Бүгін «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен Астанадағы №101 жалпы орта білім беретін мектепте мұғалімдер күніне орай «Ұстаз айтса» іс-шарасы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – педагогтердің кәсіби тәжірибесін, өзекті мәселелер жөніндегі пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап, білім беру саласының бүгінгі тынысы туралы пікір алмасу. Диалог алаңында «Баланы жақсы оқыту үшін бүгін мұғалімге не қажет?» тақырыбы ортаға салынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараға «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев, Құрылтай депутаттары Асхат Аймағамбетов, Шолпан Каринова, Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов, ұстаздар мен білім саласының өкілдері қатысты.
Диалог барысында ұстаз мамандығының мәні, педагогтің күнделікті еңбегі, білім мен тәрбиенің сабақтастығы, заманауи технологияларды пайдалану, жасанды интеллект мүмкіндіктері, оқушының әлеуетін ашу, сондай-ақ педагог мәртебесі мәселелері талқыланды.
Құрылтай депутаты Асхат Қанатұлы мен Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Серікқалиұлы ұстаздарды мерекелерімен құттықтады.
Кездесу барысында педагогтердің ұсыныстары тыңдалып, білім беру процесін жетілдіруге қатысты пікірлері ескерілді.
«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев елдің түпкір-түпкіріндегі мектептерде осындай диалог алаңы ұйымдастырылып, ұстаздардың ұсыныстары жиналып, партия төрағасы Айбек Дәдебайға жеткізілетінін айтты.
«Бүгін маңызды мереке. Ұстаздарды сол мерекесімен құттықтау үшін әрі үнін есту үшін партиямыздың төрағасы Айбек Арқабайұлының тапсырмасымен республика бойынша «Ұстаз айтса» диалог алаңын құрдық. Мұндағы мақсатымыз – мұғалімдердің ойында жүрген қандай мәселелер бар екенін білу, ой-пікірін ескеріп, Құрылтай деңгейіне жеткізу, осылайша түйткілдің шешімін табу. Еліміздегі 230 аудандағы 250-ден астам мектепте 25 мыңға жуық мұғалімнің қатысуымен осындай диалог алаңы ұйымдастырылды. Бүгін Құрылтай депутаттарымен бірге келіп, жақсы әңгіме өрбіттік. Мемлекет басшысының соңғы жылдардағы реформаларының аясында «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойылды. Ұстаздардың жалақысы өсіп, қаншама «Келешек мектептері» бой көтеріп, материалдық-техникалық базалары жақсарып жатыр. Жасанды интеллект заманында мұғалімдердің кәсіби біліктілігін де арттыратын көптеген жобалар қолға алынды», – деді ол.

Ержан Жұматұлы сонымен қатар, қанша дамыса да интернеттің ұстазды алмастыра алмайтынын да атап өтті.
«Қазір балалар барлық білімді интернеттен ала алады. Дегенмен баламен сөйлесу, талантын ашу, талабын ұштап, жақсы білім беру –ұстаздан. Күні бүгін мұғалімдердің атқарып жатқан жұмысы көп. Осы диалог алаңында да бірқатар ұсыныс айтылды. Мысалы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі балаларға тест емес, шығармашылық емтихан тапсырту туралы ұсыныс айтты. Бұл жердегі мақсат – баланың шығармашылық қабілетін көру. Осындай ұсыныстардың бәрін жазып алдық. Әр мектепте ұйымдастырылған диалог алаңдарында айтылған ұсыныстар мен пікірлерді жинақтап, «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Арқабайұлына есеп береміз. Кейін Құрылтайда қарап, халыққа хабарлап, іске асыратын боламыз», – деді ол.

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясының мүшесі Асхат Аймағамбетов күні бүгін ұстаздардың құқығы жақсы қорғалып отырғанын жеткізді.
«Педагог мәртебесі туралы» заң бар. Бұл заң қаншама құқық бұзушылықтың алдын алып, мұғалімдерімізді қорғап отыр. Бірақ арасында бірен-саран жағдайлар орын алып тұрады. Ондай кезде министрлікке, әр өңірдегі басқармаларға, прокуратура мен басқа да құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Ең бастысы – заң бар. Ол заң жұмыс істейді. Мектеп басшысы, Білім басқармасы, министрлік, ата-ана, жалпы кім педагогтың құқығын бұзса, сол заңға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады. Осы заңның шеңберінде тиісті шешім қабылданады», – деді ол.
Депутат сондай-ақ мұғалімдердің демалыс уақыты мен жұмыс уақытының ара-жігі нақты ажыратылғанын да, мектептен тыс жерде, жұмыстан тыс уақытта ұстаздар қауымының балаға жауап бермейтінін де атап өтті.
«Алдыңғы жылы тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы осы мәселені өзі көтерді. Сабақтан тыс уақытта, демалыс күндері оқушыға қатысты қандай да бір жағдай болса мұғалім жауапты болмауы керек деп қадап айтты. Сондықтан, біз, депутаттар алдыңғы жылы осы ұстаздар күніне орай арнайы заңды дайындадық. Ол заң биыл 2026 жылы маусымда қабылданды. Сонда осы мәселе толығымен заңнамалық тұрғыда шешілді. Енді мұғалім оқушыға тек өзінің кәсіби қызметінің шеңберінде, оқу-тәрбие жұмысының аясында, мектепте ғана жауапты болады. Демалыс күндері, түнде, сабақтан тыс уақытта, каникул кезінде оқушы әлдеқандай жағдайға ұшырап қалса оған ата-ана жауапты. Құзырлы органдар бар. Заң бұл мәселені нақты бекітті», – деді ол.

Асхат Қанатұлы «Ұстаз айтса» диалог алаңына тоқталып, «Әділет» партиясының республика бойынша өте үлкен бастама көтеріп отырғанын да айтты.
«Бүгін «Әділет» партиясы республика бойынша өте үлкен бастаманы көтеріп отыр. Бұл бастама Мемлекет басшысының «еститін мемлекет, халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының шеңберінде қолға алынғанын да айта аламыз. Мұндағы мақсат – келіп, тек ұстаздарды құттықтау емес, құттықтауға қоса, мұғалімдердің өздеріне сөз беріп, олардың нақты проблемаларын, ұсыныстарын тыңдау. Әр ауданда мәслихаттың депутаттары, «Әділет» партиясының активі, жетекшілері бар. Олар осылай мұғалімдермен кездесіп, осындай диалог алаңында пікір алмасып жатыр. Ол не үшін керек? Өйткені біз Құрылтайда қазір арнайы заң жобасын дайындап жатырмыз. Сондықтан осы ұсыныстардың бәрін жинақтап, бір маңызды шешімдерге қол жеткізуіміз керек. «Әділет» партиясының бағдарламасында ұстаздарды қолдау, жұмысшыларды қорғау, жалпы адами капиталды дамытуға баса көңіл бөлінген. Сол себепті ұстаздарды қолдау, олардың мәртебесін көтеру, оларды өзіне тиесілі емес жұмыстан босату, басқа жұмысқа тартпау сияқты мәселелерді шешу біздің күн тәртібіміздегі өте маңызды міндет болып тұр. Сондықтан осы жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Келіп түскен ұсыныстарды зерттеп, қорытып, дайындаған заң жобамызға қосып, Құрылтайда қарап, «Әділет» партиясы кешенді жұмысты жалғастырады», – деді ол.

Іс-шараға қатысқан оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов биыл қабылданған жаңа Конституцияда алғаш рет білім саласына айрықша мән берілгенін тілге тиек етті.
«Бүгінде ұстаздық – беделді мамандықтардың қатарында. Зерттеулерге сәйкес, Қазақстан педагог мамандығының қоғам тарапынан мойындалуы бойынша әлемде екінші орын алады. Ал мұғалімдердің жалақысына қанағаттану деңгейі бойынша әлемдегі ТОП-5 елдің қатарына кіреді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектеп салынды. Бұл мектептер әрбір баланы тұрғылықты жері мен әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы әрі қолжетімді біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Биыл «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасы қабылданды. Балалардың құқықтарын қорғау, олардың әл-ауқатын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың бірыңғай стратегиясы қалыптасты. Биыл жаңа Конституция қабылданды. Басты құжатта тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді. Яғни адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды. Жаңа оқу жылынан бастап, білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндеттермен толықтырылды. 5-7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні, 8-11 сыныптарға «Заң мен тәртіп» пәні енгізілді», – деді ол.
Вице-министр сондай-ақ қазақстандық оқушылардың халықаралық олимпиадаларда көш бастап келе жатқанын айтып, Қазақстан құрамасының жетістіктеріне тоқталды.
«Цифрландыру және жасанды интеллект технологиясы қазіргі заманның ақиқаты. Сол себепті Мемлекет басшысы «Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы» жарлығын қабылдады. Бірінші кезеңде 500 шағын жинақты мектепті қамту көзделген. 2029 жылға дейін бұл технологияларды осындай 2,5 мың мектепке енгізу жоспарланған. Жоба педагогтердің жұмысын қолдауға, әр оқушының жеке қажеттілігіне бейімделуге, сондай-ақ ауылдық және шағын жинақты мектептер үшін сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бүгінде Қазақстан халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсететін санаулы елдің бірі болып отыр. Өткен оқу жылында қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпада мен ғылыми конкурстарға қатысып, 1059 медаль және 57 арнайы марапатқа ие болды. Қазақстан құрамасы робототехника бойынша төрт дүркін әлем чемпионы, химия бойынша халықаралық олимпиаданың үш дүркін чемпионы, ал физикада абсолютті чемпион атанды. Биылғы ең маңызды жетістіктің бірі – Колумбияда өткен 60-шы халықаралық физика олимпиадасында тарихи жеңіске жетуі болды. Қазақстан құрамасының барлық 5 қатысушысы алтын медаль жеңіп алып, ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Бұл жетістіктердің барлығы ұстаздардың күнделікті еңбегі мен кәсіби шеберлігінің жемісі. Баршамызға ортақ міндет – жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеу, оқушылардың бойына «Заң мен тәртіп» қағидаттарын сіңіру және «Таза Қазақстанды» құруға өз үлесімізді қосу. Бұл ел болашағына деген ортақ жауапкершілігіміз. Осы игі мақсат жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін!», – деді ол.

№ 101 жалпы білім беретін орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Шауенова педагог ретінде оқушылардың сыни ойлауын, ұлттық және адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру бағытындағы тәжірибесін бөлісті.
«Бүгінгі бізге «Ұстаз айтса» ашық алаңында ойымызбен, тәжірибемізбен бөлісетіндей үлкен мүмкіндік туып тұр. Министрліктен келген қызметкерлермен ашық әңгімелесуге келіп тұрмыз. Ұлт пен ұрпақ болашағы үшін ұстаздың қызметі қалай зор болса, мемлекеттік қызметкерлердің ұстаздардың сөзін тыңдауы да сондай маңызды. Біздің үнімізді естіп, сөзімізді елеп жатқанына өте қуаныштымыз», – деді ол.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде білім беру саласына қосқан үлесі мен кәсіби қызметіндегі еңбегі үшін бірнеше педагогке «Әділет» партиясының және Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаттары табысталып, қатысушылар естелік суретке түсті.

Сондай ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» ауқымды республикалық жобасын қолдау мақсатында № 101 орта мектеп кітапханасына партия төрағасының атынан түрлі жанрдағы кітаптар сыйға тартылды.