100-ден асқандардан ерекше жасуша табылды

/
100-ден асқандардан ерекше жасуша табылды
сурет: istockphoto.com

Жапония ғалымдары 110 жастан асқан адамдардың қанынан қатерлі ісік пен зақымданған жасушаларға шабуыл жасай алатын сирек иммун жасушаларын көп мөлшерде анықтады. Зерттеушілер бұл ерекшелік ағзаның өте қартайған шақта да ауруларға қарсы тұруына көмектесуі мүмкін деп есептейді. Бірақ оның ұзақ өмір сүруге тікелей себеп болатыны әлі дәлелденген жоқ, деп хабарлайды turkystan.kz cell.com-ға сілтеме жасап.

Осака университетінің Косукэ Хашимото бастаған ғылыми тобы жасы 70-тен 119-ға дейінгі 28 адамның қан үлгілерін зерттеген. Қатысушылар үш топқа бөлінді:

  • 70–99 жастағы сегіз адам;
  • 100–109 жастағы он адам;
  • 110 жастан асқан он адам.

Ғалымдар олардың Т-жасушаларын бір жасуша деңгейінде талдап, гендердің белсенділігін, жасуша бетіндегі ақуыздарды және Т-жасуша рецепторларын салыстырды. Зерттеушілер CD4 цитотоксикалық Т-лимфоциттері немесе CD4 CTL деп аталатын сирек жасушаларға назар аударған. Әдетте CD4 Т-жасушалары иммундық жауапты ұйымдастырып, басқа қорғаныс жасушаларына бағыт береді. Сол себепті оларды Т-хелперлер, яғни көмекші жасушалар деп атайды. Алайда олардың аз бөлігі уақыт өте келе жұқтырылған, қартайған немесе қатерлі өзгеріске ұшыраған жасушаларды тікелей жоятын қасиетке ие болады.

Зерттеу бұл жасушалардың үлесі адамның жасы ұлғайған сайын көбейетінін көрсетті. 70–99 жастағы қатысушыларда CD4 CTL барлық Т-жасушаның орта есеппен 4 пайызын құраған. 100–109 жастағыларда көрсеткіш 9,6 пайызға, ал 110 жастан асқандарда 17,6 пайызға жеткен. Демек, сирек жасушалардың айқын көбеюі шамамен 100 жасқа қарай басталуы мүмкін. Дегенмен жасы 100-ге толмаған бір қатысушыда олардың үлесі ерекше жоғары болған. Бұл жас қана емес, басқа да биологиялық факторлар әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді.

CD4 CTL жасушаларының бетіндегі ақуыздарды зерттеген ғалымдар олардың біртіндеп өзгеретінін байқаған. Алдымен кәдімгі CD4 жасушасы CD27 ақуызынан, кейін CD28 ақуызынан айырылып, цитотоксикалық қасиетке ие болады. Аса ұзақ жасаған адамдарда мұндай жасушалар белгілі бір қауіпке жауап ретінде бірнеше рет көбейіп, бір бастапқы жасушадан тараған клондар түзген. Ең ірі бір клон CD4 CTL жасушаларының орта есеппен үштен бірін құраған. Кейбір қатысушыларда бұл көрсеткіш жартысынан да асқан.

Бұл иммундық жүйенің кездейсоқ өзгерісі емес, ағзада ұзақ уақыт сақталған нақты антигендерге жауап болуы мүмкін. Зерттеушілер кейбір жасуша рецепторларының өкпе, сүт безі және бауыр ісігі бар науқастардан бұрын анықталған рецепторларға ұқсайтынын байқаған. Алайда зерттеуге қатысқан адамдарда аталған қатерлі ісіктер болмаған. Адам қартайған сайын ағзада зақымданған, қызметін тоқтатқан және қатерлі өзгеріске ұшырауы мүмкін жасушалар көбейеді. Ғалымдардың болжамынша, CD4 CTL жасушалары осындай нысандарды анықтап, жою арқылы иммундық бақылауды күшейтуі ықтимал.

«Жас ұлғайған сайын қартайған және қатерлі жасушаларды қоса алғанда, қалыптан тыс жасушалар саны артады. Иммун жүйесінің осы өзгерістерге бейімделуі ерекше ұзақ өмір сүруге ықпал етуі мүмкін», – дейді Косукэ Хашимото.

Сонымен бірге зерттеу «қатерлі ісіктен қорғайтын жасушалар адамның өмірін ұзартады» деген қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді. Керісінше, 110 жасқа жеткен адамдарда ұзақ өмір сүрудің салдарынан осындай иммундық бейімделу қалыптасуы да мүмкін.

Жұмысқа небәрі 28 адам қатысқан және барлық талдау бір уақыттағы қан үлгілеріне негізделген. Зерттеушілер бұл адамдарды ондаған жыл бойы бақыламағандықтан, CD4 CTL жасушаларының нақты қай жаста көбейе бастағанын және денсаулыққа қалай әсер еткенін дәл айта алмайды.

Сондай-ақ қанда анықталған жасушалардың әртүрлі тіндер мен мүшелерде қалай әрекет ететіні белгісіз. Келесі кезеңде ғалымдар оларды қандай антигендер белсендіретінін және қартайған немесе қатерлі жасушаларды шынымен жоя алатынын анықтамақ.

Зерттеу Cell Reports журналында жарияланды. Нәтижелерге тәуелсіз шолу жасаған Nature басылымы да әзірге бұл жасушалар мен ұзақ өмір сүру арасындағы себеп-салдар байланысы дәлелденбегенін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары