АҚШ тұрғыны Фрэнк Земенски Рубик текшесін жылдам жинаудан жарысқа қатысқан ең қарт адам ретінде ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Рекорд Нью-Йорк штатында өткен Two Buffalo Cube Days турнирінде тіркелген. Жарыс Земенски 95 жасқа толғаннан кейін небәрі тоғыз күн өткен соң ұйымдастырылған.
Америкалық Рубик текшесіне сонау 1980 жылы, әйгілі басқатырғыш пайда болғаннан алты жыл өткен соң қызыға бастаған. Ал кейінгі уақытта ол Орчард-Парк кітапханасындағы спидкубинг клубына тұрақты барып жүрген. Бір қызығы, клуб мүшелерінің басым бөлігі – жасөспірімдер.
Земенски жаттығулар барысында Рубик текшесін жылдам жинаудың заманауи алгоритмдерін меңгерген. Соның арқасында ресми жарыста 2×2×2 және 3×3×3 форматындағы текшелерді сәтті құрастырып шықты.
Рекордтық сайыста 95 жастағы қатысушы классикалық 3×3×3 Рубик текшесін 5 минут 49 секундта жинаған.
Осы жетістігінің арқасында Фрэнк Земенски Рубик текшесін жылдам жинаудан ресми жарысқа қатысқан ең егде жастағы адам ретінде тарихқа енді.
Земенскидің айтуынша, адамның жасы жаңа нәрсені үйренуге немесе жетістікке жетуге кедергі болмауы керек. Ол денсаулығы мүмкіндік бергенше жарыстарға қатысуды жалғастырмақ.