Қарағанды облысында өткен тәулікте облыс аумағында алдын ала есеп бойынша жалпы ауданы 1,3 мың гектардан асатын 9 табиғи өрт сөндірілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазіргі уақытта Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында таулы-далалы жерлердегі 7 табиғи өртті, құрғақ шөп пен бұталардың жану ошақтарын жою жұмыстары жалғасуда.
Өртті жою жұмыстарына ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың 620 қызметкері және 134 бірлік техникасы жұмылдырылды. Өртті сөндіру жұмыстары жетуі қиын таулы-далалы жер бедері, ауа температурасының жоғары болуы және қатты екпінді жел салдарынан күрделенуде.
Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып жүргізілген таңертеңгі әуеден бақылау нәтижесінде қабылданған шаралардың арқасында ашық жану учаскелерінің жойылғаны анықталды. Қазіргі уақытта жекелеген учаскелерді сумен сөндіру және қалған ошақтарды жою жұмыстары жүргізілуде.
Аталған төрт ауданда шамамен 3,9 мың шаруа және фермер қожалығы бар. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өрттің елді мекендерге, тұрғын үйлер мен шаруашылықтарға таралуына жол берілмеді. Елді мекендерге қауіп жоқ.
Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп, өрт жағдайына тұрақты мониторинг жүргізілуде және күштер мен құралдардың үйлестірілуі қамтамасыз етілуде. Жағдай ТЖМ бақылауында.