Бір таңбалы инфляция: қымбатшылықтың беті қайтты ма?

/
Бір таңбалы инфляция: қымбатшылықтың беті қайтты ма?

Жылдық инфляция тамызда 9,8 пайызға дейін баяулады. Осылайша, қымбатшылық қарқыны былтырғы ақпаннан бері бірінші рет 10 пайыздан түсті. 

Бұл – көптен күткен жақсы жаңалық. Бір­ақ ұзаққа созыла ма? Қымбатшылықтың беті толық қайтты деуге негіз бар ма? Жал­пы, көрсеткіштің қалай қалыптасқанына үңі­ліп, сарапшылардың пікірін тыңдап көр­дік.

Өсім тоқтаған жоқ, тек баяулады

Ұлттық статистика бюросының мәлі­ме­­тінше, тамызда жылдық инфляция 9,8 пайыз болды. Шілдеде бұл көрсеткіш 10,2 пайыз, ал 2025 жылғы тамызда 12,2 пайыз бол­ған еді. Бір ай ішіндегі баға өсімі 0,6 пайыз болды. Айлық көрсеткіш шілдеде де осы деңгейде болған.
Бұл деректі дұрыс түсіну үшін инфля­ция­ның төмендеуі мен бағаның арзандауы екі бөлек ұғым екенін ескерген жөн. Ин­фля­ция 12,2 пайыздан 9,8 пайызға түсті де­геніміз – баға арзандады деген сөз емес. Тауар­лар мен қызметтер бұрынғыдан ары қа­рай қымбаттап жатыр. Тек баяуырақ.
Мұны қарапайым есеппен көрсетуге бо­лады. Егер белгілі бір тауардың бағасы 2024 жылғы тамызда шартты түрде 1 000 тең­ге болса, 12,2 пайыздық инфляциядан кейін 2025 жылғы тамызда 1 122 теңгеге же­­теді. Одан кейінгі 9,8 пайыздық өсімді есеп­­тесек, 2026 жылғы тамызда сол тауар­дың бағасы шамамен 1 232 теңге болады. Яғни, инфляция бәсеңдегенімен, екі жыл ішінде тауар 232 теңгеге қымбаттаған. Сон­дықтан ресми көрсеткіш төмендеген кез­де де халықтың оны сезінбеуі – заңды құ­былыс. Статистика бағаның бұрынғы қал­пына келгенін емес, оның өсу жыл­дам­дығы азайғанын көрсетеді. Яғни, бұл қым­бат­шылық тоқтады деген сөз емес, баға өсімі біршама саябырлай бастағанының нышаны. 

Көкөніс пен жеміс – басты тежегіш

Жалпы, инфляцияның төмен­деуі­не азық-түлік бағасының өз­геруі шешуші ықпал етті. Азық-түлік бір жылда 9,5 пайызға қымбаттағанымен, та­мыз айының өзінде 0,1 пайызға ар­зандады. Шілдеде, керісінше, оның ба­ға­сы 0,4 пайызға өскен еді.
Жаздың соңында отандық көкөніс пен жемістің жаңа өнімі саудаға молы­нан шығады. Ұсыныс көбейген кезде ба­ғаның төмендеуі – жыл сайын қай­та­ла­­­натын қалыпты құбылыс. Тамызда кар­топ, қырыққабат, сәбіз, пияз және ал­­ма арзандаған. Жеміс-жидек пен жаң­ғақ бағасы бір жылда 0,7 пайызға, кө­кө­ніс 2,5 пайызға төмендеді.
Дегенмен азық-түліктің бәрі бірдей ар­зандады деуге болмайды. Бір жыл ішін­де ет пен құс еті 12,9 пайызға, шұжық пен ет өнімдері 14,3 пайызға, қышқыл сүт өнім­дері 13 пайызға, ірімшік пен сүз­бе 10,4 пайызға қымбаттаған. Нан жә­не нан өнім­дерінің бағасы 9,5 пайыз өсті.
Демек, тамызда көкөніс пен жеміс ба­­ға­сының төмендеуі азық-түлік инф­ля­ция­сын тежегенімен, күнделікті ас мә­зірін­дегі негізгі өнімдердің қымбаттауын тоқ­тата алған жоқ. Отбасы бюджетіндегі ет, сүт, нан және дайын тағамдарға кете­тін шығын әлі де көбейіп келеді.
Осы жайт тамыздағы нәтижеге сақ­тық­пен қарауды талап етеді. Көкөніс пен же­містің арзандауы көбіне маусымға бай­ланысты. Жаңа өнім азайып, сақтау мен тасымалдау шығыны қосылған кезде олардың бағасы қайта өсуі мүмкін. Сон­дықтан инфляцияның шын мәнінде қан­шалықты баяулағаны күз бен қыс ай­ларында анық көрінеді.
Тәуелсіз Ұлттық экономикалық зерт­­теулер бюросы тамыздағы жыл­дық инфляцияны 9,9 пайыз, айлық өсім­ді 0,6 пайыз деп болжаған еді. Нақты нә­тиже тиісінше 9,8 және 0,6 пайыз бол­ды. Жалпы, болжам дәл шыққанымен, оның ішкі бөліктерінде айырма бар. Зерт­теу бюросы азық-түлік инфляциясын 9,9 пайыз болады деп күткен, ал нақты көр­сеткіш 9,5 пайыз болды. Керісінше, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қыз­меттер болжанғаннан көбірек қым­бат­таған. Бұл жалпы санның қалай жақ­сар­ғанын анық аңғартады: азық-түлік баға­сы күткеннен жақсырақ төмендеген, ал қалған шығындардағы қымбатшылық бол­­жамнан жоғары болған. Екі бағыт­та­ғы айырма бірін-бірі жауып, жалпы инф­ляция 9,8 пайыз болып шықты.

Басқасы бәсеңдеген жоқ

Тағы да бір ескеру керек жайт – азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қыз­меттердегі өзгеріс. Азық-түлікке жат­пайтын тауарлар бір жылда 11,4 пайызға қымбаттады. Бұл – инфляцияны құрай­тын үш негізгі бөліктің ішіндегі ең жо­ғары көрсеткіш. Тамыздың өзінде олар­дың бағасы 0,8 пайызға өсті. Шілдеде айлық өсім 0,7 пайыз болған.
Киім бір жыл ішінде 10,2 пайызға, аяқ киім 10,8 пайызға, жуғыш заттар 11,3 пайыз­ға, бензин 12,8 пайызға қымбатта­ған. Жеке қолдануға арналған тауарлар­дың бағасы 13,1 пайыз өсті.
Бұл тауарлардың көбі импортқа, тең­генің бағамына, тасымал құнына және өндірушілердің шығынына тәуелді. Сол себепті олардың бағасы көкөніс пен же­міс секілді белгілі бір маусымда күрт ар­­зан­дай қоймайды. Азық-түлікке жат­пай­тын тауарлардағы 11,4 пайыздық өсім қымбатшылықтың экономикада әлі де кең таралғанын көрсетеді.
Ақылы қызметтерде де осыған ұқсас жағ­дай байқалып отыр. Олардың жыл­дық қымбаттауы 8,9 пайыз болғанымен, тек тамыз айында баға 1,2 пайызға көте­ріл­ді. Шілдеде бұл көрсеткіш 0,7 пайыз еді.
Әсіресе, баспана жалдау құны бір жыл­да 17,1 пайызға өскен. Тарату желі­лері арқылы жеткізілетін газ 20 пайызға қымбаттады. Тұрғын үйді күтіп ұстау, жөн­деу, қоғамдық тамақтану, көлік және өзге де қызметтердің бағасы отбасының тұ­рақты шығынына тікелей әсер етеді.
Көкөніс арзандаса, оны тұтынушы бір­ден байқайды. Бірақ сол аралықта жал­дау ақысы, жол шығыны немесе тұр­мыстық қызмет құны өссе, күнделікті өмір­де қымбатшылықтың бәсеңдегені се­зіл­мейтіні анық. Жалпы инфляция тө­мендегенімен, адамдар ай сайын тө­лей­тін негізгі қызметтер мен ұзақ қолда­ны­латын тауарлар әлі де қымбаттап жа­тыр.

Өңірлердің жартысында өзгеріс тіркелді

Өңірлер бойынша сараласақ, 20 аймақтың онында инфляция 10 пайыздан төмендеді. Бұл – баға өсімінің баяулауы ел аумағының едәуір бөлігін қам­ти бастағанын көрсететін маңызды өзгеріс. Ең төмен инфляция Қарағанды об­л­ысында тіркелді – 8,1 пайыз. Алматы қа­ласында ол 8,7 пайыз, Павлодар облы­сын­да 9 пайыз, Батыс Қазақстан облы­сында 9,1 пайыз, Ақтөбе облысында 9,2 пайыз болды. Абай облысындағы жыл­дық инфляция – 9,3 пайыз.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында баға бір жылда 12 пайызға өскен. Жетісу облысында инфляция 11,7 пайыз, Ақмола облысында 11,6 пайыз, Түркістан облысында 11,3 пайыз болды. Алматы облысындағы көрсеткіш – 10,7 пайыз.
Ең жоғары және ең төмен инфляция тіркелген өңірлердің арасындағы айырма 3,9 пайыздық тармаққа жетеді. Бұл аз көрсеткіш емес. 
Өңірлердегі бағаның әртүрлі өсуіне бір­неше себеп бар. Кей облыс ауыл шар­уа­­шылығы өнімін өзі өндіреді, енді бі­рі­не азық-түлік алыстан тасы­малда­на­ды. Ірі қалаларда баспана жалдау мен қызмет көрсету қымбат болуы мүмкін. Солтүстік өңірлерде жылыту маусымы мен жеткізу шығынының әсері көбірек сезіледі. Жер­гілікті нарықтағы бәсеке мен халық та­бы­сының деңгейі де бағаға ықпал етеді. Қарағанды облысында тұратын азамат пен Солтүстік Қазақстан облысындағы тұр­ғынның табысы бірдей болғанымен, олар­дың күнделікті шығыны әртүрлі болуы мүмкін.

Атаулы жалақы өсті, нақты жалақы кеміді

Инфляцияның халық тұрмысына әсерін түсіну үшін баға мен жа­ла­қыны қатар қарау қажет. Адамның жағ­дайы айлығының қанша теңгеге өске­німен емес, сол ақшаға қанша тауар мен қызмет сатып ала алатынымен өл­ше­неді. Ұлттық статистика бюросының жа­қында ғана жариялаған дерегіне сүйен­­сек, 2026 жылдың екінші тоқса­нын­да Қазақстандағы орташа айлық жа­лақы 486 388 теңгеге жетті. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға көп.
Бірақ сол аралықта тұтыну бағасы жа­лақыдан жылдамырақ өскен. Соның салдарынан нақты жалақы индексі 98,2 пайыз болды. Яғни, жалақының тауар мен қызмет сатып алуға жететін мөлшері бір жылда 1,8 пайызға кеміді.
Мысалы, қызметкердің айлығы 450 мың теңгеден 488 мың теңгеге дейін өсті де­лік. Ақшалай есептегенде ол бұрын­ғыдан 38 мың теңге артық алады. Бірақ азық-түлік, киім, жол, дәрі-дәрмек, баспана және қыз­меттер бұдан да жылдам қым­баттаса, жа­ла­қының өскені тұрмыстан се­зіл­мейді. Керісінше, ай соңында қалатын қа­ра­­жат азаюы мүмкін.
Ал 2026 жылдың екін­ші тоқсанын­да­ғы медианалық жа­лақы 348 415 теңге бол­­ды. Бұл жұмыс істейтін аза­мат­тар­дың жартысы осы со­мадан аз, қалған жар­ты­сы одан көп жа­ла­қы ала­тынын көрсе­те­ді. Орташа және медиа­на­лық жалақының арасында ша­­мамен 138 мың теңге айыр­ма­­шылық бар.
Салалар бойынша да жағдай бір­кел­кі емес. Мәселен, білім беру сала­сын­да­ғы атаулы жалақы бір жылда небәрі 3,2 пайызға өскен. Бұл жалпы инф­ля­ция­дан әлдеқайда төмен. Ақпарат және бай­­­­ланыс саласында нақты жалақы 6 пайызға, тұру және тамақтану қызмет­терін­де 2,4 пайызға, көлік пен қойма­лау­да 1,8 пайызға кеміген.
Кей салада жалақы өскенімен, қым­батшылық оның түгелін дерлік жұ­тып қойған. Осыдан келіп ресми инф­ля­ция мен халықтың оны сезінуінің ара­сындағы алшақтық пайда болады. Ста­тистика баға өсімінің орташа қарқы­нын көрсетеді. Ал әр отбасы өзінің табы­сы­на, тұратын өңіріне және күнделікті са­тып алатын тауарына қарай қымбат­шы­лықты әртүрлі сезінеді. Табысының ба­сым бөлігін азық-түлікке, баспанаға жә­не жолға жұмсайтын отбасы үшін же­ке инфляция ресми 9,8 пайыздан жо­ғары болуы мүмкін.

Базалық мөлшерлеме тағы төмендей ме?

4 қыркүйекте Ұлттық Банк базалық мөл­шерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялайды. Қазір мөлшерлеме 16,75 пайыз деңгейінде. Шілдеде ол 17 пайыз­дан 16,75 пайызға төмендетілген еді.
Инфляцияның 10 пайыздан түсуі мөл­шерлемені тағы азайтуға мүмкіндік бере­тіндей көрінеді. Жылдық көрсеткіш баяу­лады, айлық өсім екі ай бойы 0,6 пайыз деңгейінде қалды. Жоғары мөл­шер­леме несиені қымбаттатып, кәсіп­кер­лердің жаңа жоба бастауына және өн­дірісті кеңейтуіне кедергі келтіреді.
Алайда мөлшерлемені төмендетуге асық­пауға да себеп бар. Тамыздағы жал­пы көрсеткішті маусымдық азық-түлік жақ­сартты. Ал азық-түлікке жатпайтын тауар­лар мен қызметтер ары қарай қым­бат­тады. Нақты жалақы азайғанымен, не­сие арзандаған жағдайда тұтыну қайта күшеюі мүмкін. Сұраныстың артуы баға­ны тағы үдетуі ықтимал.
Ұлттық Банк бір ғана 9,8 пайыздық көр­сеткішке сүйеніп шешім қабылдай ал­майды. Ол бағаның қай тауарлар мен қыз­меттерде өсіп жатқанын, халықтың ал­дағы қымбатшылыққа қатысты бол­жа­мын, теңгенің бағамын, несие көлемін жә­не ішкі сұранысты бірге бағалауға тиіс.
Мөлшерлемені төмендету кәсіп­кер­лер мен қарыз алушыларға қолайлы. Ал мөлшерлемені жоғары деңгейде ұзақ сақ­тау бағаны тежеуге көмектіргенімен, эко­номиканың дамуын баяулатуы мүм­кін. Сондықтан 4 қыркүйектегі шешімде инфляцияның 10 пайыздан түскені ғана емес, сол төмендеудің қаншалықты ор­нық­ты екені маңызды болмақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары