Ақтөбе облысында теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Республика көлемінде қолға алынған ауқымды бағдарлама аясында өңірдегі жеті вокзалға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Соның ішінде биыл Шалқар мен Шұбарқұдық вокзалдарының жаңартылып, пайдалануға берілуі облыстың көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды оқиға болды.
Теміржол вокзалы – өңірдің келбетін айқындайтын, көлік әлеуетін көрсететін маңызды нысан. Сондықтан кейінгі жылдары елімізде вокзалдарды заман талабына сай жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Негізгі мақсат – жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, қызмет көрсету сапасын арттыру және өңірлер арасындағы көлік қатынасын жетілдіру.
Бүгінде республика бойынша 124 теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Ақтөбе облысында Ақтөбе, Қандыағаш, Алға, Жем, Қарауылкелді, Шалқар және Шұбарқұдық вокзалдары осы бағдарламаға енгізілген. Қазір Шалқар мен Шұбарқұдық вокзалдарындағы жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілсе, қалған бес нысанда жөндеу жалғасуда.
Көлік қызметкерлері күні қарсаңында өткен салтанатты іс-шарада жаңартылған екі вокзалдың есігі жолаушылар үшін қайта ашылды. Бұл – еліміздегі теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасының нақты нәтижелерінің бірі.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
– Ақтөбе облысында жеті теміржол вокзалы жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстың басты мақсаты – тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, өңірдің көлік инфрақұрылымын дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру. Шалқар мен Шұбарқұдық вокзалдарының пайдалануға берілуі – осы жүйелі жұмыстың маңызды кезеңі, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ғасырлық тарихы бар Шалқар вокзалы
Шалқар теміржол стансасы – өңірдегі ең көне теміржол нысандарының бірі. Бір ғасырдан астам тарихы бар вокзал осы уақытқа дейін күрделі жөндеу көрмеген.
Жаңғырту барысында ғимарат толық жаңартылып, инженерлік жүйелер түгелдей ауыстырылды. Заманауи күту залдары, ана мен бала бөлмесі, қызметтік кабинеттер жабдықталды. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қозғалуына барлық жағдай жасалып, вокзал толықтай қолжетімді орта қағидаттарына сәйкестендірілді.
Ғимараттың жалпы аумағы екі есеге жуық ұлғайып, 833,6 шаршы метрге жетті. Соның арқасында жолаушыларға қызмет көрсету мүмкіндігі едәуір артты.
Теміржол саласының ардагері, шалқарлық Жеткерген Өтегенов жаңартылған вокзалдың тарихи маңызы ерекше екенін айтады.
– Біз үшін вокзал – жай ғана ғимарат емес. Бұл – туған өлкенің тарихымен біте қайнасқан орын. Осы жерде бірнеше буын теміржолшылар еңбек етті. Оның бүгінгі жаңа келбе-
ті – өңірдің дамуы мен жаңаруының айқын көрінісі, – дейді ардагер.
Шұбарқұдықтың жаңа келбеті
Темір ауданының басты көлік нысаны Шұбарқұдық вокзалы да күрделі жөндеуден кейін мүлде жаңа кейіпке енді.
Қайта жаңғырту барысында ғимараттың қасбеті мен шатыры жөнделіп, барлық инженерлік желілер ауыстырылды. Вокзал маңы абаттандырылып, жаңа жиһаздар мен заманауи жабдықтар орнатылды.
Ең басты өзгерістердің бірі – вокзал аумағының кеңеюі. Бұрын 111 шаршы метрді құраған ғимараттың жалпы ауданы қазір 207 шаршы метрден асты.
Жаңартылған вокзалда кең күту залы, билет кассалары, санитарлық тораптар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы бөлмелер және қызметкерлер үшін қолайлы жұмыс орындары қарастырылған.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Ақтөбе магистралдық желі бөлімшесі» филиалы директорының орынбасары Айбек Таласовтың айтуынша, вокзалдарды жаңғырту – өңірдің көлік әлеуетін нығайтуға бағытталған ұзақмерзімді жоба.
Ал Шұбарқұдық стансасының бастығы Алтай Абдуллиннің сөзінше, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін вокзалдың сыртқы келбеті ғана емес, қызмет көрсету сапасы да айтарлықтай жақсарған.
– Жаңа инженерлік жүйелер орнатылып, жұмыс кабинеттері толық жаңартылды. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше мән берілді. Енді жолаушылар пойыз күту кезінде вокзалдың барлық инфрақұрылымын еш кедергісіз пайдалана алады, – дейді ол.
Қазір стансада екі ауысыммен 14 қызметкер еңбек етеді. Шұбарқұдық – Темір ауданының орталығы. Осы стансадан тұрғындар Астана, Алматы, Ақтөбе және еліміздің өзге өңірлеріне қатынайтын жолаушылар пойыздарының қызметін пайдаланады.
Жаңарту – өңір дамуына серпін
Мамандардың пікірінше, вокзалдарды жаңғырту тек құрылыс жұмыстарымен шектелмейді. Бұл – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді жоба.
Бүгінде вокзалдарда қауіпсіздік жүйелері күшейтіліп, цифрлық қызметтер енгізілуде. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта жасалып, ана мен бала бөлмелері, кең күту залдары, жаңа санитарлық тораптар мен ақпараттық жүйелер халықаралық талаптарға сай жабдықталуда.
Әсіресе, аудан орталықтарындағы вокзалдардың жаңаруы шалғай өңір тұрғындары үшін айрықша маңызды. Себебі теміржол көптеген аудан үшін негізгі көлік қатынасы ғана емес, әлеуметтік және экономикалық байланысты қамтамасыз ететін стратегиялық инфрақұрылым саналады.
Ақтөбе облысында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар толық аяқталған соң өңірдегі жеті вокзалдың барлығы заманауи талаптарға сай қызмет көрсететін болады.
Ж.ШАЛҚАР,
Ақтөбе облысы