Тұрақсыз жұмыс кестесі денсаулыққа әсер етуі мүмкін – зерттеу

/
Тұрақсыз жұмыс кестесі денсаулыққа әсер етуі мүмкін – зерттеу
сурет: istockphoto.com

Жұмыс уақытының бірде күрт көбейіп, бірде азаюы күнделікті жоспарды ғана бұзбай, адамның денсаулығына да әсер етуі ықтимал. АҚШ-та 61 мыңнан астам қызметкердің деректерін талдаған ғалымдар құбылмалы кестенің салдары ерлер мен әйелдерде әртүрлі байқалатынын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

SSM – Population Health журналында жарияланған зерттеуді Иллинойс университетінің мамандары Синьи Цяньи Лу мен Тим Ляо жүргізген. Олар 18 бен 64 жас аралығындағы америкалықтардың жұмыс уақыты мен өз денсаулығына берген бағасын салыстырған. Зерттеушілер адамның аптасына қанша сағат жұмыс істейтініне ғана емес, бұл көрсеткіштің ай сайын қаншалықты өзгеретініне назар аударған.

Мысалы, бір қызметкер үнемі аптасына 40 сағат жұмыс істесе, оның кестесі тұрақты деп есептеледі. Ал жұмыс уақыты бір айда аптасына 20 сағат болып, келесі айда 60 сағатқа дейін өсіп, кейін қайта азайса, мұндай кесте өте құбылмалы саналады. Зерттеу авторларының айтуынша, ағза тұрақты жұмыс жүктемесіне бейімделуі мүмкін. Ал жұмыс уақытының үнемі күрт өзгеруі ұйқыны, демалысты, отбасылық міндеттерді және күнделікті жоспарды бұзады.

«Мәселе жұмыс сағатының абсолютті мөлшерінде емес. Негізгі қиындық – оның бірде көбейіп, бірде азаюында», – дейді әлеуметтанушы Тим Ляо.

Жұмысын жалғастырған ер адамдар арасында кесте тұрақсыз болған сайын денсаулығының нашарлағанын хабарлау ықтималдығы артқан. Тұрақты жұмыс кестесі бар ер адамдарда бұл көрсеткіш шамамен 28% болса, жұмыс уақыты ең қатты құбылған топта 38%-ға жеткен. Денсаулығын «өзгеріссіз» деп бағалау ықтималдығы, керісінше, 46%-дан 38%-ға дейін төмендеген.

Бұл байланыс апталық жұмыс уақыты ұзақ ер адамдар арасында айқынырақ байқалған. Жұмысын үздіксіз жалғастырған әйелдер арасында құбылмалы кесте мен денсаулықтың нашарлауының статистикалық тұрғыдан анық байланысы табылмаған.

Алайда ғалымдар денсаулығына байланысты жұмыс сағатын қысқартқан, уақытша жұмысқа шықпаған немесе еңбек нарығынан толық кеткен әйелдерді талдауға қосқанда жағдай өзгерген. Кесте құбылмалылығы ең төмен деңгейден ең жоғары деңгейге көтерілгенде, денсаулыққа байланысты еңбекке шектеу қойылу ықтималдығы шамамен 2,5%-дан 8%-ға жуықтаған.

Зерттеушілер мұны «дені сау қызметкер әсерімен» түсіндіреді. Егер денсаулығы нашарлаған адам жұмысын тастаса, тек жұмысын жалғастырған қызметкерлерді қамтитын зерттеулер оны есепке алмайды. Нәтижесінде еңбек жағдайының нақты зияны төмен болып көрінуі мүмкін.

«Ер адамдарда тұрақсыз жұмыс уақыты жұмыста жүрген кездегі денсаулықтың нашарлауымен байланысты болса, әйелдерде оның салдары жұмыс сағатын азайту, уақытша үзіліс жасау немесе жұмыстан кету түрінде байқалды», – дейді Синьи Цяньи Лу.

Зерттеу нәтижелері құбылмалы жұмыс кестесі мен денсаулық көрсеткіштерінің арасында байланыс барын көрсетеді, бірақ кестенің тұрақсыздығы денсаулықтың нашарлауына тікелей себеп болды деп дәлелдемейді.

Ғалымдар қатысушылардың денсаулығын медициналық тексеру арқылы емес, олардың өз бағасы бойынша анықтаған. Соған қарамастан, Иллинойс университеті жариялаған мәліметте еңбек сапасын бағалағанда жалақы, әлеуметтік жеңілдіктер мен жалпы жұмыс уақытынан бөлек, кестенің тұрақтылығына да назар аудару қажеттігі айтылған. Авторлардың пікірінше, жұмыс уақытының алдын ала белгілі болуы қызметкерлерге ұйқысын, демалысын, отбасылық міндеттері мен қаржысын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары