Нұрғали Ораз: Әдебиеттің әруағы мен періштесі болады

/
Нұрғали Ораз: Әдебиеттің әруағы мен періштесі болады

Әдеби ортада ерте танылған, мизамшуақтай жылы әңгімелерін оқырман іздеп жүріп оқитын, шығарма сюжетін күрделі ситуацияларға емес, қарапайым тірліктің астарлы қабатына құратын, баяндау мәнеріндегі әуезді ырғағы өз иіріміне тарта жөнелетін жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Нұрғали Оразбен жаймашуақ әңгіме өрбітудің орайы түскен еді.

– Нұрғали аға, үш әңгімеңізді («До­лана», «Аңызтау», «Қара етік») сту­дент кезіңізде жазыпсыз, оның бірі көп ұзамай жастар газетіне жа­рияланыпты. Оған дейін проза жа­зып па едіңіз?
– О-о, бұл сұрақ мені өмірімнің ең бір бақытты кезеңіне қарай алып ұша жө­­нелгендей болды ғой. Алғашқы әң­гі­ме­леріміз баспасөз бетінде жарық көр­ген кездегі қуанышымызды тілмен ай­тып жеткізудің өзі қиын. «Долана» қазақ әде­биетінің классигі Сәкен Жүнісовтің ақ батасымен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде, «Қара етік» көр­нек­ті әдебиет сыншысы Зейнолла Серік­қа­лиевтің алғысөзімен «Қазақстан пио­нері» (қазіргі «Ұлан») газетінде басы­лып шықты. «Аңызтау» жастар басы­лы­мы­ның мерекелік санында жарияланды. Оларды аға жазушылардың талқысына ұсынып, редакцияға апарып жүрген Қа­зақ мемлекеттік (қазіргі ұлттық) уни­вер­ситеті журналистика факуль­те­тінің жа­­нынан ашылған М.Сералин атындағы әдеби бірлестіктің жетекшісі, бізден бір-ақ курс жоғары оқыған Жұмабай Әбілов еді. Мектепті жаңа ғана бітірген жап-жас кезіміз ғой. Көңіліміз алып-ұшып қуан­ға­нымыз болмаса, әдебиет әлемінде он­дай жанашыр жандардың жиі кездесе бермейтінін білмеппіз… Бүгінде сол бір қызықты да думанды студенттік шақты са­ғынышпен еске аламыз. Ол кезде қо­ғамның әдебиет пен өнерге ықыласы ерек­ше еді.
Қазір бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Республикалық «Жалын» баспа­сы­нан деканатқа бір кісі телефон соғып: «Сіз­дерде оқитын Нұрғали Оразов деген бала баспаға келіп кетсін» деп ша­қы­рып­ты. Айтылған жерге уақытында барып, есік қақтым. Іште екі кісі отыр екен. 
Бірі – поэзия бөлімінің редакторы, ақын Өтежан Нұрғалиев, екіншісі – проза бөлімінің редакторы, жазушы Нұрқасым Қазыбеков. «Иә, бала, кел, – деді Нұрқа­сым аға. – Сені шақыртқан себебіміз, «Ар­ман қанатында» атты жинаққа әңгі­мең шығып барады. Соған туған жы­лың­ды, қай факультетте, нешінші курста оқи­тыныңды жазып алайық деп едік».
Сөйтті де, ал айта бер дегендей қала­мын қолына алды. Небәрі, екі-үш-ақ сөй­лем ғой. Әйтсе де, Нұрқасым аға өз жұ­мысына өте ұқыпты кісі екен. Жазып отырып қалт тоқтады да, Өтежан ағаға қарап:
– Өте-аға, «…университеттің үшінші кур­сында оқиды деп жазғанымыз дұрыс па, әлде үшінші курстың студенті» деге­німіз жөн бе? – деп сұрады.
Өтежан аға алдындағы қолжазбаны сәл ысырып қойып, көзілдірігін қолына алды. Содан соң, маған тесіле қарап: 
– Ол енді, бұл баланың өзіне бай­ла­ныс­ты ғой, – деді баппен үн қатып. – Егер лекцияға қатысып, конспекті жа­зып, шынымен оқып жүрген болса, «оқи­ды» деп жазған дұрыс. Ал енді, са­бақ­қа бірде келіп, бірде келмей, қашып-пы­сып жүрген болса, «студенті» дей сал­ған жөн!
Нұрқасым аға қарқылдап күліп жі­берді. Мен де жымың ете қалдым. Ақын аға­ның бұл сөзінде, расында да, терең мән бар еді.
– Алғашқы кітабыңыз – «Соқпақ жол» әңгімелер жинағыңыз жиырма бес жа­сыңызда басылып шығыпты. Әдеби орта кітабыңызды қалай қа­был­дады? Сол кітабыңыз арқылы қалып­тасқан жазушы ретінде таны­ды ма?
– 1982 жылы университетті бітіріп, Ал­матыдағы Халық шығармашылығы үйі­не қызметке орналасқан соң, сту­дент­тік жылдарда жазған әңгімелерімді жи­нақтап, баспаға ұсындым. Арада бір жыл­дай уақыт өткенде қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті драматург Дулат Иса­беков ағам телефон шалып: «Жалын» бас­пасына бар. Мен Қалекеңмен келісіп қой­дым. Баспадағы бөлімдердің біріне жұ­мысқа алатын болды. Әдеби ортада жүр­генің жақсы ғой», – деді. Сөйтіп, «Жа­лын» баспасының директоры, көр­нек­ті жазушы Қалдарбек Найманбаевтың қа­былдауында болып, жас жазушылар­дың тұңғыш кітабын жарыққа  шы­ға­ра­тын «Өркен» деген бөлімге редактор бо­лып орналастым. Ол бөлімде белгілі жазу­шы Захардин Қыстаубаев ағамыз аға редактор екен. Түскі үзіліс кезінде: «Сен өзің біздің бөлімге жақсы келдің ғой. Кітабың келесі жылдың жоспарында тұр. Әңгімелеріңді оқып шықтым, жақсы екен. Соны енді, өндіріске өзің дайын­да­саң қайтеді?», – деді күлімсіреп. Сөй­тіп, өз кітабымды өзім редакциялап, бас­па­ханаға дайындадым. Сонда көрдім ғой, менің қожазбама ақын Нүкеш Бә­ді­ғұлов ағамыз жабық рецензия жазған екен. Өте жақсы деп бағалапты. Кітап бо­лып шыққаннан кейін Әдеби жыл қорытындысында аталып өтті, белгілі әде­биет сыншылары Сайлаубек Жұма­бе­ковтің, Әлия Бөпежанованың мақала­ла­рын­да жылы лебіз, жақсы пікірлер ай­тыл­ды. Қазығұрттық қарымды қалам­гер Сейітбай Қалдықараев арнайы рецен­зия жазды. Шымкент қаласында тұратын белгілі жазушы Нәсіреддин Сералиев: «Алғашқы кітапқа көбінесе жақсы пікір айтылады. Өйткені онда шынайы сезім, жан тазалығы басым болады. Оқырман да жанашырлықпен, түсіністікпен қа­рай­ды. Нағыз жазушы­ның қарым-қабі­ле­ті екінші, үшінші кітаптан көрінеді. Ал­ғашқы қадамын сәтті бастаған екен, Нұр­ғалиға осыны ес­кертіп қойыңдар» деп, Мархабат Бай­ғұт ағама айтып, ар­найы тапсырып кетіпті. Бұл сөз әрдайым жа­дымда тұрады. Жазушы үшін әрбір жаңа кітабы – сынақ қой. 
– Шығарма жазғанда классик жа­зушымыз Бейімбет Майлин се­кілді күй таңдамайтын көрінесіз, жан-жағыңызда шулап жатқан ба­лалар, адамдардың дауысы ойыңыз­ды бөліп, кедергі келтірмей ме?
– Иә, мен бір сұхбатымда аллеяда, ка­феде отырып жазатынымды айтып едім. Бұл негізі, үйдегі тірліктен, бала-ша­ғаның ортасынан алыстап барып, оңа­ша отырғанды қалайтыным ғой. Жазушы қолына қалам алған кезде басқа дүниеге алаңдамауы керек. Күндіз кафе­де у-шу көп бола бермейді. Саябақ та тып-тыныш. Ең бастысы, сенің басқалар­мен, ал басқалардың сенімен ісі болмай­ды. Бізді мұндай тіршілікке тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық үйретті. 
Әйткенмен, оның да бір әттеген-айы бар. Бірде АДК сауда үйінің екінші қаба­тын­да бір кесе шай ғана алып, оңашадағы ой­ларымды қағазға түсіріп отырғаным­да, белгілі журналист, «Жұлдыздар отба­сы» журналының иесі Жарылқап Қалы­бай құрдасым қасыма келіп: «Қал қалай? Кездесіп қалғанымыз қандай жақсы бол­ды. Екеуміз әңгімелесейікші» деп еді қуа­нып. Мен ол кезде өз ойларымның шыр­мауынан шыға алмадым. Сол оқиға есіме түссе, Жарылқаптан әлі күнге дейін ыңғайсызданамын.
– «Жалын» баспасында, «Парасат» жур­налында, «Оңтүстік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Ақ жел­кен» журналында лауазымды қыз­мет­тер атқардыңыз, «Егемен Қазақ­стан» газетінің Алматыдағы бөлімін­де журналистерге басшылық жаса­дыңыз. Мұндай жауапты жұмыстар­да ұзақ жыл істей жүріп жазу қиын емес пе?
– Біз Шер-ағаңмен – қазақ әде­бие­ті­нің классигі, мемлекет және қоғам қай­рат­­кері Шерхан Мұртаза ағамызбен бір ре­дакцияда қызмет етіп, тәлім-тәрбие ал­ғанымызды әрдайым мақтаныш тұта­мыз. Қазақ баспасөзінің тарихында ол кі­­сінің алатын орны ерекше биік. Қай ба­­сылымға барса да, құлпыртып, қоғам­дық, ұлттық мәселелерді көтеріп, оқыр­ман қауымның ықыласына бөленетін. Сон­­дықтан да, Шер-ағаң басқарған ба­сы­лым­дардың таралымы бірден көтері­ліп кетуші еді.
Ол туралы Шерхан Мұртазаның Тараз қаласында өткен мерейтойында мемлекет және қоғам қайраткері, ака­демик Мұхтар Құл-Мұхаммед нақты де­­ректермен, дәйектермен шындықты ше­гіне жеткізе айтқаны есімізде.
Шер-ағаң қайсарлық танытатын жер­де қайсар әрі қатал, қайырымдылық көр­сететін жерде қайырымды әрі мейір­бан еді. Шығармашылығы мен қызметін әділ таразының екі басындай тең ұстады. Біз де Шер-ағаңдай болуға ұмтылдық. Бірақ әркімнің өзіне лайықты шама-шар­қы бар. Өз басым, Шерхан Мұрта­за­ның бас редакторлық мектебінен тәлім ал­ған шәкірттердің ең үздігі – Қали Сәр­сенбай деп ойлаймын. Қалекең «Ана тілі», «Алматы ақшамы» газеттерін бас­қар­ған кезде редакторлық қабілетін елге толық танытты.
Жалпы, шығармашылық пен лауа­зымды қызметті бірге алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейді. 
– Шығармашылықта түрлі жағ­дай­лар болады ғой, кей туынды тез жа­­зылса да жұрттың көзіне түсіп та­­нымал болады, ал кейбірі ұзақ жа­­зылып, көп өңделіп барып жа­рық көрсе де бағасын алмай қалады. Сізде де сондай жағдайлар кездесті ме?
– Иә, әрбір шығарманың өз тағдыры бо­латын секілді. Менің «Ақ тырналардың ұясы» деп аталатын әңгімем әу баста орыс тіліне жақсы аударылды да, «Звезда востока», «Простор» журналдарында жа­рық көрді. Содан соң, саха тілінде шық­қан қазақ жазушыларының жина­ғына енді. Якутия университетінің профессоры Зоя Башарина арнайы рецензия жазып, ерекше бөліп атады. Жақсы талдады. Шер-ағаң: «Бұл тақы­рып­қа талай шеберлер қалам тартты. Ал Нұрғали Ораз қолтаңбасы бөлек, деп жаз­ды. Міне, осы әңгімемнің жолы ашы­лып, ағылшын, француз, неміс, араб, итальян, қытай, түрік, әзербайжан тіл­деріне аударылып кетті.
Ал енді, «Жұмбақ үй» деген хикая­тымды кезінде қаламақы үшін «Заң және заман» журналына беріп едім. Басқа саладағы басылым болғандықтан ба, осы шығармам көп жыл бойы тасада қалып қойды. Бірақ жақында оның да YouTube-та аудиокітап болып шыққанын көріп, қайран қалдым. Демек, жазған дүние­лері­міз ұмытылмайды екен ғой деп қуан­дым. Өте білімді, әрдайым ізденіп, кітапты ең басты байлық деп бағалайтын әдебиет сыншысы Сайлаубек Жұмабеков ағамыз: «Әдебиеттің де әруағы болады, жігіттер! Бір-біріңе қиянат жасамаңдар» деуші еді. Қазір ойлаймын, әдебиеттің пе­ріштесі де бар-ау деп. Біздің студент кезімізде алтын уақытын аямай, әңгі­мелерімізді редакцияларға апарып, аға жа­зушыларға оқытып, жолымызды аш­қан Жұмабай Әбілов, сірә, әдебиеттің пе­ріштесі болар…
Қазір де ондай асыл жандар бар ара­мыз­да. Ұзақ жыл бойы орыс мектебінде ұстаз болып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні­нен сабақ берген Майра Ай­жары­қова қарындасымыздың балалар үшін жасап жүрген еңбегіне таң­ғалмасқа шараң жоқ. Тілі орыс­ша шыққан қазақ балаларына ұлттық дүниелерімізді тү­сіндіріп, өзі ұнатқан шығар­маларды аударып, ала­қан­дарына салып беріп оты­ра­ды. Бірде маған Майра телефон­мен хабар­ласып: «Аға, сіздің ба­лаларға ар­налған әңгіме­леріңіз­ді орыс ті­ліне аударып, кітап етіп шы­ғар­дым!» дегенде, тіпті не ай­тарым­ды білмей қинал­дым. Мен бі­ле­тін Майра өз қаржысы­на кітап шығаратындай бай емес еді ғой. «Көп рақмет, бірақ соншама шы­­ғын­дан­ғаның не?» десем, «Бәрі де балалар үшін, мен оларға өмі­рім­ді арнаған адаммын!» дейді. Міне, осын­дай ақ көңіл, мейірімді жандарды әдебиеттің періштесі десек, жараспай ма? Майра тек менің ғана емес, көптеген қазақ жазушы­сының балаларға арналған шығарма­ларын орыс тіліне аударып, насихаттап келеді.
– Әрбір жазушының өзіне ық­пал-әсерін тигізетін қаламгерлер бо­лады. Сізді әдебиетке қадам бас­қан шағыңызда шығармашылық жо­лымен қызықтырған, еліктірген қалам иелері кімдер? Олардан не үйрендіңіз?
– Маған Олжас Сүлейменов ағамыз­дың: «Бір кітап жазу үшін жүз кітап оқу керек!» деген сөзі қатты ұнайды. Менің әдеби талғамымды қалыптастырған өзім­нің әкем – Балтақара Оразов. Оңтүс­тік өңірі ол кісіні жақсы біледі. Ташкент­тегі Науаи атындағы педагогикалық инс­­титуттың тарих және әдебиет фа­культе­тінің түлегі еді. «Біз оқуға түскенде Төле­ген Айбергенов, Зәкір Асабаев аға­ларың жоғарғы курста оқитын. Таш­кент­тегі қа­зақ жастарын ұйымдастырып, поэзия кешін өткізіп тұратын. Жалын 
атқан жап-жас жігіттер еді ғой» деп отыра­тын.
Институтты бітірген соң әкем ауыл­дағы мектепке мұғалім болып орналас­қа­нымен, кеңшар басшылары бір жыл­дан соң шақырып алып: «Сен өзің жі­герлі, шаруашылыққа икемді жігіт екен­сің» деп алыстағы бір бөлімшеге мең­геруші етіп тағайындап жібереді. Содан бастап бүкіл өмірін ауыл шару­а­шылығы саласына арнады. 
Әйтсе де, әдебиетке, өнерге құштар­лы­ғы, сүйіспеншілігі сол күйі жүрегінде сақталып қалды. Облыс, аудан орта­лығында өтетін жиналыстарға барған кезінде міндетті түрде кітап дүкенін аралап, үйге құшақ-құшақ кітаптар әке­летін. Бірақ оларды оқуға өзінің уақыты болмайтын. Есесіне біз оқып өстік. Мен қазір ол кітаптарды тізіп айтсам, біздің сұхбатымыздың көлемі өгіздің терісінен жасалған сыпыра секілді жайылып кетуі мүмкін.
Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбеков, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкей, Оразбек Сәрсенбаев, Қалдарбек Найманбаев, Тұтқабай Иманбеков, Мархабат Байғұт секілді ағалардың көзін көріп, әңгімесін тыңдап, қамқорлығына бөленгеніміздің өзі шын бақыт екен ғой.
Қазір Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұр­жеке ағаларымызды көргенде қуанып, жүрегіміз лүпілдеп, Алла Тағаладан олар­ға ұзақ ғұмыр тілеп тұрамыз.
– Жазушымен сөйлескенде оның қандай ағымға іш бұратынын сұра­май қала алмаймыз. Қазірде ағым көп қой, сізге қайсысы жақын? Әл­де, классикалық бағытты жөн кө­ре­сіз бе?
– Әдебиетті ағымға бөлетін ғалым­дар, сыншылар, зерттеушілер ғой. Бір кездері Корней Чуковскийдің күнделік­терінен оқығаным бар еді, жиырмасын­шы ғасырдың басында отызға жуық әде­би ағым болған екен. Көбіміз өлең­дерін жатқа білетін орыстың ұлы ақыны Сергей Есениннің шығармаларын сол кездегі әдебиеттанушылар имажинизм ағымына жатқызыпты. Алайда қазір има­жи­низм қайда, Есенин қайда?! Ұлы ақын­дардың өз ағымы, өз арнасы бола­ды ғой.
Төлеген Айбергенов – қазақ поэзия­сы­на көп жаңалық әкелген ақын. Мұқа­ғали да, Жұмекен де, Мұхтар Шаханов та солай. Тағы да көптеген талантты ақын­ды айтуға болады. Бірақ оларды «изм­дерге» бөліп қарастырудың қажеті бар ма, білмеймін.
Таяуда YouTube-тан мынандай бір қы­­зық пікір естідім: «Дәстүрлі романшы «Мен сізге бір оқиғаны айтып берейін» дейді, ал модернист «Мен сол оқиғадан шын  мәнінде қандай әсер алғанымды ай­туға тырысайын» дейді, постмодер­нист болса, «Сол оқиғаның өмірде бол­ға­нына сенесіз бе?» деп, оны мың құбыл­тып ойнай бастайды».
Өз басым, қандай ағым болса да өмір шындығынан алыстап кете алмайды деп ойлаймын. Себебі өмір шындығы дегені­міз – шексіз.  Алда не күтіп тұрғанын еш­қашан білмейміз. Қазіргі тіршілігімізде де небір адам сенгісіз  жағдайлардың куәсі болып жатқан жоқпыз ба?!
– Бүгінгі қазақ әдебиетінің жас өкілдерін оқып тұрасыз ба? Тәуел­сіз­діктен бергі жаңа әдебиет қалай қа­лыптасып жатыр?
– Әрине, жастардың мерзімдік басы­лым­дарда жарық көрген өлең, әңгіме­лерін оқып тұрамын. Ең бастысы, жас деп қарамаймын, қандай жаңалығы бар екен деп қараймын. Ал кітаптары қо­лымызға түсе бермейді. Кітап дүкен­дері де көп емес. Тек «Атамұра» корпорция­сына ғана алғыс айтуға болады. Қай қа­лаға барсақ та қазақша кітаптарды осы корпорцияның кітап дүкендерінен табамыз. Қазір кітапқа деген көзқарас та өзгерді. Көптеген баспада баяғыдай жабық рецензия жазу, редакциялау, талқылау деген сияқты жұмыс процес­тері жоқ. Автор қалай ұсынса, солай шығып жатады. Ал мерзімдік басылым­дарда қанша дегенмен, жауапкершілік бар. Оқырман тарту керек, таралымын көбейту керек деген сияқты.
Жақында ғана жас жазушы Қанат Алтынбектің «Кішкентай шайханашы» деген әңгімесін оқыдым. Маған шығар­маның тілі, кейіпкерлерді таныстыру тәсілі ұнады. Өзіндік жаңалығы бар екен. Қазір талантты жастарды қолдау мем­лекет тарапынан жақсы қолға алы­нып жатыр ғой. 
– Тәуелсіздіктен бергі қазақ про­за­сында өз жаңалығымен келген қандай шығармаларды атай аласыз? Олардың ерекшелігі не?
– Меніңше, әдебиетті Тәуелсіздікке дейінгі, кейінгі деп бөлудің қажеті жоқ. Классик жазушылар тау сияқты алыст­а­ған сайын биіктей береді. Ал енді, олар­дың тәуелсіздік жылдарында жазған шығармаларына келсек, Шерхан Мұр­тазаның «Ай мен Айша» романын, Тө­лен Әбдіктің «Парасат майданы» хи­каятын, Дулат Исабековтің «Социализм зәулімі», «Бонапарттың үйленуі», «Жүз жылдық арман», «Ескерткіш» секілді бір топ әңгі­мелерін, Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай!» романын атап айтқан болар едім. Ал енді осындай классик жазушы­ларымыздың кеңестік дәуірде жазған «Мылтықсыз майдан», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Тіршілік», «Бір ғана махаббат» секілді классикалық шығар­ма­ларын қалайша басқа заманның енші­сінде қалдырамыз.
Тәуелсіздік дәуірінде, әрине, сөз де, ой да бостандық алып, әдебиетіміз әлем­дік деңгейдегі кеңістікке көтеріледі деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан –  Ахмет ӨМІРЗАҚ
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары