Павлодар облысының Екібастұз қаласында теміржол станциясының қызметкері жұмыс барысында қайғылы жағдайға тап болды. Ер адамды жүк вагоны басып кетіп, ол оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы оқиға Екібастұздағы теміржол станциясында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм станцияда қозғалыс жылдамдығын реттеуші болып жұмыс істеген. Қызметтік міндетін атқару кезінде оны жүк вагоны басып кеткен.
Ер адам алған ауыр жарақаттарының салдарынан оқиға орнында қайтыс болды. Аталған жағдайға байланысты Көліктегі полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Ведомствоның хабарлауынша, іс абайсызда адам өліміне әкелген теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу фактісі бойынша тергеліп жатыр.
"2026 жылғы 10 қарашада Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімі абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған теміржол көлігінің қозғалыс немесе пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", – деп хабарлады ведомство.
Қазір тәртіп сақшылары жұмысшының қандай жағдайда қаза тапқанын және теміржолдағы қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағанын анықтап жатыр.
Марқұмның жеке басына қатысты мәліметтер мен оқиғаның өзге де мән-жайлары әзірге жарияланған жоқ. Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу деректері тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін мәлімдеді.