97 жастағы әжей ұшып бара жатқан ұшақтың қанатында тұрып, рекорд жаңартты

/
97 жастағы әжей ұшып бара жатқан ұшақтың қанатында тұрып, рекорд жаңартты
Andrew Matthews/PA Images via Getty Images

Ұлыбританияның 97 жастағы тұрғыны Бетти Бромейдж ұшып бара жатқан ұшақтың қанатына шығып, өзінің бұрынғы рекордын жаңартты. Осылайша ол мұндай экстремалды ұшуды орындаған әлемдегі ең қарт әйел атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл Беттидің соңғы он жыл ішіндегі осындай алтыншы сынағы.

Алайда бұл жолғы дайындық бұрынғыдан қиынырақ болған. Былтыр тамызда Бромейдж инсульт алып, оның салдары сөйлеу қабілетіне әсер еткен. Соған қарамастан, ол жоспарынан бас тартпаған.

Беттидің айтуынша, көру қабілетінің нашарлауына байланысты қазір көлік жүргізе алмайды. Мұндай шектеулер оған оңай тимегенімен, денсаулығы мүмкіндік беріп тұрған кезде белсенді өмір салтын жалғастыруды маңызды санайды.

Оның сөзінше, жаңа әсер мен ерекше сынақтар болмаса, өмір бірсарынды болып кетуі мүмкін.

Бұл жолы Бетти үшін ең қиын кезең ұшудың өзі емес, ұшақтың қанатына көтерілу болған. Бойының аласа болуына байланысты жоғары шығу қиындық туғызған.

Ал әуедегі сәт өзі күткендей қорқынышты болмаған. Бромейдждің айтуынша, кейбір ойын-сауық саябақтарындағы аттракциондар бұдан да үрейлі көрінеді.

97 жастағы әйел бұл ерекше әрекетін қайырымдылық мақсатында ұйымдастырған. Жиналған қаражат инсульттан кейін өзі ем қабылдаған Челтнем ауруханасына беріледі.

Қаражат пациенттер мен медицина қызметкерлеріне қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалмақ.

Бетти Бромейдж мұнымен тоқтап қалғысы келмейтінін де айтты. Ол 100 жасқа толғанда тағы бір ерекше сынақ жасауды жоспарлап отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары