Қазақстандық жеңіл атлет Аяна Болатбекқызының Азия ойындары кезінде тапсырған допинг сынамасынан тыйым салынған зат анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Халықаралық тестілеу агенттігінің (ITA) мәліметінше, спортшыдан алынған сынамада дростанолон метаболиті табылған. Бұл зат WADA-ның тыйым салынған препараттар тізімінде S1.1 санатындағы анаболикалық-андрогендік стероид ретінде көрсетілген және жарыс кезінде де, жарыстан тыс уақытта да қолдануға тыйым салынады.
Сынама 27 қыркүйекте Жапонияның Нагоя қаласында жарыс кезіндегі допинг-бақылау барысында алынған.
ITA мәліметінше, Аяна Болатбекқызы іс толық қаралып біткенге дейін уақытша шеттетілді. Бұл кезеңде оған Азия ойындары аясындағы жарыстарға, жаттығуларға, бапкерлік қызметке және өзге де спорттық іс-шараларға қатысуға рұқсат берілмейді.
Спортшы уақытша шеттету туралы шешімге Спорттық арбитраж сотының допингке қарсы бөліміне шағымдануға құқылы. Сондай-ақ ол B сынамасын қайта тексеруді талап ете алады.
ITA істің қаралуы жалғасып жатқандықтан, әзірге қосымша түсініктеме бермейтінін мәлімдеді.
Аяна Болатбекқызы 2026 жылғы Азия ойындарында 1500 метрге жүгіру финалында оныншы орын алған. Сонымен қатар 800 метрге жүгіру жарысының іріктеу кезеңіне қатысқан.