бітіріп тастайсың. Шынымды айтсам, осы уақытқа дейін ойып жасаған жұмыстарымның санын есептемеппін», – дейді ол.

Шебердің ендігі арманы – жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен ұштаған өнерін кейінгі буынға аманаттап, өз ісін жалғастыратын шәкірт тәрбиелеу. Алайда бұл өнерге қызығушылық танытқандар болғанымен, оған қажетті төзім мен табандылық танытатын жастар сирек.

«Мектепте мүсін үйірмесін жүргіземін. Облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары болған шәкірттерім бар. Оқушылар қызығады, шеберханама келеді. Бірақ әрі қарай алып кетпей, орта жолдан «тайып» тұрады. Шыдамы жетпейді. Өзім кейде екі-үш түн таңға дейін оя беремін», – дейді ол.

Алдаберген шебердің алға қойған мақсаты көп. Соның бірі – кенже дамып келе жатқан сүйек өңдеу өнерін қайта жаңғыртып, оның өрісін кеңейту. Сонымен қатар, ол осы өнердің қыр-сырын меңгертетін арнайы оқу орталығын ашуды армандайды. Сол арқылы шәкірт тәрбиелеп, ұлттық қолөнердің сабақтастығын сақтауды көздейді.
