ALTYN DOMBYRA Америкаға жетті

/
ALTYN DOMBYRA Америкаға жетті

Домбыра үйрену үшін мұхит асып, Қазақстанға арнайы келген америкалық музыкант, Нью-Йоркте ашылған қазақ этномузейі, Бруклиндегі домбыра студиясы, ұлттық мәдениет төңірегіне топтасқан жастар... Мұның бәрі – қазақ мәдениетін Америка төрінде танытып жүрген қауымның кейінгі жылдары қолға алған бастамалары. Осындай жұмыстардың жалғасы ретінде Нью-Йоркте Тұран саммиті өтіп, мәдени жобалар аясында қалыптасқан байланыстар жаңа деңгейге көтерілді.

Түркі халықтарының өкілдерін бір алаң­ға тоғыстырған басқосуда Қа­зақ­­­стан мен АҚШ арасындағы гуманитарлық бай­ланыстар, диаспоралардың өзара ық­пал­дастығы, ұлттық өнерді насихаттау, мәдени жә­не іскерлік әріптестіктің келешегі сөз бол­ды. Саммитке дипломатиялық өкілдер, Нью-Йорк қаласы мен штаты әкімшілігінің, халықаралық ұйымдардың, мәдениет пен бизнес саласының өкілдері, сондай-ақ АҚШ-тағы қазақ және түркі диаспоралары қатыс­ты.
Іс-шараны АҚШ-та федералдық деңгейде тір­келген Qazaq American Qaganat (QAQ) жә­не Turan American Qaganat (TAQ) ұйым­да­ры ұйымдастырды. Басқосудың ерекшелігі – мәдени іс-шарамен ғана шектелмей, дип­ло­матиялық өкілдіктерді, диаспоралық ұйым­дар мен бизнес қауымдастығын бір ортаға жинауында.
Жиында Қазақстан, Қырғыз Республи­ка­сы, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түр­кия, Түркіменстан және Венгрияның АҚШ-тағы дипломатиялық өкілдіктері мен Нью-Йорк­тегі консулдықтары арасындағы ын­ты­мақтастықты дамыту мәселелері тал­қы­лан­ды. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық және эко­номикалық байланысты кеңейтуге ба­ғытталған меморандумға қол қойылды. Құ­ж­атта мәдени фестивальдер, көрмелер, конференциялар, білім беру жобаларын бірлесіп өткізу және іскерлік байланыстарды дамыту көзделген. Мұндай қадамдар диас­поралық бастамаларды тұрақты институцио­налдық байланысқа ұластыруға мүмкіндік береді.
Саммит аясында Altyn Dombyra USA – 2026 Challenge халықаралық чел­ленд­жінің лауреаттары марапатталып, Qaganat Ethno Village халықаралық жобасы мен Qaganat Card мүшелік картасы таныс­тырыл­ды.
АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығы мен Қа­зақстандағы Ұлттық домбыра күніне ар­нал­ған челленджге әлемнің әр түпкірінен    1 465 бейнеөтінім түсті. Қатысушылар ара­сын­да балалар мен жастар, кәсіби музы-канттар, өнер ұжымдары және домбыраны алғаш рет қолына алған әуесқойлар да болды. Қазақ­тың қара домбырасын өзге ұлт өкілдерінің де қолына алып, күй орындауы жобаның бас­ты ерекшелігіне айналды. Осы арқылы дом­быра ұлттық мұра ғана емес, түрлі ха­лық­ты жақындастыратын мәдени құндылық ретінде де көрінді.
Соның жарқын мысалы – «Жеке орын­дау» аталымының жеңімпазы, америкалық музыкант Джефф Герш. Нью-Йоркте тұратын ол домбыраны әуелі интернеттегі бейнеса­бақ­тардан, кейін Zoom арқылы үйренген. Ары қарай шеберлігін жетілдіру үшін Қазақстанға арнайы келіп, Астанада Домбыра академия­сы­ның ұстазы Айгерім Мырзахметтен сабақ алған. Бүгінде оның репертуарында көптеген қазақ күйі бар. Қазақ күйіне деген қызығу­шы­лығы оны АҚШ-тағы мәдени іс-шара­ларға да жиі алып шығып жүр.
«Дуэтпен орындау» аталымында Әмірхан Қабдығалиев пен Гүлзира Шаяхметова жүл­делі болды. «Мәдени контент жасаушы» ата­лымында Қазақстанның тарихы мен мәдениетін шетелдік аудиторияға таныс­ты­рып жүрген Иван Червинский үздік шықты. Оның Қазақстанға қызығушылығы 2017 жылы Димаш Құдайбергеннің шығар­ма­шылығымен танысқаннан кейін басталған. Кейін ол «Алға, Қазақстан!» медиажобасын қолға алып, шетелде жетістікке жеткен қа­зақ­стандықтар туралы контент ұсына бас­тады. 2023 жылы ІІ дәрежелі «Достық» орде­німен марапатталған Иван Червинский 2026 жылы Қазақстан азаматтығын алды.
Ал «Шығармашылық шеберлік» аталы­мы­ның жүлдесі Ақнұр Тілеубекке, Cheerleader аталымындағы марапат Ислана Фазу­лова­ға табысталды. Ақнұр АҚШ сапары ке­зін­де өзі салған Димаш Құдайбергеннің порт­ретін Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас кон­сулы Рауан Тілеулинге сыйлап, өз қо­лымен жасаған бұйымдарын қазақ этно­му­зейінің қорына тарту етті. Ақнұр мен Ислана осы сапарда QAQ және TAQ ұйымдарының ерік­тілер қатарына да қосылды.
Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкі­летті елшісі Мағжан Ілиясов Нью-Йорк­тегі Бас консулдықта челлендж лауреаттары мен жоба авторы Әлия Әзбергеновамен кез­десіп, ұлттық өнерді насихаттауға үлес қос­қан өнерпаздарға ризашылығын білдірді. Қа­зақстанның мәдениет қайраткерлері Қа­нат пен Светлана Айтбаевтар да лауреаттарға сый­лық­тарын жолдап, бастамаға қолдау көр­сетті.
QAQ пен TAQ ұйымдары ұлттық мұраны тұрақты мәдени орта қалыптастыру арқылы танытуға ұмтылып келеді. Соның бірі – Нью-Йоркте ашылған қазақ этномузейі. Мұнда қазақ халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәс­түрі мен ұлттық құндылықтары таныс­тырылады. Ал Бруклиндегі «Алтын домбыра» студиясы жас ұрпаққа ұлттық музыкалық мұраны үйрететін шығармашылық алаңға айналған.
Жастардың ұлттық мәдениетке қы­зығушылығын арттыру мақ­са­тын­да Jurekten Jurekke мәдени-әлеуметтік клубы жұмыс істейді. Сонымен қатар Наурыз мей­ра­мы, мәдени фестивальдер, жастар форум­дары мен ұлттық өнерді дәріптеуге арналған жобалар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Мұндай бастамалар шетелдегі қазақ мәде­ниетін танытумен қатар, кейінгі буынның ұлт­тық ортадан ажырап қалмауына да ық­пал етеді.
Ұйым өкілдері American Central Asian Association өткізетін Орталық Азия мәде­ние­ті фестиваліне қатысып, қазақ өнерін ха­лықаралық аудиторияға таныстырып жүр. QAQ пен TAQ Чикагода өтетін Central Asian Business Expo халықаралық іскерлік іс-шара­сына да қолдау көрсетіп келеді.
Алдағы жоспарлардың қатарында 2027 жылы АҚШ-та Америка қазақтарының ал­ғашқы Құрылтайын өткізу, этномәдени жо­баларды кеңейту, жастарға арналған шы­ғармашылық және білім беру бағдар­ла­ма­ларын дамыту бар. Сондай-ақ America's Beauty of the Turkic World халықаралық бай­қауын ұйымдастыру көзделген. Бұл жоба­лар түркі халықтарының ортақ мәдени мұ­ра­сын кең аудиторияға танытуға бағыт­талмақ.
Ауқымды бастамалардың бірі – Qaganat Ethno Village. Мұнда көшпелілер өркение­тінің мәдениетін таныстырып, Turan Games халықаралық этноспорт фестивалін өткізу жоспарланған. Ұлттық спорт, көшпелілер ойындары, қолөнер, этнография мен ұлттық тағам мәдениеті бір кеңістікте тоғыспақ. Со­нымен бірге этноауыл аясында Қазақ­стан­нан және өзге елдерден келетін қазақ бала­ларына арналған мәдени-сауықтыру лагерін ашу көзделген. Бұл бастама шетелде өсіп келе жатқан балалардың тарихи тамырымен бай­ланысын нығайтуға бағытталған.
Нью-Йоркте өткен Тұран саммитінің мәні де осында. Бұған дейін этномузей, дом­быра студиясы, жастар клубтары мен ха­лық­аралық челлендждер арқылы қалыптасқан мәдени байланыстар енді дипломатиялық және қоғамдық ынтымақтастықпен сабақ­тас­ты. Шетелде ұлттық мәдениетті сақтау – оны тек дәріптеу емес, жаңа буынға жеткізу. Аме­рикадағы қазақ қауымының бастама­лары осы бағыттағы ізденістің бір көрінісі.

Назар-Али БИМЕНОВ,
Qazaq American Qaganat
АҚШ-тағы қазақ диаспорасының президенті

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары