Павлодарда сабаққа кешігіп келген оқушы сыныптасының телефоны арқылы террорлық акт дайындалып жатқаны туралы жалған хабар берген. Жасөспірімнің әрекетінен кейін полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, оқушы сабаққа кешігіп келген кезде спорт залында қараусыз қалған ұялы телефонды байқап қалған. Жасөспірім телефонның өзіне тиесілі емес екеніне қарамастан, оны алып, шұғыл қызмет нөміріне қоңырау шалған. Ол телефон арқылы террорлық акт ұйымдастырылғалы жатқаны туралы хабарлаған. Алайда кейін бұл ақпараттың жалған екені анықталды.
Террорлық қауіп туралы қоңыраудан кейін тәртіп сақшылары тиісті тексеру жұмыстарын бастаған. Алдымен хабарлама түскен телефон нөмірі анықталып, кейін қоңыраудың қандай жағдайда жасалғаны белгілі болған.
Нәтижесінде жалған ақпарат таратқан адамның мектеп оқушысы екені анықталды.
Павлодар қалалық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған жасөспірім заңды өкілдерінің кепілдігіне берілді", – деді Балғабай Қапаров.
Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттердің салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады. Мұндай әрекет үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар жалған хабарламаға байланысты шұғыл қызметтердің жұмсаған шығындары да өтелуге тиіс.
"Жалған хабарламаға байланысты оқиға орнына жұмылдырылған шұғыл қызметтердің шығындары өтелуге тиіс. Бұл жағдайда келтірілген шығындарды кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдерінен өндіріп алу мәселесі қаралады", – деп хабарлады ведомство.