Әдебиет тарихында тұтас бір буынның ішінде салмақты орны бар, бірақ тағдыр жазуынан аса алмай – жылдар өткенде есімі көмескіленіңкіреп қалатын тұлғалар болады. Өйткені талант атаулының бәріне өз кезінде лайықты бағаланып, қалың жұрттың алақанында жүруді жаза бермеген. Жазмыштың осы бір сынағына тап болып, сағы сынбаса да өзіне бұйырған ақындық таланттың қызығын көрмей кеткендердің бірі – Өмірзақ Қожамұратов.
Әйтеке би мен Базар жыраудың сүйегі жатқан Нұрата өлкесінде дүниеге келген Өмірзақ ақын сол өлкедегі қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың ортасында туып-өсіп, ана тілінің кәусарынан қанып ішкен талант еді.
Өмірзақ Қожамұратов осыдан 90 жыл бұрын Өзбекстанның Бұқара облысы, Тамды ауданында дүниеге келген (қазір бұл жер Навои облысына қарайды).
Орта мектепті бітірген соң Ташкент қаласындағы шет тілдері институтының ағылшын тілі бөлімінде оқиды. Алғаш еңбек жолын мектеп мүғалімі болып бастаған ол, кейін Тамды аудандық ерікті спорт қоғамының төрағасы болады. Содан соң Тамды аудандық «Социалистік шаруашылық» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. Одан соңғы бір жылдарда атажұртына келіп, Қызылорда қаласында Халық шығармашылығы үйінің әдіскер маманы қызметін атқарған. Бірақ белгісіз себептермен туған жеріне қайта оралып, өмірінің қалған жағын сол жақта өткізді.
Өмірзақ өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап әдебиетке біржола ден қойып, аудандық, облыстық, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде өлеңдері жарық көре бастаған. Сөйтіп, алпысыншы жылдарда қазақ поэзиясына өз үнімен қосылып, сөз өнерінде өз қолтаңбасы бар ақын екенін танытты.
Тірі кезінде «Жиделі Байсын» (1966), «Таңғы дауыс» (1971), «Жол аяқталмайды» (1981) атты тамаша жыр жинақтары жарық көріп, есімі әдебиетте аузы дуалы тұлғалардың мақалаларында аталды. Қазақтың көрнекті ақыны Әбу Сәрсенбаев оның жыр кітабы туралы арнайы мақала жазса, Мұқағали Мақатаев әдеби жыл қорытындысында жасаған баяндамасында Өмірзақ Қожамұратов поэзиясын жоғары бағалады. «Жол аяқталмайды» атты үшінші кітабы жарық көрген соң көп ұзамай дүние салған Өмірзақ шығармашылығы бір сәт көзден таса қалғандай еді, бірақ ақынның досы, белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев өзбек еліне барып, Өмірзақтың туыстарымен кездесіп, одан қалған әдеби мұраларды алып келіп, жинақтап, жүйелеп, 1989 жылы «Ой кешу», 1998 жылы «Күн астында – құдірет» атты жыр жинақтарын шығарды. Кейінгі жылдары ақын мұрасының жанашырлары – Қали Жолдасов, Әділбай Шілманов, Сәндібек Үрістемовтердің құрастыруымен Өмірзақтың «Сезім сәттері», «Тылсымы терең сезімдер» атты кітаптары басылып шықты. Сондай-ақ бүгінде ақын туралы замандастарының естеліктері, әдебиетшілердің мақалалары жарық көріп жатыр.
Өмірзақ Қожамұратов әдебиетке өткен ғасырдың 60-жылдарында келген талантты буынның өкілі. Сондықтан оның шығармашылық жолы қазақ поэзиясының ренесансын жасаған Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Төлеген Айбергенов, Өтежан Нұрғалиев секілді ірі ақындармен бір мезгілде басталды.
Жырдағы өз соқпағын бастағанда-ақ оның өзіне тән стилі байқалған ақынның жібектей жұмсақ лирикасы өз бояуымен құлпырып, сыршыл лириканың өзінше бір әлемін ашты. Ол заман туралы, адам туралы толғанды, махаббат сырларын шертті, өмірдің шындығына үңіліп, тағдырдың сынақтарын жыр етті. Қысқасы, нені жырласа да «жүрегінің түбіне кір жасырмай» (Мұқағали), жан сырын өлеңмен өрнектеп, стиль даралығын қалыптастырған өнер иесіне айналды.
Сыңсыған сал қарағай өрімделіп,
Ойнайды тастан ыршып өрінде елік.
Кеудеңнен бұлағың боп бұрқылдайын,
Көрші сен, бір құзыңның төрін беріп, –
деп Алатауға жыр арнап;
Көз тоймайтын неткен өмір өскелең,
Осында екен жайдары, ашық дос деген.
Жас талы боп көгерейін, көктейін,
Мені де сол дулы ортаға қосшы, өлең! –
деп Алматысына арзу айтып, жыр көшіне сеніммен қосылған ақынның екпіні ерен, жыр биігіне деген талпынысы бөлек еді. Сонысымен назар аудартты. Бірақ соқтықпалы, соқпақсыз өмірде кімнің жолы оңайлықпен бола қойсын. Елуге келмей пәни дүниемен қош айтысқан Өмірзақтың өмірінің көп бөлігі туған жерінде өтсе де өлеңнен қол үзбей, жұртына деген махаббатын жыр қылып өрнектеп өтті.
Жалпы, табиғаты жұмсақ, аттандауға бара бермейтін Өмірзақтың көптеген жырынан керек кезінде шындықты бүкпесіз айтатын батылдық лебі есіп тұратын.
Бұл фәниде мөлдір болса – мөлдірсің,
Ғашық жандар мен сияқты телмірсін.
Арман айым, айналайын, алдыңда
Өліммен тең – мүләйімсіп көлгірсу.
Сенсің менің ар-ожданым, намысым,
Өрт боп тиші арман үшін, ар үшін.
Шеше тілін білмей жүрген шерменде
Танымайтын әкесін, бір танысын.
Ана тілім! Сен барыңда гүлдеймін,
Жыр алауын шалқытамын, гүрлеймін.
Сен жоқ болсаң, жана-жана таусылып,
Жер ошақтан жел айдаған күлдеймін.
Қазір өз еркі өз қолына тиген қазаққа мұндай жыр жазу да, оқу да таңсық емес шығар, бірақ Өмірзақ ақын өмір сүрген дәуірде бұлайша жыр толғауға кез келгеннің батылы бара бермес еді. Себебі кеңестік дәуірде мұндай сарын ұлтшылдық ретінде айыпталып, авторы қоғамнан шеттеу көретін. Өйткені ол шақта қазақ қаламгерлерінің әр сөзіне үңіліп, астар іздеп, пәле тауып отыратын цензура бұра тартуға жол бермейтін.
Көзі қырағы, қиялы жүйрік ақынның өз ұлтының басынан өткен қилы кезеңдер елесі оның ойына ой қосып, шындықты іздеуге талпындыратын.
...Ар алдында тебірен,
Аймалайын сені мен.
Қан қақсатып тер емген
Сонау ғасыр қойнынан
Жұмыртқадай бабамның
Бас сүйегін көрем мен.
Сол адырда қар ұйтқып,
Тартқан жаза, зәбірді,
Қанмен жазған тарих қып
Қаралы тас қабірді.
Сол ақылды бастардың
Арманы – мен көктеген.
Жаңа бір жол бастадым
Тұңғиыққа кеткен ем.
О, ана – жер! Қадірлім,
Өз төсіңе байланғам.
Бабам жатқан қабірдің
Бұтасына айналғам.
Ақын мұны тегіннен тегін жазып отырған жоқ, ол өзі туған мекеннің ұлы қазақ жұртының бір пұшпағы екенін жан-тәнімен сезініп, өз топырағында жатқан Әйтеке би мен Базар жыраудың тағдырын еске салып отыр, қытымыр қилы кезеңдерде жер бетіне тарыдай шашылған қазақ тарихына жаны ауырып, жүрегі сыздап отыр. Отаншыл болмаса, ұлт тағдырын өз тағдырым деп қабылдамаса ақын – ақын бола ма?
Ол ұлтын жанындай сүйді, биік пафосты жырмен асқақтатты, туған халқының ірілігін мақтаныш етіп, асыл қасиетін көкке көтере жырлады:
Қайнаған бұрқ-сарқ етіп көңілде өлең,
Қазақ, қазақ – мен сені момын демен.
Өлеңнен қорқып кірді көрден-көрге
Қазақ келе жатқанда өлім деген.
Жұмақтың сілтейтіндей төте тұсын,
Жүргінші соқпай өткен бекетісің.
Бар жұрттың басын қосқан
Қара шаңырақтың
Қарағым қасиетін жете түсін! –
деп, бір жырында миларын интернационализм деген әсіре ұран жайлап алған қандастарын туған жұртының қадірін білуге үндесе, тағы бір өлеңінде Отанын:
Ерліктерім жасантып боз даланы,
Келешекке шежіре сөз болады.
Қарасаң да қай тұстан Қазақстан
Болашаққа күмбірлеп қозғалады, –
деп атажұртының мәртебесін асқақтып, шабытпен жыр төкті. Мұның бәрі өз Отаны, өз халқының алдында перзенттік, азаматтық парызын терең сезінген ғазиз жүректің мөлдір сыры, шынайы сезім еді.
Өмірзақтың шығармашылығы сан-салалы. Табиғат лирикалары тұнып тұрған сурет, махаббат лирикалары дәмі таңдайда қалатын бал-шырын, азаматтық лирикалары дүрсілдеп тұрған жүректің үніндей. Оның әрбіріне бұл арада мысал келтіріп, көш-құлаш цитата суырып, дәлелдеп жатудың өзі артық шығар. Өйткені жалпы халықтың аузында жүрмесе де, әдебиетті сүйетін қауым одан толық хабардар деп ойлаймын.
Өмірзақ Қожамұратовта өзгелерде кездесе бермейтін «түрме жырлары» топтамасы бар. Адуын мінезбен шындықты шыжғыртып бетке айтам деп талайдың көңіліне кек болып қатып, қуғынға ұшыраған ақынның табаны тайған кезі де болыпты. Замандастарының айтуынша, жұмыссыз жүрген кезінде қолында билігі бар бір дөкейге тілі тиіп, оның соңы кеңестік кездің моралына сай – «бездельник» деп айыпталып, істі болып, темір тордың дәмін тату да маңдайына жазылған көрінеді. Әзірге жете зерттелмеген бұл тақырыпқа тереңдегіміз келмейді, бірақ тірі жүргені үшін қуғын көрген ақынның заманынан қиянат, зәбір көргені оның шығармашылығында да көрініс тауып, улы сөзбен мөрленгені анық.
Қарызын сұрар деймісің,
Қашасың қайда бәтшағар!
Өлмеймін әлде деймісің
Өлгенде нендей патшалар?!
Біле кет!
Ақылдан адасқандардың,
Ажалдан алмаспайтын.
Тақ үшін таласқандардың,
Табытқа таласпайтынын...
* * *
Ұшырғандармыз пырағын,
Фәнидің кеңістігінен.
Өлген жоқ ешкім, шырағым,
Есебі кемістігінен.
Өлмей де жүрген жоқ ешкім,
Ақылы асқандығынан.
Өліп те жатқан жоқ ешкім,
Албасты басқандығынан.
Қасіреттің өзін философияға айналдырған ақындық құдіретке бас имеске шараң жоқ...
Ол ақындық тағдырдың балын да, уын да ішті. Өмірлік ұстаным болмаса ақын да жоқ, соны білді. Сондықтан ол:
Батыр ақын болмаса
Батырлыққа мін емес.
Ақын батыр болмаса
Көрген күні – күн емес! – деп түйді.
Өмірзақ кей жырларында өз заманындағы ақындар айта бермейтін батыл болжамдарға барып, ойларын астарлап жеткізген кездері де аз емес. Құдайсыз дәуірде Құдайдың құдіретіне шек келтірмей, ештеңенің ізсіз кетпейтініне сенді. Сондықтан ол:
Желбіреп жасыл желегі,
Балауса балдыр,
Балғын көк,
Өлгендер қайтып келеді
Орман боп,
Жасыл шалғын боп.
Қабылдап күннің ыстығын,
Өлгендер қайта жаңғырып,
Түсіне білсең құс тілін,
Айтады жырын мәңгілік, –
деп жырлап, өзінің де жоғалмайтынын, рухы халықпен бірге жасай беретінін айтып өтті.
...Керегі не маған атақ, даңқтың,
Еңбегіммен өз жолымды таныппын.
Мен перзенті – қызыл күнді көтерген,
Қазақ елі деген ұлы халықтың! –
деп – атақ, даңқсыз да адам болып, халқы алдындағы перзенттік парызын өтеудің ұлы мақсат екенін адамгершілік деп білді.
Өмірзақ Қожамұратов – әлі күнге өмірі мен шығармашылығы жете зерттелмеген ақын. Әр жерде бірлі-жарым естеліктер, шағын мақалалар жарияланып жатқанымен оларда ақын өміріне қатысты үзік-үзік әңгімелер айтылады да, үлкен бір өнер иесінің тағдыры мен туындыларына қатысты толық картина жасалмай, әлі күнге көңілге күмән ұялататын әңгімелердің шеті көрініп қалып жатады. Олардың арасында ақынның отбасылық өмірі мен өзге ақындармен шығармашылық байланысы (Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, т.б.), үндестігі жайлы шұқшия зерттеуге қатысты жайлар бар.
Біз «Әдебиет порталы» сайтына берген сұхбатымызда («Тектес таланттар бір-біріне ықпал етпей тұрмайды», 24.06.2022) ақын шығармашылығына қатысты біраз жайттарды қозғап өткендіктен, бұл арада оны қайталағымыз келмейді. Дегенмен Өмірзақ Қожамұратов шығармашылығы туралы жазған ақындар Сейфолла Оспановтың, Аманхан Әлімұлының мақалаларында, Өтежан Нұрғалиевтің сұхбаттарында айтылғандарды қайта бір зерделеп көру артық болмас дейміз.
Басқасы басқа, осы кезге дейін Өмірзақ Қожамұратов туралы жазылған естелік, мақалалар жинақталып, жеке кітап болып шыққан жоқ. Ал ол ақынды тереңірек білгісі келген халыққа біраз мәлімет берер еді.
Өмірзақ өз заманында жұрт білей бермейтін талай жайтқа қанық болғаны туралы замандастарының жазып қалдырғанын да білуге болады. Әдебиетші ғалым Қайыржан Аралбаев бір кезде Сарыағаш қаласында ауданда Төлеген Айбергенов, Өмірзақ Қожамұратовтармен кездескенін, сонда – ауданда прокурор болған Абай елінің тумасымен кездескенін, ол кісінің дастархан басында Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқып бергенін айтады. Бұл назар аударатын жайт. Себебі, Өмірзақ Қожамұратовтың «Ой кешу» кітабында шыққан өлеңдерінде Мағжан сөздерін пайдаланғанына (тырнақшаға ала отырып) көзіміз түскен. (Ол жайында 1996 жылы, ақынның 60 жылдығы тұсында жазған шағын зерттеуімізде айтып едік, бірақ, сол материалымыз кезінде жарияланбай қалды...).
Өкініштісі, таланты танылғанымен тірісінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі бола алмай кеткендіктен ресми ортада Өмірзақ Қожамұратов туралы айтыла бермейді. Ақынның әлі күнге дейін бір де бір мерейтойы ресми түрде тойланған емес, мемлекеттік тапсырыспен де кітаптары шығып жатқан жоқ. Ондай істер Қали Жолдасов, Руза Алдашева секілді ел арасындағы санаулы жанашыр жандардың бастамасымен ғана атқарылып жатыр.
Ендеше ақын атын ардақтау бүкілхалықтық іс дер едік. Кезінде жерлестері ақынның бір мерейтойына орай әдеби шығармалар бойынша байқау ұйымдастырғанын естіп едік. Одан кейін ақынның аты Үшқұдық қаласындағы № 4-мектепке берілгені жайында баспасөзден оқығанбыз. Әзірге білетініміз осы. Болашақта Өмірзақ аты ол із қалдырған Қызылорда, Шымкент, Алматы қалаларында аталып, оның атына көше, мектеп атары беріліп жатса, қазағым деп тебіреніп өткен ақынның рухы алдындағы борышымыздың өтеуі болар еді.
Өмірзақ – бір өлкенің емес, тұтас қазақтың ақыны. Белгілі бір кезеңде ұлты үшін қаламымен қызмет еткен өнер иесі.
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі, қайдан алсын кемеңгерді, –
деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай, халық Өмірзақтай перзенттерін бағалауымен, мақтаныш етуімен ұлы. Ал ұлыда алалық болмайды.
Бір кезде:
Шыбынымды шырқыратып, жылатып,
Кетпейді ешкім көр-лақатқа құлатып.
Әр қазақтың жүрегінде, миында
Жүремін мен гүл атып... –
деп жырлаған ақын өз талантына сенген еді. Расымен солай, ол өлең сүйген, өнер сүйген қауымның жүрегінен орын алды және сол биігінен түспесі анық.
Ахмет ӨМІРЗАҚ