Қартайған қоғам және қарттар үйі

Қартайған қоғам және қарттар үйі

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының жіктемесі бойынша 65 жастан асқан тұрғындар үлесі 7 пайыздан асатын қартайған қоғамдар санатына біртіндеп жақындап келеді. Бұған ең алдымен өмір сүру ұзақтығының артуы мен әр жылдардағы демографиялық толқындар себеп. Адамдар ұзағырақ өмір сүрген сайын, үнемі күтім мен көмекке мұқтаж қарттардың саны да көбейіп жатыр. Оның үстіне, жұмыс істейтін жастардың мойнындағы жүктеме ауырлаған сайын, отбасында ата-анаға, қарттарға бұрынғыдай қарап, уақыт бөлуге жағдай мен мүмкіндік жетпей жатады.

Егде жастағы азаматтардың арнаулы орталықтарға немесе жекеменшік пан­сионаттарға орналасуы – күрделі әлеу­мет­тік, медициналық және психологиялық фак­торлардың тоғысуынан туындаған өзек­ті мәселе. Қоғамда «балалары тастап кетті» де­ген стереотип басым болғанымен, зерт­теу­лер мен әлеуметтік сауалнамалар бұл үрдіс­тің объективті әрі терең себептерін айқын­дап береді. 
Бұл саладағы ең негізгі себептердің 
бірі – егде адамдардың денсаулық жағдайы мен деменция дерті. Мемлекеттік және жеке арнаулы орталықтардың статистикасына сүйенсек, қарттар үйіне орналасқандардың 35-40 пайызын осы фактор құрайды. Демен­ция, Альцгеймер, инсульттен кейінгі сал болу немесе Паркинсон сияқты ауыр созылмалы ауруларға шалдыққан жандарға үйде, ар­найы медициналық білімі жоқ отбасы мү­ше­лері тәулік бойы кәсіби күтім жасау мүм­кін емес. Бұл орайда туыстары қариядан «құ­тылу» үшін емес, оған қажетті меди­ци­на­лық-әлеуметтік оңалтау мен қауіпсіз ортаны қам­тамасыз ету мақсатында маман­дан­ды­рыл­ған мекемелерге орналастыруға мәжбүр болады.
Екінші орында отбасындағы ұрыс-керіс, зор­лық-зомбылық немесе сенімсіздік тұр. Әлеу­меттік зерттеулер көрсеткендей, тұр­мыс­тық жанжал, ене мен келіннің тіл табыса алмауы, ішімдікке салыну немесе отбасылық зорлық-зомбылық жағдайлары үлкендердің бө­лек кетуіне себеп болады. Бір үйде бірге тұ­ру мүмкін болмай, отбасы - ошақ қасын­да­ғы психологиялық жағдай нашарлағанда, қос тарап та ерікті түрде бөлек өмір сүру ту­ра­лы шешім қабылдайды. Осындай тығы­рық­қа тірелгенде қарттар үйі жанжалдан оқ­шауланып, тыныштық табудың жалғыз жо­лы. 
Тұрғын үй тапшылығы мен материалдық ауырт­палық та өз әсерін тигізуде. Ипо­те­ка­лық міндеттемелер, тар баспана және ақша же­тіспеуі қарттарды бағуды қиындатады. Әсі­ресе, мегаполистердегі шаршы метр тап­шы­лығы үлкендер мен жастардың бір шаңырақ астында сыйысып өмір сүруіне тос­қауыл болып отыр. Сонымен қатар егде адам­ға айына 200-350 мың теңге көлемінде же­ке күтуші жалдау орташа отбасылық та­быс­­тан асып түсетіндіктен, арнаулы орта­лық­тар басты балама нұсқа болып қала бере­ді. 
Тіпті, көші-қон процесі мен миграция да мә­селені ушықтырып отыр. Жастардың ауылдан қалаға немесе шетелге жұмыс, оқу бабымен қоныс аударуы нәтижесінде қо­ғамда «жалғыз қалған қарттар» феномені қа­лыптасты. Егер қария өзінің үйреншікті ортасын, қара шаңырағын тастап көшкісі келмесе немесе визалық, медициналық себептермен балаларының соңынан шетелге кете алмаса, жекеменшік пансионаттар уа­қытша немесе тұрақты мекенге айналады. 
Бұдан бөлек, жалғыздық пен өз еркімен ор­наласу факторы байқалады. Жұбайынан айырылған, артында заңды туыстары немесе перзенттері жоқ азаматтар, сондай-ақ өзін-өзі күту мүмкіндігінен айырылған зейнет­кер­лер мемлекеттік орталықтардың негізгі кон­тингентін құрайды. Сонымен қатар кейін­гі жылдары балаларына салмақ салғы­сы келмей, өз еркімен жеке пансионаттарды арнайы зейнеткерлер клубы ретінде таң­дай­тын қариялар да бар.
Тарихи тұрғыдан қарттарға, ауруларға физикалық және тұрмыстық күтім жасау функциясы негізінен отбасындағы әйелдерге, келіндер мен қыздарға жүктелетін. Қазір әйелдердің білім деңгейі өсіп, кәсіби тұрғыда өзін-өзі дамытып, мансап қуу мүм­кін­дігі артты. Бұл отбасы ішіндегі «тегін кү­т­у­ші» институтының жойылуына әкелді, се­бебі әйелдердің күндізгі толық жұмыс гра­фигі үйдегі қарт адамға сапалы күтім жа­сауға мүмкіндік бермейді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл құбы­лыстың астарында ауқымды социологиялық өзгерістер жатыр. Әлеуметтанушылар мен демографтар Қазақстан қоғамында бір шаңырақта бірнеше ұрпақ бірге тұратын дәстүрлі модельдің ығысып, тек ата-ана мен балалардан тұратын нуклеарлы отбасы үлгі­сінің үстемдік етуін жаһандану мен урба­ни­зацияның объективті салдары деп баға­лайды. Геронтологтар мен медиктер де­мен­ция мен психоневрологиялық ауытқуы бар қарттарға үйде күтім жасау отбасы мүше­лерінің эмоциялық тұрғыдан «таусылуына» әрі жұмысынан қол үзуіне әкелетінін, сон­дықтан медициналық-әлеуметтік ста­цио­нарлардың объективті әлеуметтік қажет­тілік­ке айналғанын алға тартады. Ал заң­гер­лер мен әлеуметтік қорғау мамандары мем­­лекеттік қарттар үйлеріне заңды бала­лары бар қарияларды қабылдау шектелгені­мен, сот шешімі немесе балаларының мүге­дек­тігі мен төлем қабілетсіздігі дәлелденген жағ­дайда арнайы рұқсат берілетінін айтады.
Деректерге сүйенсек, стационарлық орталықтардағы қариялардың 30 пайыздан астамы кәсіби геронтологиялық немесе психоневрологиялық күтімді қажет ететін ауыр диагнозы бар жандар. Ал социология­лық сауалнамаларға сәйкес, балаларына сал­мақ түсірмеу, өз қатарластарымен араласу үшін қарттар өз еркімен жекеменшік орта­лықтарды таңдайды екен. 
Мемлекеттік мекемелердің динамикасын сараласақ, кейінгі он жылдықта қарттар мен мүге­дектігі бар адамдарға арналған стацио­нар­лық орталықтардың саны соншалықты артқан жоқ. Қазір еліміз бойынша 50-ден астам ірі мемлекеттік стационарлық орта­лық жұмыс істейді, онда тұрақты немесе уа­қыт­ша паналап жатқан егде жастағы және мүм­кіндігі шектеулі жандардың жалпы саны 6 500-7 500 адам аралығында құбылып тұр. Мем­лекеттік сектордағы басты басымдық ме­кемелер желісін көбейтуге емес, жартылай стационарлық әрі үйде әлеуметтік қызмет көрсету форматын кеңейтуге бағытталған.
Кейінгі 5-7 жылда жекеменшік қарт­тар үйі мен пансионаттар секторы да серпінді дами бастады. Алматы, Астана, Шым­кент сияқты мегаполистерде және об­лыс орталықтарында жүздеген коммер­ция­лық орталық бой көтерді. Ресми тіркелмеген немесе коммерциялық ұйым ретінде жұмыс істеп, арнаулы реестрге енбей қалған ор­талықтарды қоса есептегенде, жекеменшік сектордағы орындар саны кейінгі 10 жылда 3-4 есеге жуық өсті.
Дегенмен бұл саладағы сұраныс пен кү­тімге зәру жандардың орналасу тығыз­ды­ғы өңірлердегі демографиялық жағдайға қарай әртүрлі. Мекемелерге деген қажеттілік рес­пуб­лика бойынша бірқалыпты емес. Мә­селен, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шы­ғыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында егде тартқан тұрғындардың үлесі өте жоғары. Кейбір аудандарда бұл көрсеткіш 12-15 пайыздан асып жығылады. Бұл жағдайға ең алдымен жастардың басқа ай­мақтар мен шетелге жаппай қоныс ау­даруы, сондай-ақ бала туу деңгейінің тө­мен­дігі тікелей әсер етіп отыр. Нәтижесінде, теріс­кей мен шығыс өңірлердегі мемлекеттік қарттар үйінде орын жетіспеушілігі жиі байқалады.
Ал оңтүстік пен батыс өңірлердегі ахуал мүлде басқаша. Түркістан, Жамбыл, Қызыл­ор­да және Маңғыстау облыстарында де­мографиялық көрсеткіш жоғары, халықтың басым бөлігін жастар құрайды. Оның үстіне бұл аймақтарда дәстүрлі отбасылық құнды­лықтар, үлкенді сыйлау мен ата-анаға қамқ­орлық жасау міндеті берік орныққан. Осы себептен оңтүстік пен батыста қарттар үйіне сұра­ныс ресми түрде әлдеқайда төмен. Мұн­дағы орталықтарда паналап жатқандардың басым бөлігі – артында сүйенер туысы, іздеу­шісі жоқ, толықтай жалғыз қалған жандар.
Ресми статистикалық есептерде «отбасы қамқорлығынан тыс қалған қарттар» деген жеке санат ашық көрсетіле бермейді, өйткені бұл құбылыс терең әлеуметтік-психо­логия­лық факторларды қамтиды. Дегенмен әлеу­меттік қорғау органдарының деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 60-тан асқан азамат­тардың шамамен 1,5-2 пайызы мемлекеттік немесе жеке әлеуметтік қолдауды, соның ішінде үйде қызмет көрсету мен стационар­ларды қажет етеді. Қазір елде 30 мыңнан астам жалғызбасты немесе оқшау тұратын қарт пен мүгедектігі бар адам әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының есебінде тұр.
Мемлекеттік қарттар үйін паналаған азаматтардың 70-80 пайызы – артында із­деу­­шісі жоқ жалғызбасты қарттар, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жандар. Ал қалған 20-30 пайызының туған-туыстары мен перзенттері бар болғанымен, отбасылық келіспеушіліктер, баспана жоқтығы, материалдық тапшылық, тиісті күтім жасай алмау себепті осындай мекемелерге орна­лас­тырылған. Бұдан бөлек, ресми стацио­нар­лардан тыс, өз үйлерінде оқшауланып, жасы мен денсаулығына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын қарттардың да белгілі бір үлесі бар. 
Еліміздегі демографиялық және әлеу­меттік-экономикалық өзгерістер ғасырлар бойы қалыптасқан «ата-анаға үйде күтім жа­сау» дәстүрлі институтын түбегейлі өзгер­тіп жатыр. Дәстүрлі патриархалды отбасы­лық модельден заманауи нуклеарлы отбасы жүйесіне өту процесі алдағы уақытттарда қарт­тарға күтім жасаудың жаңа инсти­ту­цио­налдық формаларын талап ететіні сөзсіз.
Болашаққа көз жіберсек, алдағы 15-20 жылда отбасылық және институционалдық күтімнің арақатынасы сапалық жаңа дең­гейге көтеріледі. Осы кезде Қазақстанда қарт­тарға күтім жасау жүйесі 85-90 пайызы от­ба­сылық қамқорлықта болса, алдағы 10-20 жыл­да бұл көрсеткіш 65-70 пайызға дейін құл­дырауы ықтимал дейді сарапшылар. 
Есесіне, институционалдық және гиб­ридті күтімнің үлесі артады. Арнаулы стационарлар мен пансионаттар, жартылай стационар орталықтар мен үйдегі кәсіби күтім қызметтерінің үлесі 30-35 пайызға дейін өседі. Осы орайда дамыған елдердегідей гибридті модель қалыптасады. Отбасына уақытша демалыс беру үшін қарттарды бір-екі аптаға пансионатқа орналастыратын ре­спис күтім және балалар сияқты қарт­тар­ды таңертең әкеліп, кешке үйге алып ке­те­тін күндізгі бағдарламалар кеңінен таралатын болады. Ал балалар ата-анасын үйден шы­ғарғысы келмеген жағдайда, үйдегі күтім коммерцияланып, жекеменшік патронаждық қызметтер мен кәсіби күтушілер инсти­тутына сұраныс еселеп артады.
Қорыта айтқанда, «қарттар үйіндегі­лер­дің барлығын балалары тастап кеткен» деген пікір ресми статистикамен расталмайды. Оған қоса мемлекеттік мекемелердегі аза­мат­тардың басым бөлігі (70-80 пайызы) – жал­ғызбастылар мен мүгедектігі бар жандар. Бұл ретте «әке-шешесін баға алмады» деген қоғамдық айыптау мәселені шешпейді. Қарттар үйіне деген көзқарасты «жазалау ме­кемесінен» сапалы медициналық-әлеумет­тік оңалту орталығы концепциясына ауыс­тыру қажет.

Зәуреш НҰРПЕЙІСОВА, 
Amanat қарттар үйінің әкімшісі: 

Қарттарға ерекше күтім керек

 – Күйеуім екеуміз зейнет жасына шыққаннан кейін қол қусырып қарап отыра алмайтынымызды түсіндік әрі балаларымызға болысу үшін бір іс бастау керек деген ше­шімге келдік. Ойлана келе өзіміз секілді зейнеткер­лерге арналған орталық ашуды ұйғардық. Шүкір, бүгінде қарттар үйіне келгендер жұмысымызға разы, алғысқа бөленіп жүргенімізге қуанамыз.  
Қарттармен жұмыс істеудің өзіндік жауапкершілігі бар. Пансионатта күтуші, мейірбике, техникалық қызметкерлерге дейін қарттардың жағ­дайын жасауға атсалысады. Жұмыстың ең ауыр бөлігі –  төсекте жатқандарды кө­теріп, астын жуып, құрғақ киімін ауыстыру. Ұят та болса айтуымыз керек, де­менция­мен ауыратын жандар үйде болса дәретін жіберіп қояды, жаймаларын  жыр­тып, жан-жағына  жағып тастайды. Ал бұл жерде қызметкерлер олардың астын жоқ дегенде күніне 2-3 рет ауыстырады. Екінің бірі жиіркенбей осы жұмысты істейді деп айта алмаймын. Қарттар бір адамға үйренген соң, жұмысшыларды ауыстыра беру оларға да қиын тиеді. Себебі әр науқастың мінезі әртүрлі, жүйке ауытқушылықтары бар, агрессивті немесе қашып кеткісі келетіндер де кездеседі. Тұрақты істейтін қызметкерлер кімнен не күтуге болатынын жақсы біледі және бөлмелерге орна­ластырғанда да олардың мінезіне қарап жатқызамыз. Кез келген науқасқа жылы сөйлесең – түсінеді, ал агрессивті сөйлесең – сондай жауап қайтарады. 
Қазақта «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» дейді. Алайда ешкім әке-шешесін еріккеннен немесе қашқаннан қарттар үйіне әкелмейді. Ондайда біз психологиялық қолдау көрсетіп, намыстанып, ұялудың қажеті жоқ екенін, ең бастысы – қарттардың денсаулығы екенін түсіндіреміз. Бұл жерде өтірік ұяттың керегі жоқ. Үйде күтім жасау мүмкін емес екенін тек бұл жағдай басына түскен адам ғана біледі. Сырт көз сыншыл келеді, «өз туған әке-шешесін қарай алмады ма?» деп айта береді. Мұндағы әрбір қарттың туыстары мен бала-шағасы бар, керек емес деп әкеліп тастап кеткен ешкім жоқ. Көршілес Ресейді айтпағанда, балалары жұмыс бабымен Германияға, Испанияға кеткендер де ата-аналарын осы пансионатқа сеніп тапсырады. Одан бөлек 80 жастағы анаға 60-тан асқан баласының қарауға шамасы келмейді. Оларды жуындырғанда, отырып-тұрғызғанда көтеру, арқалау керек, оған баласының да денсаулығы мен жүйкесі шыдамайды. Ал біз қызметкер таңдағанда оның иманы мен мейірімділігіне қараймыз. Қарттарға алакөзбен қарамай, ұрыспай, жиіркенбей қызмет ету керек. Қандай жұмыс болса да адалынан істеу керек. Адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді, сондықтан бұл кісілерге мейіріммен қарау қажет.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары