Астанада тұрғындарға жаппай хабарлама жіберіп, алдаған қылмыстық топ ұсталды

/
Астанада тұрғындарға жаппай хабарлама жіберіп, алдаған қылмыстық топ ұсталды
istockphoto.com

Астана қаласында азаматтардың дербес деректері мен ақшалай қаражатын иемдену мақсатында фишингтік хабарламаларды жаппай таратумен айналысқан адамдар тобының қылмыстық әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Биылғы қаңтар айында Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінің азаматы ақшалай сыйақы үшін Қазақстан Республикасының аумағында заңға қайшы қызметті ұйымдастыруға жергілікті тұрғынды тартқан.

Қылмыстық схемаға жабдықтың жұмысын қамтамасыз еткен басқа да адамдар тартылған.

Құқық бұзушылар ұялы байланыс базалық станциясының жұмысын имитациялайтын және операторлардың сүзгілеу жүйелерін айналып өтіп, хабарламаларды жаппай таратуға мүмкіндік беретін «SMS-бластер» құрылғысын пайдаланған.

Төрт күн ішінде Beeline, Kcell және Activ операторларының абоненттеріне белгілі компаниялардың атынан бонустарды айырбастау туралы ұсыныстармен шамамен 150 мың фишингтік SMS-хабарлама жіберілген. Сілтемеге өткен кезде пайдаланушылар жалған сайтқа бағытталып, онда олардан дербес және банктік деректерін, оның ішінде төлем карталарының деректемелерін, CVV кодын және SMS арқылы жіберілген растау кодын енгізу талап етілген.

Қаскөйлер азаматтардың құпия ақпаратына және олардың банктік қаражатына қол жеткізген.

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі SMS-бластерді тәркіледі. Жүргізілген сараптама нәтижесінде аталған құрылғы жедел-іздестіру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге арналған арнайы техникалық құрал екені анықталды.

Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 399-бабының 2-бөлігі, яғни «Ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды заңсыз дайындау, өндіру, сатып алу, өткізу немесе пайдалану» бойынша тергелуде.

Төрт күдікті қамауда отыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.

Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар