Уақыт парадоксы

/
Уақыт парадоксы

Адамзаттың уақытпен қарым-қатынасы туралы мәдениеттанушылар, антропологтар, әлеуметтанушылар мен философтар әлі күнге дейін кең ауқымды зерттеулер жүргізіп келеді.  Әдетте, біз уақытты астрономиялық өлшеммен өлшейміз. Ғасыр, жыл, ай, күн, сағат және секунд деген сынды. Өзіне тән өзгермейтін жылдамдығы және бар. Ғаламшарымыз немесе Күн жүйесі қаншалықты жылдам немесе баяу қозғалса да, Жер бетіндегі тіршілік иелері үшін физикалық тұрғыда уақыт бірдей өтеді. Астрономиялық уақыт бәрімізге ортақ болғанымен, уақыт әр адамға әртүрлі әсер ететінін байқаған боларсыз? 

Кейде желдей жүйткіген уақыт, кейде бір орнында тоқтап қалғандай өтпей қояды. Әлеуметтанушылардың пікірінше, біз тұрмыстық тәжірибелер мен оқиғалардың айналасында құрылған әлеуметтік уақытта өмір сүреміз. Ал оның есебі абстрактілі болып келеді. Дәуір, өмір, кезең деген сияқты ұғымдар осы уақыт өлшемдеріне сай келмек. Ендеше, әлеуметтік уақыт дегеніміз не?
Иә, күткенде немесе жабырқаған кездердегі бір сәт ғасырларға ұласқандай баяу өтсе, қуанышты сәттерін бірге бөліскен жандар үшін уақыт жарық жылдамдығындай сырғып өте шығады. Мұндай мысалдар жетерлік. Бұл мысалдарға тек – әлеуметтік уақыт деген ұғым ғана жауап бермек. 

Мереке парадоксы

Әлеуметтік уақыт – әлеуметтік ғы­лымдар мен философиядағы уа­қытты түсіну ұғымы. Бұл терминді 1937 жылы Ресейден АҚШ-қа қоныс ау­дар­ған социолог Питирим Сорокин мен Колумбия университетінің профессоры Роберт Мертон ұсынған болатын. Бүгінде олар­дың зерттеулері социологияның клас­сикасына айналды.
Әлеуметтік уақыт астрономиялық уа­қыттан біраз ерекшеленеді. Ол оқиға­ның қанша уақытқа созылатынын емес, оның ұзақтығы қалай сезілетінін көр­се­те­ді. Мысалы, бір жарым сағаттық лек­ция, банкте өз кезегіңізді немесе аял­да­ма­да керек автобусты күткенде біз үшін адам төзгісіз ұзақ болып көрінуі мүм­кін, ал сүрген бар ғұмырымыз көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткен сәттер се­кілді болып көрінеді.
Әлеуметтік уақыт адамның «жеке» уа­қытын көрсетеді. Сонымен қатар уа­қыт туралы түсінік жас бойынша да өз­ге­ріп отырады. Мәселен, балалар құбы­лыс­тарға көп мән бере бермейді. Өйткені олар­дың мына әлем туралы танымы аз. Мә­селен, 5 жасар бала үшін 1 жыл өте көп уақыт, өйткені ол оның өмірінің 20 пайызын құрайды. Ал 50 жастағы адам үшін бір жыл түк емес, өйткені бұл оның өміріндегі уақыттың 2 пайызы ғана. Оның үстіне баланың алаңсыз өмір ке­ше­тінін, ал өзіңіздің күйбең тіршіліктің қа­­мымен жүретініңізді тағы ескеру ке­рек. Баланың ешқандай міндеті жоқ, ол таңнан кешке дейін ойнап, ұнатқан та­ға­мын жеп жүре береді. Ал сіздің таңның аты­сынан күннің батысына дейінгі шаруаңыз шаш етектен. Сол себепті сізге ыл­ғи да уақыт жетпейді. Бұл – уақыттың не себепті жылдам өтетінін түсіндіретін қара­пайым мысал.
2005 жылы Марк Виттманн мен Сандра Ленхофф есімді америкалық пси­хологтар 14 жас пен 94 жас аралы­ғын­дағы 499 адамның арасында уақыт қан­шалықты тез немесе баяу өтуде деген сұрау салыпты. Сұрауға қатысушылардың басым бөлігі уақыттың аса тез өтіп жат­қанын атап көрсетеді. Алайда жасы кел­ген қарт адамдар уақыттың көз ілеспес жыл­дамдықпен тез өтіп кеткенін айтса, жасы 40-қа таяп қалғандар ойлана келе, ба­ла кездерінде уақыттың өтіп болма­ға­нын, алайда одан кейін жасөспірім шақ­қа келгенде, уақыттың тез сырғып, ере­сек өмірге қалай қадам басқандарын бай­қамай қалғандарын айтады. Пси­хо­лог­тар қарттыққа аяқ басқандардың өмір тез өтіп кетті деуінде мән бар екенін айтады. Адамдар оқиғаға екі түрлі көз­қарас­та баға береді. Перспективті, яғни, оқиға әлі жалғасып жатқан кезеңде ба­ға­лау және ретроспективті, оқиға аяқ­тал­ғаннан кейін оған баға беру. Бұл жағ­­дайда оқиға деп отырғанымыз біздің сүріп жатқан өміріміз. 
Калифорния университетіндегі пси­хо­логия докторы Джеймс Бродуэй мен оның шәкірті Бритни Сандовал жас ұл­ғай­ған сайын уақыттың зымырауын ке­лесідей түсіндіреді. Уақыттың өтуіне адам­дар екі тұрғыдан баға бере алады. Егер біз оқиғаның қақ ортасында тұрсақ,  оның уақыттық ұзақтығына перс­пек­ти­валық баға береміз. Ал егер оқиға өтіп ке­тіп, оның қанша уақытқа созылғанын кейіннен еске алсақ, біз оған ретрос­пек­тива­лық баға береміз. Сонымен қатар ал­­ған әсеріміз бен жасаған әрекеттеріміз де уақытты қабылдауға әсер етеді екен. Ғалым­дардың айтуынша, көңіл күйіміз көтеріңкі кезде уақыт зулап шығады. Алайда біз сол кезді кейіннен еске алсақ, сол бір сәт ұзаққа созылғандай көрінеді. Яғни, перспективалық тұрғыда «қысқа» сәт ретроспективалық тұрғыда «ұзақ» бо­лып қабылданады.
Сонымен қатар ретроспективті көз­қарас белгілі бір уақыт ара­лы­ғын­да жасалған жаңа естеліктермен өл­­­­шенеді. Мереке күндері неғұрлым көп оқиғаны бастан өткереміз, соғұрлым уа­қыт баяу өтеді. Мұны ғалым Хаммонд «ме­реке парадоксы» (holiday paradox) деп атады. Балалық шақтан ересек шаққа аяқ басқанға дейін сан алуан естеліктер мен тың сезімдерді бастан кешеміз. Ал есей­ген шақта біздің санамыз таңғалдыра ала­тын, таныс емес сәттерді кездестіру мүм­кіндігі төмендейді. Сондықтан, адам­ның алғашқы жылдары ұзағырақ өткен­дей сезім тудырады. 
Әлеуметтік уақыттың бір мыса-
лы – «апта» сияқты құрылым. Адам­­зат ежелгі римдіктерден клас­си­калық жеті күн­дік аптаны алғаны мәлім. Ал ежелгі майя­лар 13 күндік аптаны пай­даланған болатын, француз рево­люция­­сынан кейін 10 күндік апта енгі­зіл­се, ал 1931 жы­лы Халық Комиссарлар Кеңесі КСРО ал­ты күндік апталықты ен­гізуді ұсынған еді. Бұл мысал әлеу­мет­тік уақыттың  қан­шалықты өзгермелі еке­нін көрсетеді.  
Аудармашы Жүрсін Кәрім аударған мы­на бір мысалға назар аударалықшы. 1972 жылы француз ғалымы өз еркімен 440 фут жер астына түсіп, толық қараң­ғы­лықта 180 күн болады, сағат жоқ, күн сәу­лесі жоқ, адамдармен байланыс жа­самайды. Ол адам санасының құпиясын аш­қысы келген еді және ол тура мағы­на­сында уақыттың бұрмаланғанын анық­тады. Геолог-зерттеруші Мишель Сиффре мидың уақытты қалай қабылдайтынын түсінуге ұмтылған болатын. Ол мұның кіл­ті сыртқы әлемнен оқшаулану деп есеп­тейтін. Бұл гипотезаны тексеру үшін ол түбегейлі тәжірибе жасауға кірісті. Ол мидың абсолютті оқшаулануға қалай әре­кет ететінін білгісі келді. Адам табиғи био­логиялық ритмдерден ажыратылған кез­де не болады?  Сол кезде көпшілік оны жынды са­нады. 1972 жылы Сиффре Техаста үң­гірге 440 фут тереңдікке түседі. Сыртқы әлем­мен байланыс жоқ. Жарық жоқ. Он­да тек ұйықтайтын қап, тамақ және аб­солютті тыныштық қана бар болатын.  Ал­ғашында ол режимді ұстануға тырыс­ты. Бірақ көп ұзамай оның ішкі сағаты істен шыға бастады.  Минуттар сағаттай бо­лып көрінді. Күндер бір-біріне қосы­лып кетті. Уақыт өз мәнін жоғалтты. Ой­лары бұрынғыдан бетер шатасты. Оқ­шаулану оны іштен сындырды. Жер бетінде бақылап тұрған команда оның әр іс-қимылын бақылап, жазып, оның әрекеттерін нақты уа­қытпен салыс-тырды. Көп ұзамай олар таң­ғажайып нәрсені байқады: Сиффре шын­дықтан мүлде алшақтап кеткен еді. Екін­ші айда ол 48 сағат өтіп кетсе де, бір күн өтті деген сенімде болды. Бұл ғалым­дар­ды таңғалдырды. Күн сәулесі бол­ма­ған кезде адамның миы уақытты өзі қа­лыптастыра бастайды екен. Айлар өте ке­ле оның психикасы бұзылды: сөйлеп оты­рып ортасында кейбір сөздерді ұмы­тып қалып жатты және оған қарапайым нәр­селерді есте сақтау  қиын болды. Оның эмоциялары эйфориядан үміт­сіз­дік­ке дейін өзгерді. Сиффре кейінірек бұл тәжірибені «Ақылсыздыққа баяу түсу» деп атады. Ол жәндіктермен сөй­ле­сіп, өз дауысынан жұбаныш іздеді. Бір­ақ тыныштық үнемі оралатын. Жой­қын. Аяусыз. Ол 180 күннен соң үңгірден шы­ғарылды. Ал оның өзі үшін небәрі 151 күн өткен еді. Мұны білген ол таңғалды, оның санасы бір айға жуық уақытқа ұр­ланған екен. Тәжірибе мынаны дәлелдеді: уақыт тек сыртқы шындық емес. Мұның бәрі санамыздың белсенді түрде құрас­тырғандары. Оқшаулану және сенсорлық деп­ривация уақытты қабылдауды бұ­за­ды, бағдар бұзылады және психикалық бұ­зылыстар туады. Бұл ашықтаулар тәу­лік­тік ырғақтарды зерттеуде, ғарыш­кер­лерді ұзақ уақыт оқшаулануға дайын­да­ған­да және жалғыз камераның психи­ка­лық әсерін түсінуде серпіліс болып шық­ты. Бірақ құны тым қымбат болды. Сиф­фре үңгірді «өмір бойы ізіме түскен шек­сіз түн» деп сипаттаған.

Қоғам жылдам өзгерсе, әлеуметтік уақыт та тез өтеді

Әлеуметтік уақыттың жылдам­ды­ғы неге артып жатыр? Бұрынғы уа­қытта әлеуметтік құрылым мен өмір сал­тындағы өзгерістер баяу жүруші еді. Ортағасырлық адамдар бір патшаның қол астында туып, сол патшаның тұсын­да өлуі мүмкін. Ол уақытта ақпарат та аз бол­ғандықтан уақыт баяу өтетіндей қа­был­данатын. Ал дамыған елдің заманауи аза­маты бір президенттің кезінде дү­ние­ге келсе, екінші президенттің тұсында мек­­тепте оқып, үшінші президент кезін­де отбасын құрып жатуы ғажап емес. Бұл уа­қыт жылдам өтіп жатқандай әсер қал­дырады. 
Массачусетс технологиялық уни­вер­сите­тінің профессоры Дуглас Робертсон адам­ның орта есеппен өндіретін ақпарат көлемін есеп­теп көрмек болады. Ол адам­дар­дың тіл­де­се бастаған кезі­нен бастап, ин­тер­нет пайда бол­ғанға дейінгі ке­зең­ді ала­ды. Нәти­же­сін­де, бастапқы кез­­де әлгі көлем 107-109 битке тең бол­са, ал дид­житал дәуір­де оның көлемі 1 025 бит­­ке жеткен. Роберт­сон бұл зерт­теуін со­нау 1990 жылы жариялаған. Одан бері 30 жыл өткенін ес­кер­сек, ақ­парат көлемі одан бір­не­ше есе өс­кені анық. 
Ғаламға технологияның бірі жаңа­лы­ғы – ғаламтор келгелі адамзаттың өмірі де күрт өзгерді деуге болады. Ин­тер­неттің пайда болуы адамзатқа Төр­тін­ші индустриялық революция кезеңіне өтуге мүмкіндік берді. Интернеттің таралу қарқыны да өте жылдам болды. Мы­салы, 50 миллиондық аудиторияны қам­ту үшін радиоға 30 жыл, теледидарға 13 жыл қажет болса, ал интернетке тек 4 жыл жеткілікті болды. 
Әлеуметтік уақыттың жеделдеуі қа­зіргі заманның бір парадоксын тудырып отыр. Қоғам мен технологияның дамуы теориялық тұрғыдан біз үшін көптеген жұ­мысымызды жеңілдетіп,  уақы­ты­мыз­дың біраз бөлігін үнемдеуі керек еді. Де­ген­мен ақпараттың шектен тыс көбеюі де уақытымыздың жылдам-датуына алып келді. Мұнда ақпараттық ағымның рөлі ерекше.  Сыртқы әлемнен келетін ақ­параттардың көпшілігі біз үшін маңыз­ды болмағанымен ми оларды сүзіп, сараптауға  мәжбүр болады. Соны­мен қатар технологияның  дамуы ақ­па­раттың тезірек берілуіне, адамның ұзақ қа­шықтықты еңсеруіне, электр қуа­ты­ның арқасында күндізгі уақыттың ұза­ғырақ болуына әкеледі. Оқиғалар не­ғұр­лым көп болса, адам миына соғұрлым көп ақпарат түседі, нәтижесінде оған жүк­теме артады.
Ресейлік «Менің балаларым қайда?» (Где мои дети?) қосымшасы балалар ара­сын­да зерттеу жүргізіп, балалардың та­ны­мал және жиі қолданатын қосымша­ла­рын егжей-тегжейлі талдаған екен. Зерт­теу 2023 жылдың мамыр айында Ре­сей, Қазақстан, Украина және Беларусь елдерінен келген 440 мыңнан астам ба­ланың телефонындағы қосымшаларды қол­дану статистикасы арқылы жүргі­зіл­ген. Зерттеу нәтижесі бойынша  бала­лар­дың орта есеппен күніне шамамен 4,5-5 са­ғатын телефонға жұмсайтыны анық­тал­ған. Еліміздегі ста­тистика мәліметіне сүйенсек, 6-15 жас­та­ғы балалардың 85 пайызы, 16-74 жас ара­лығындағы адамдардың 89 пайызы интернетте отыратыны анықталған. Бұл дегеніміз біздің алтын уақытымыз бос ақпаратпен алданып жатыр деген сөз. Шексіз ақпаратпен қатар, Интернет әлеу­меттік желі мен оған деген тәуел­ді­лікті әкелді. Әлеуметтік желідегі жаңа­лық­тар көп болғанымен, ондағы сіздің әре­кетіңіз күнделікті қайталанатын­дар­дың санатына жатады, сол себепті біз оған жұмсалған уақытты аңғармаймыз, миы­мыз оны жаңа тәжірибе деп тірке­мей­ді. Нәтижесінде, әлеуметтік желіге тәуел­ді болып, уақытымыз тағы қыс­қарады.

Уақыт шынымен қысқарып жатыр ма?    

Ғылыми тұрғыда уақыт – тұрақты өлшем емес, ол тартылыс күшіне жә­не дененің жылдамдығына байла­ныс­ты ауытқуы мүмкін. Тартылыс күші не­ғұр­лым жоғары болса, уақыт соғұрлым баяу өтеді. Мәселен, Жер беті мен оның ор­битасындағы тартылыс күші әртүрлі бол­ғандықтан, ғарыш аппараттарындағы са­ғаттың тілі ылғи алға кетіп отырады. Фи­зика әлемінде кеңінен танымал Қара құр­дымда тартылыс күшінің жоғары бол­ғаны сонша жарық сәулелері ол жер­ден шыға алмай, уақыт тоқтап қалады. 
Физикада «уақыттың тоқтауы» деген тео­рия да бар. Сіз тез қозғалсаңыз, қор­ша­ған ортамен салыстырғанда уақыт баяу өтетін тәрізді. Мысалы, машинада жо­ғары жылдамдықпен бір сағат жүр­сеңіз, үйде компьютер алдында бір сағат отыр­ғаннан қарағанда баяуырақ қартая­сыз. Әрине, қосымша наносекундтардың сіз­дің өміріңізге әсер етуі шамалы болуы мүм­кін. Алайда бұл – факт.
Атақты физик Альберт Эйнштейн өзі­нің «Салыстыр теориясында» кеңістік пен уақыт арасында байланыс бар екенін айтады. Кеңістіктің алға-артқа, жоғары-тө­мен, оңға-солға дейтін үш өлшемі бол­са, Эйнштейн уақытты төртінші өл­шем ретінде қарастыруды ұсынады. Осы­лайша, кеңістік-уақыт континиумы пай­да болады. Егер сіз өте жоғары жыл­дамдықпен қозғалатын болсаңыз, сіздің кеңістік пен уақытты сезінуіңіз Жердегі адам­ға қарағанда басқаша болады. Жыл­дам­дық неғұрлым жоғары болса, уақыт соғұрлым баяу өтеді. 
Біле білсеңіз, әлемде жердің ай­нал­уын зерттеумен айналысатын Халық­ара­лық Жер қозғалысы қызметі (IERS)  бар. Міне, осы мекеме 2020 жылы біздің Жер ға­ламшарымыз өз айналуына сәл-пәл қар­қын қосқанын мәлімдеген болатын. Жер­дің жылдамдығының артуының сал­дарынан жер бетіндегі күндізгі уақыт 0,5 секундқа қысқара түскен. 
Осыдан 440 миллион жыл бұрын жер­дің күнді бір мәрте айналып шы­ғуы­на бақандай 412 күн кететін болған. Яғ­ни, біздің қазіргі жылсанауымызға са­лып салыстырар болсақ, бұл бір жылда 412 күн болды деген сөз. Осыдан 370 мил­лион жыл бұрын жер күнді 398 күн­де айналған. Егер жер мен айдың ара­сын­дағы қашықтықтың қысқармағанын ес­керсек, ендеше, бұл жердің күнді ай­налу жылдамдығының артып келе жат­қанын аңғартатын ақиқат. Осылайша, қыс­қара келе, біздің алдымыздағы 65 ми­лилион жыл бұрын жердің қарқын қос­қаны соншалық, күнді айналуға жұм­сала­тын уақыт 376 күнге дейін қысқарды. Ал қазір енді жердің күн жүйесін қанша уақытта айналатынын өздеріңіз де білесіздер. Бір жылда 365 күн бар деп есептеледі. Алайда 2020 жыл ға­лымдардың есептеулеріне күтпеген жер­ден өзгеріс енгізген жыл болды. Жер­дің өз осінде айналу жылдамдығының арт­қанына дәлел – 2020 жылдың 19 шіл­десі әдеттегі тәуліктік мерзімнен 1,4602 миллисекундқа қысқарақ аяқ­тал­ған. Айта кетуіміз керек, атом сағаты ой­лап табылған уақыттан бастап жер бе­тіндегі уақыт миллисекундпен өлшене бас­тады. 
Ғылыми негіздемеге сүйенсек, Жер­дің қозғалуының жылдамдығына Айдың тартылысының, жыл сайын жер бетіндегі атмосфера қабатына түсетін жауын-шашынның, сондай-ақ тау жы­ныс­тарының мүжілуі, мұздықтардың жи­налуы секілді табиғи құбылыстар да ық­пал етеді екен-мыс. 
Жалпы, 1962 жылдан бері уақыт атом сағатының көмегімен есептеле бас­таған кезден бастап тәуліктің әдеттегі өл­шемнен қысқа болуы – бұрын-соңды бай­қалмаған құбылыс. Алайда геофи­зик­тер Жердің қозғалысына аз-аздап қар­қын қосуы сонау 2016 жылдардан бас­тал­ғанын айтады.

P.S: 

«Уақытты тоқтатар шамаң бар ма? Бәрі өтеді адамдар, замандар да» деген Мұқағали ақынның өлең шумақтары мысал еткендей біздің әміріміз уақытқа жүрмейді. Дегенмен оны тиімді пайдалана аламыз. Ақпарат ағыны толассыз жүйткіген жаһанданған дәуірде миымызда бос орын қалмай барады. Ал миымыз ақпаратты көбірек сіңірген сайын дәл қазіргі сәттің бақытын сезіне бермейміз. Джон Рокфеллердің «Арзан әңгімеге құмар адам қымбат уақытын жоғалтады» деген сөзін де естен шығармаған жөн.

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары