6 жасар Қорған жаңа мектепке барады

/
6 жасар Қорған жаңа мектепке барады

Білім күні қарсаңында Ақтөбеден 25 шақырым жердегі Шилісай ауылындағы мектеп ашылды. Бұл құрылыстың аяқталуын шилісайлықтар 7 жыл күткен. 

Шилісайға отбасы көшіп келген жы­лы Қорған үш жаста еді. Сол кезде де, қазір де ауылдың қай шетінен қара­саң да менмұндалап тұратын ең биік ғи­марат үш қабатты жаңа мектеп болатын. Қабырғасы қаланып, шатыры жабылған мек­тептің құрылысы ол кезде толық аяқ­тал­маған. Есік-терезелері үңірейіп, ғимарат қаңырап тұрды. Бірақ кішкентай Қорған үшін ол жай ғана құрылысы тоқтап қалған көп ғимараттың бірі емес еді. 
– Мен осы мектепте оқимын, – дейтін ті­лі енді шыққан ұл анасына. 
Арада бірнеше жыл өтті. Қорған дайын­дық сыныбына барар жасқа да жетті. Бірақ бала күн сайын қызыға қарайтын қызыл ғимарат оқушыларға есігін аша қоймады. Сөй­тіп, Қорған өзі құралпы балалармен бір­ге дайындық сыныбын көрші ауылдағы ескі мектепке қатынап оқыды. 
Биыл Қорған бірінші сыныпқа барды. Көр­ші ауылға емес, өз ауылындағы мек­теп­ке. Өйткені құрылысы 7 жылға созылған жаңа мектеп ашылып, Қорған секілді жүз­ден астам баланың арманы орындалды.
Шилісай ауылындағы 600 орындық жаңа мектеп алғашқы оқушыларына есігін  1 қыркүйек күні айқара ашты. Жаңа оқу жы­­лында білім ордасына 110 бала қабыл­дан­ған. Оның 14-і – мектеп табалдырығын ал­ғаш рет аттаған бірінші сынып оқушы­лары. Қорған – сол 14 баланың бірі. 

«Осы жерде оқимын» деген бала

Қорғанның анасы Жадыра Қасым мек­теп­тің ашылуын ауыл тұрғындары көп күт­кенін айтады. 
– Қорған «сақалды құрылысқа» кіш­кен­тайынан қарап өсті. Шилісайдан жер алып, үй сала бастағанымызда ұлым үш жаста еді. «Мен осы жерде оқимын» деп көп айтатын. Сол арманы биыл орындалып отыр. Жаңа ғи­мараттың ішіне алғаш рет енгенде аузын ашып, қатты таңғалды. Дайындық сыны­бын көрші ауылдағы ескі мектепке қатынап оқы­ған бала ғой. Еңселі, жарық мектепке кел­геніне қатты  қуанды, – дейді Жадыра. 
Үш жасар кезінде құрылысы тоқтап қал­­ған ғимаратқа қарап, өзін сол жерде оқып жүргендей елестеткен бала қазір сол мек­тептің оқушысы. Бұл – бір отбасы үшін ғана емес, бүкіл ауыл үшін қуанышты жаңа­­­­­лық. 

Бір ауысымда білім алады

Үш қабатты жаңа мектепте 600 бала оқи­ды деп жоспарланған. Қазір оқушы са­ны аз болғандықтан, ұжым ғимараттың екі қабатын ғана пайдаланып отыр. 
Ауыл тұрғындарының айтуынша, мек­тептің ашылуы балалардың күнделікті өміріне көп өзгеріс әкелген. Тіпті, сабақтан соң мектептің спорт залы мен ауласын ай­нал­шықтап шықпайтын оқушы көп. 
– Балаларымыз бұрын осыдан 3-4 ша­қы­рым жердегі Садовое ауылына қатынап оқы­ды. Былтыр ауылдан 157 оқушы шықса, биыл мектеп жасындағы 110 бала бар. Мек­теп ашылғанда ауыл халқы қатты қуанды. Таң­ғы 8-де мектепке келіп, салтанатты жиын­­ның басталуын күтті, жиыннан кейін му­­зыка қосылғанда би билеп, қуанышқа бө­ленді. Біз бұл мектептің салынып бітуін 2019 жылдан бері күттік қой. Бір жақсысы, ба­ла­­лар бір ауысыммен оқиды. Түстен кейін түрлі үйірмелерге қатыса алады, – дей­­ді Жадыра. 
Жаңа білім ордасының артықшылығы – тек оқу кабинеттерімен шектелмейді. Мектепте оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуіне де мүмкіндік бар. Домбыра, би, қолөнер, автомодельдеу және сурет үйірмелері жұмысын бастады.
Бір бала үшін бұл өнерге алғашқы қа­дам болса, енді бірі үшін жаңа қызығушы­лық­тың басталуы. Ал ауыл халқы үшін мұ­ның мәні зор. Өйткені бала сабақтан шық­қан соң 25 шақырым жердегі облыс ор­талығына шабылмай, үйдің іргесіндегі жаңа мектепте үйірмелерге қатысатын бол­ды. 

Жаңа жұмыс орындары ашылды

Жаңа білім ордасының ашылуы Шилісай тұрғындарына жұмыс орындарын да ұсынған.
– Мектептің ашылғанына қуанып отыр­мыз. Ауыл тұрғындарына да жұмыс та­былды. Дипломы бар жас мамандар мұ­ғалім болып орналасты, енді біреулері кіші қызметкер болып жұмыс істеп жүр. Бұл да біз үшін жақсы жаңалық, – дейді Жадыра Қасым. 
Яғни, көп күттірген мектептің есігі ба­ла­лар ғана емес, ауыл тұрғындары үшін де ашылды. 
Мектеп ауылдағы ең ірі әлеуметтік ны­сан. Мұнда мұғалім, техникалық қызмет­кер, күзетші, асхана қызметкері сияқты түрлі маман иелеріне сұраныс пайда болды. Ал ауылда жұмыс орнының болуы тұрғын­дардың тұрақтап қалуына әсер ететіні анық. 

600 орындық мектеп қашан толады?

Қазір Шилісай мектебінде 110 оқушы бар. Бұл оның 600 орындық жобалық қуа­тының шамамен бестен бір бөлігі ғана. Алай­да ауыл тұрғындары бұған алаңда­май­ды. Керісінше, мектептің кең болуын «бо­ла­шақты ойлай отыра жасалған батыл қа­дам» деп бағалап отыр. 
– Қазір ауылымызға ауыз су құбыры тар­тылып жатыр. Ауыз су мәселесі де ше­шілмей, Шилісайдан жер алған азаматтар құрылыстарын тоқтатып қойған. Кей­біреу­лер салынып біткен үйлерін жауып, қала­дан пәтер жалдап кеткен. Енді, міне, мек­тебіміз бар. Ауыз су мәселесі жуырда ше­ші­лер болса,  тоқтап қалған құрылыстарға жан бітіп, халық саны тез арада көбейеді, ба­ла саны артады деп үміттенеміз, – дейді Жа­дыра. 
Оның бұл үміті жаңа мектептің ауыл өміріндегі рөлін көрсетеді.
Әлеуметтік нысандар салынған жерге тұр­ғындардың тұрақтауы да оңай. Ал ауыл­да мектептің болуы ең алдымен жас от­ба­сы­лар үшін маңызды фактор.
Шилісай мектебі заманауи оқу каби­нет­терімен жабдықталған. Ұл балаларға арнал­ған технология кабинеті түрлі құрал-сай­ман, жабдықпен қамтылған. Оқушы­лар­дың теориялық білімін тәжірибемен ұш­тас­тырып, еңбек және техникалық дағ­дыларын дамытуға толық мүмкіндігі бар. Ал қосымша білім беру бағыттары бала­лар­дың шығармашылық қабілетін ашуға мүмкіндік береді.
Мектептің ашылу рәсіміне Ақтөбе об­лы­сы әкімінің орынбасары Жолдас Батыр­хан қатысты. 
– Қадірменді ата-аналар, аяулы ұстаз­дары­мыз, ардақты шәкірттеріміз! Ақтөбе қаласының іргесіндегі бұл мек­теп – жас бүлдіршіндердің білім алып, тәр­биеленетін ордасы. Бүгін осы мектептің есі­гін алғаш ашып отырған бүлдіршін­дері­міздің әрқайсы осы жерден білім алып, өз армандарына қадам басады деп сенеміз, – деді ол. 
Жолдас Батырхан айтқан «өз арман­дары­­на қадам басады» деген тіркес  Ши­лі­сай мектебінің бірінші сынып оқушысы Қор­ғанның тарихына ерекше үйлеседі. Үш жа­сында ауылдағы ең биік ғимаратқа алыс­тан қарап, «осында оқимын» деген бала қа­зір партада отыр. 
Шилісайдағы 600 орындық мектептің ал­ғашқы қоңырауы ауыл тұрғындарын қуант­ты. Оның тарихын ендігі жерде құры­лыс­шылар емес, 110 оқушы жазатын бола­ды. Ал сол тарихтың алғашқы парағында үш жасында «осында оқимын» деген Қор­ған­ның да есімі бар. 

Жанна КӨПЖАНОВА

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары