Ақуызды аз тұтыну ұзақ әрі сау өмір сүруге көмектесуі мүмкін

/
Ақуызды аз тұтыну ұзақ әрі сау өмір сүруге көмектесуі мүмкін
сурет: istockphoto.com

Ақуызға бай тағамдарды көбірек тұтыну денсаулыққа пайдалы деген түсінікке жаңа зерттеу өзгеше көзқарас ұсынады. АҚШ-тағы Висконсин-Мэдисон университетінің ғалымдары 300-ден астам зерттеуді талдап, ақуызды шамадан тыс тұтынуды азайту ағзаның зат алмасуын жақсартып, жас ұлғаюына байланысты кейбір аурулардың қаупін төмендетуге көмектесуі мүмкін екенін анықтаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кейінгі кезде ақуызға бай өнімдер, протеин ұнтақтары мен арнайы батончиктер салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар арасында кең таралды. Алайда жаңа ғылыми деректер ағзаға қажетті мөлшерден артық ақуыз тұтыну әрдайым пайдалы бола бермейтінін көрсетеді.

Зерттеу авторларының айтуынша, ақуыз бұлшықеттің өсуі мен дене жаттығуларынан кейін қалпына келу үшін маңызды. Бірақ физикалық белсенділігі төмен адамдардың көбі ақуызды өз ағзасына қажетті мөлшерден артық тұтынуы мүмкін. Бұл ұзақ мерзімді денсаулыққа кері әсер етуі ықтимал.

Ғалымдар ақуыз мөлшері төмен диетаның зат алмасуға бірнеше жағынан ықпал ететінін анықтаған. Мұндай тамақтану үлгісі май тінінің азаюына, энергия шығынының артуына және қандағы қант деңгейінің тұрақтануына көмектесуі мүмкін. Адамдар мен жануарларға жүргізілген зерттеулерде ақуызды аз тұтыну жалпы калория мөлшері жоғары болғанның өзінде денедегі майдың азаюымен және қандағы қантты бақылаудың жақсаруымен байланысты болған.

Бұл үдерісте FGF21 деп аталатын гормонның рөлі болуы мүмкін. Ақуыз мөлшері азайғанда оның деңгейі жоғарылап, ағзаның энергияны тиімді пайдалануына ықпал етеді. Сонымен қатар зерттеушілер ақуызды шектеу аутофагия деп аталатын жасушалардың өзіндік тазалану үдерісін белсендіруі мүмкін екенін атап өтеді. Аутофагия кезінде жасушалар зақымданған бөліктер мен жарамсыз ақуыздардан арылуға мүмкіндік алады.

Дегенмен ғалымдар ақуызды аз тұтынуды барлығына бірдей ұсынбайды. Жүкті әйелдерге, өсіп келе жатқан балаларға, ауыр жарақаттан кейін қалпына келіп жүрген адамдарға ақуыз жеткілікті мөлшерде қажет. Егде жастағы адамдар үшін де ақуызды шектеу мәселесіне сақтықпен қараған жөн, өйткені ол бұлшықет массасын сақтауда маңызды рөл атқарады.

Еуропалық азық-түлік қауіпсіздігі басқармасы (EFSA) ересектерге арналған ақуыздың тәуліктік анықтамалық мөлшерін дене салмағының әр килограмына 0,83 грамм деп белгілеген. Мысалы, салмағы 70 келі адам үшін бұл тәулігіне шамамен 58 грамм ақуызға тең. EFSA мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, осы мөлшерден екі есе көп ақуыз тұтыну қауіпсіз деп есептеледі, ал өте жоғары мөлшердің ұзақ мерзімді әсері жөніндегі ғылыми дәлелдер әлі де талқыланып жатыр.

Зерттеу авторы Дадли Лэммингтің пікірінше, ақуызды тұтыну жөніндегі ұсыныстар адамның жасына ғана емес, физикалық белсенділігіне және денсаулық жағдайына да байланысты болуы керек. Ғалымдар ақуыз мөлшерін азайтудың ықтимал пайдасын мойындай отырып, әр адамға лайықты тамақтану үлгісін анықтау үшін қосымша клиникалық зерттеулер қажет екенін атап өтеді.

Осылайша, зерттеу ақуыздан бас тартуға емес, оны ағзаның нақты қажеттілігіне сай тұтынуға назар аударуға шақырады. Ақуыз мөлшерін күрт азайтпас бұрын адамның денсаулық жағдайы мен күнделікті белсенділігін ескерген жөн.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар