Зерделі ұрпақ: оқушыға қалай кітап оқытамыз?

/
Зерделі ұрпақ: оқушыға қалай кітап оқытамыз?

Мектеп оқушыларын кітап оқуға ынталандыру мәселесі – білім беру саласындағы ең өзекті бағыттың бірі. Президенттің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» туралы Жарлығы осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде күшейтуге үлкен серпін береді. Өйткені кітап оқу – баланың тек білімін арттырып қана қоймай, оның ойлау қабілетін, сөздік қорын, дүниетанымын, талғамын қалыптастыратын, ең бастысы, өз ойын еркін әрі сауатты жеткізуге үйрететін рухани құрал.

Оқушыны кітап оқуға «міндеттеу» жет­кіліксіз. Ең маңыздысы – кітапты баланың күнделікті өмірінің табиғи әрі қызықты бір бө­лігіне айналдыру. Ол үшін мектепте кітап оқу­ға деген ішкі қажеттілікті қалып­тас­тыра­тын орта болуы керек.
Бірінші кезекте мектеп кітапханасының рө­лін күшейту қажет. Мектеп кітапханасы тек оқулықтар сақталатын «қойма» емес, оқу­­­шы қызығушылығын оятатын заманауи бі­лім мен мәдениеттің орталығы болуға тиіс. Мы­салы, кітапханада әр сынып оқушы­лары­ның жас ерекшелігіне қарай «Оқуға ұсы­ны­латын 20 кітап», «Осы айда оқуға болатын 5 шығарма», «Жасөспірімдерге арналған үздік кі­таптар» секілді арнайы сөрелер ұйым­дас­тыруға болады. 
Екінші маңызды қадам – мектепте тұ­рақты түрде кітап оқу уақытын енгізу. Мы­салы, аптасына бір рет 20-30 минутты «Ты­ныш оқу сағатына» арнауға болады. Бұл уа­қытта мектеп басшысынан бастап мұға­лім­дер мен оқушыларға дейін өздері таңдаған кітап­ты оқиды. Мұндай бастама оқушыға кітап оқудың міндет емес, күнделікті әдет ек­енін көрсетеді. 
Үшіншіден, кітап оқуды жарыс пен мара­пат­тау жүйесі арқылы қызықты етуге бола­ды. Мектепте «Ең көп кітап оқыған сынып», «Ай­дың үздік оқырманы», «Үздік кітап шо­лушы», «Кітапты көп оқитын отбасы» сияқты но­минациялар енгізілсе, балалардың ынтасы артады. Бірақ мұнда бір ғана мақсат – кім көп кітап оқығанын анықтауға бой ұрмай, оқы­ған шығармасын қаншалықты түсінге­нін, өз ойын қалай жеткізе алатынын баға­лау болуы керек.
Төртіншіден, әдеби шығармаларды қа­зіргі заманғы форматтармен ұштастыру қа­жет. Бүгінгі оқушы цифрлық ортада өсіп ке­леді. Сондықтан кітапты тек қағаз нұс­қасынан оқымай, электронды кітаптарды, аудио­кітаптарды, әдеби подкасттарды тиімді пайдаланған жөн. Мысалы, оқушы белгілі бір шығарманы оқып қана қоймай, сол кітап туралы қысқа бейнеролик немесе подкаст дайындаса, оның шығарманы түсіну деңгейі тереңдей түседі. «Бір кітап – бір бейнеролик» жо­басы арқылы оқушылар өздері оқыған шы­ғарманы 1-2 минуттық видео арқылы та­­ныстыра алады.
Бесіншіден, кітап оқуды пәндермен бай­ланыстыруға ерекше мән берген жөн. Кітап оқу тек қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мін­де­ті деген түсініктен арылуымыз керек. 
Алтыншыдан, ата-анамен жұмысты кү­шейту өте маңызды. Баланың кітап оқу мә­де­ниеті мектепте ғана қалыптаспайды. Егер үйде ата-ана теледидар немесе телефон қа­рап отырғанда, баладан кітап оқуды талап етсек, оның нәтижесі шектеулі болады. Сон­дықтан мектеп «Отбасылық оқу» жобасын қол­ға алып, айына бір кітапты ата-анасы мен баласының бірге оқуын ұсынса, құба-құп. Кейін сол кітап бойынша отбасылық пі­кірталас, эссе немесе шағын кездесу ұйым­дастыруға болады. 
Жетінші бағыт – мектепте кітап автор­ла­рымен, ақын-жазушылармен, журна­лис­тер­мен, ғалымдармен кездесулерді көбейту. Оқу­шы кітапты жазған адаммен жүздесіп, оның шығармашылық жолын, кітап жазу­да­ғы мақсатын, кейіпкерлердің портретін қа­лай жасағанын естісе, әдеби шығармаға ар­та түседі. 
Тағы бір маңызды мәселе – оқушыға кі­тап таңдау еркіндігін беру. Кейде біз бала­лар­дың кітап оқуға қызықпайтынына ша­ғым­данамыз, бірақ олардың жасына, қы­зы­ғу­шылығына, психологиялық ерекшелігіне сай кітап ұсына бермейміз. Бір оқушы фан­тас­тиканы жақсы көреді, екіншісі тарихи шы­ғармаларға қызығады, үшіншісі шытыр­ман оқиғаларды ұнатады. Сондықтан «осы кітап­ты ғана оқы» дегеннен гөрі, «осы бірне­ше кітаптың ішінен өзіңе ұнағанын таңда» деген тәсіл тиімдірек. 
Ең бастысы – бала кітап оқуды бастап кетуі керек. Уақыт өте келе оның әдеби тал­ғамы да қалыптасады.
Президенттің бұл бастамасы мектептерге үлкен жауапкершілік жүктейді деп ойлай­мын. Зерделі ұлт қалыптастыру бір күнде жү­зеге асатын жұмыс емес. Ол баланың кіш­кентай кезінен кітаппен дос болуынан, мұғалімнің үлгі көрсетуінен, ата-ананың қолдауынан, мектеп кітапханасының маз­мұнынан және жалпы қоғамның кітапқа шын құрметінен басталады.
Сондықтан біз кітап оқуды науқандық іс-шара деп қарамай, мектеп мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде қалыптастыруымыз керек. Мектепте кітап туралы сөйлесетін, кітап ұсынатын, кітап талқылайтын, оқыға­нын өмірмен байланыстыратын орта қалып­тасса, оқушының кітапқа деген көзқарасы да өзгереді.
Мен мектеп директоры ретінде «оқушыға кітап оқытамыз» деген ұстанымнан гөрі, «оқу­шының кітапты өзі іздеп, өзі таңдап, қызығып оқитын жағдай жасаймыз» деген қа­ғиданы дұрыс деп есептеймін. Өйткені шы­найы оқырманды мәжбүрлеу арқылы емес, қызығушылық арқылы қалыптас­тыра­мыз.
Кітап оқитын бала – ойланатын бала. Ойланатын бала – өз пікірін қалып­тастыратын азамат. Ал өз пікірін қалып­тас­тыра алатын, білімге ұмтылатын, ұлттық құн­дылықты бағалайтын, әлемдік ой-өріске ашық ұрпақ – зерделі ұлттың негізі.
Бүгінде балалардың дүниеге көзқарасы, ақпаратты қабылдауы, қарым-қатынас жа­сауы бұрынғы ұрпақтан айтарлықтай өзге­ше. Смартфон, әлеуметтік желі, қысқа бей­нероликтер мен цифрлық контент – қазіргі оқушының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан Z ұрпақты кі­тап оқуға ынталандыру мәселесіне де бұрын­ғы тәсілмен қарау жеткіліксіз деп ойлаймын.
Мұнда ең бастысы – баланы гаджеттен күш­теп ажырату емес, цифрлық әлем мен кі­тап мәдениетінің арасынан дұрыс байла­ныс орнату. Ал бұл жұмыстың нәтижелі болуы үшін қоғам, мектеп және ата-ана үш­тағаны бір бағытта жұмыс істеуі қажет.
Меніңше, ең алдымен, бәріміз бір нәрсені тү­сініп алуымыз керек: қазіргі баланың кітап оқымауын тек смартфоннан көру – мәселені тым жеңілдету. Смартфон – себептердің бірі ғана. Егер бала үйде де, мектепте де кітапқа қызығушылықты көрмесе, оның кітап оқуға деген ішкі қажеттілігі қалыптаспайды. Сон­дықтан баланың айналасында кітап оқу­ды табиғи, беделді әрі қызықты құбы­лысқа айналдыратын орта қалыптастыруымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, «қоғам – мек­теп – ата-ана» байланысын біртұтас жүйе ретінде қарастырған жөн.
Ең алдымен, мектеп осы үштағанның ұйымдастырушы орталығы болуы тиіс. Себебі бала күнінің едәуір бөлігін мектепте өт­­­­кізеді. Мектепте кітап оқуға жағдай жа­са­лып, мұғалімдер өздері үлгі көрсетіп, кітап оқу жүйелі түрде ұйымдастырылса, оның міндетті түрде нә­тижесі болады.
Ал ата-анаға келсек, олардың рөлі ерек­ше. Баланың кітапқа деген көзқарасы ең ал­дымен отбасында қалыптасады. Үйде кітап оқитын ата-ана болса, баланың да кітапқа құ­марлығы артады. Сондықтан ата-анаға «Ба­лаңыз кітап оқысын» деп талап қойған­нан гөрі, «Балаңызбен бірге кітап оқыңыз» деген ұсыныс жасаған дұрыс.
Мысалы, отбасында күн сайын кешкі са­ғат 20:00-де 20 минутты «отбасылық оқу уақыты» ретінде белгілеуге болады. Бұл уа­қытта ата-ана телефонды бір шетке қойып, баласымен бірге кітап оқиды. Кейін әркім оқы­ғанынан бір қызықты ойды айтып бере­ді. Мұндай қарапайым әдет баланың кітапты от­басы мүшелерімен бірге өткізетін жа­ғым­ды уақыт ретінде қабылдауына ықпал етеді.
Тағы бір тиімді жоба – «Бір отбасы – бір кі­тап». Мектеп ай сайын бір шығарманы ұсы­нып, ата-ана мен бала сол кітапты бірге оқып, кейін мектепте пікір алмасуға қатыса ала­ды. Мұндай іс-шарада ата-ананың да, ба­ланың да пікірі тыңдалады. Бұл әрі кітап оқуға, әрі отбасылық қарым-қатынасты ны­ғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге ата-аналардың барлы­ғында кітап оқуға бірдей мүмкіндік бар деп қарауға болмайды. Сондықтан мек­теп ата-анамен жұмыс істегенде кінәлау емес, қолдау принципін ұстануы керек. «Ба­лаңыз неге кітап оқымайды?» дегеннен гөрі, «Балаңызға қандай кітап қызық болуы мүм­кін?», «Онымен кітап оқу әдетін қалай қа­лып­тастыра аламыз?» деген бағытта кеңес бер­ген дұрыс.
Қоғамның да жауапкершілігі зор. Егер біз балаларға кітап оқуды насихаттап, бірақ қо­ғамдық ортада кітаптың беделін көтерме­сек, нәтиже шектеулі болады. Сондықтан кі­­тапханалар, мәдениет үйлері, кітап дү­кен­дері, шығармашылық орталықтар, бұ­қара­лық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйым­дар мектептермен бірлесіп жұмыс іс­теуі қажет.
Қоғам – мектеп – ата-ана бірлестігінің тағы бір маңызды қағидасы – талаптың біріз­ділігі. Мектепте «телефонды аз қолдан, кітап оқы» деп, үйде ата-ана баланың қо­лы­на шектеусіз телефон ұстатса, ортақ нәтиже болмайды. Сол сияқты ата-ана баладан кітап оқуды талап етіп, өзі бос уақытын түгел әлеу­меттік желіде өткізсе, баланың оны қабыл­дауы қиын.
Осының барлығын біріктіретін негізгі қағида – баланы кітапқа жақындату үшін үш ортаның бір-бірін толықтыруы.
Қоғам – кітаптың беделін көтеруі ке­рек. Мектеп – кітап оқуға жағдай жасап, жүйелі мә­дени орта қалыптастыруы керек. Ата-ана – үйде баласына жеке үлгі көрсетуі керек.
Зерделі ұрпақ қалыптас­тыру да дәл осы­дан бастала­ды. Кітап оқитын бала – ақ­паратты жай қабылда­май­ды, оны саралайды. Кейіп­кер­дің іс-әрекетін бағалай­ды, салыс­тырады, сұрақ қояды, пікір қалыптас­ты­ра­ды. Ал мұндай дағдылар қазіргі ақпараттық за­манда бұрынғыдан да маңызды.
Сондықтан Z ұрпағын кітап оқуға баулу – тек мектептің немесе ата-ана­ның міндеті емес. Бұл – қоғамның ортақ мә­дени жобасы. Мектеп пен ата-ана бір ба­ғыт­та жұмыс істеп, қоғам кітапқа деген құр­метті арттырса, бүгін смартфон ұстап отыр­ған баланың ертең саналы түрде кітап таң­дайтын оқырманға айналуына толық мүм­кіндік бар.
Біз кітап пен гаджетті бір-біріне қарсы қой­мауымыз керек. Мысалы, мектептің әлеуметтік желідегі парақшасында «Аптаның кітабы», «Оқушы ұсынған кітап», «Мұғалімнің сүйікті кітабы» сияқты айдарлар жүргізуге болады. 
Қазіргі мектептің міндеті – баланы смарт­фоннан толық ажырату емес. Біздің мін­детіміз – оның назарын дұрыс бағыттау. Гаджет арқылы аудиокітап тыңдауға болады, электронды кітап оқуға болады, кітап тура­лы подкаст тыңдауға болады, автор туралы ақ­парат іздеуге болады. Бірақ цифрлық мүм­кін­діктердің барлығы баланы түпкі мақсат-қа – оқуға, ойлануға, ізденуге жетелеуі тиіс. Сон­дықтан мектебіміздегі кітап оқу клуб­тарын да заман талабына сай жаңғыртып, тек кітап талқылайтын орта емес, пікірталас, шығармашылық, медиа және көшбасшылық алаңы ретінде дамытуға болады.

Фатима ӘЛИАКБАРОВА, 
ҚР Білім беру ісінің үздігі, 
Алматы қаласы 
№206 мектебінің директоры

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары