Ресейдегі ірі өрттен Қазақстан азаматы қаза тапты

/
Ресейдегі ірі өрттен Қазақстан азаматы қаза тапты
t.me/ghest_omsk

Ресейдің Омбы қаласында салынып жатқан көпқабатты ғимаратта болған ірі өрт екі адамның өмірін қиды. Қаза тапқандардың бірі Қазақстан азаматы екені белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Омбы облысы ТЖМ мәліметінше, өрт 15 тамызда Шаронов көшесіндегі құрылыс нысанында шыққан. Алдын ала ақпарат бойынша, бірінші қабаттағы құрылыс материалдары тұтанып, кейін жалын ғимараттың жоғарғы қабаттарына тараған.

Төтенше жағдай салдарынан сегіз адам зардап шеккен. Олардың денесінің 20-дан 90 пайызына дейін күйік шалып, ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілген.

Кейін екі адамның қаза болғаны хабарланды. Олардың бірі – 2002 жылы туған Қазақстан азаматы. Оның денесінің шамамен 70 пайызын күйік шалғаны айтылды.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де отандасымыздың қайтыс болғанын растады.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның Омбыдағы Бас консулдығы марқұмның отбасымен байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.

«Қазақстанның Омбыдағы бас консулдығы барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Оның ішінде құжаттарды ресімдеу және азаматтың қаза болу мән-жайына қатысты ресейлік құзырлы органдармен өзара іс-қимыл жасау бойынша көмек көрсетілуде», – деп мәлімдеді СІМ.

Министрлік өкілдері марқұмның жақындарына өз құзыреті шегінде қажетті қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар