Іш майын кетіру үшін қаншалықты жиі жаттығу жасау керек?

/
Іш майын кетіру үшін қаншалықты жиі жаттығу жасау керек?
сурет: istockphoto.com

Аптасына небәрі бір рет қарқынды дене жаттығуын жасау іш аймағындағы майды азайту үшін жеткілікті болуы мүмкін. Гонконг университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу аптасына бір ғана ұзақ интервалды жаттығудың тиімділігі үш бөлек жаттығудан кем түспейтінін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz. Зерттеу нәтижелері Nature Communications ғылыми журналында жарияланды.

2021-2024 жылдар аралығында өткен рандомизацияланған зерттеуге іш аймағында артық майы бар немесе артық салмақтан зардап шегетін 315 ересек тұрғын қатысты.

Қатысушылар үш топқа бөлінді. Бірінші топ аптасына бір рет 75 минуттық жоғары қарқынды интервалды жаттығу жасады. Екінші топ дәл сондай жалпы уақытты аптасына үш жаттығуға бөліп орындады. Ал бақылау тобындағы қатысушылар екі аптада бір рет тек салауатты өмір салты туралы дәрістерге қатысты. Ғалымдар зерттеудің басында, сондай-ақ 16 және 32 аптадан кейін қатысушылардың дене құрамын рентгендік денситометрия әдісімен бағалады. Нәтижесінде екі жаттығу тобы да бірдей оң өзгерістерге қол жеткізді. Олардағы жалпы май массасы, денедегі майдың үлесі және бел шеңбері азайып, жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесінің төзімділігі жақсарған. Бұл көрсеткіштер бақылау тобымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болды.

Зерттеу жетекшісі, Гонконг университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің кинезиология бөлімінің меңгерушісі, профессор Парко Сиу Мин-Файдың айтуынша, аптасына бір рет жаттығу жасау да денсаулыққа айтарлықтай пайда әкеледі және жұмыс, оқу немесе отбасыға байланысты уақыт таппайтын адамдар үшін тиімді шешім бола алады.

Ғалымдардың пікірінше, бұл зерттеу тұрақты спортпен айналысуға уақыттың жетіспеуі басты кедергі деп санайтын адамдарға маңызды жаңалық болуы мүмкін. Ең бастысы – апталық физикалық белсенділіктің жалпы көлемін сақтау және жаттығуды жүйелі түрде орындау.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары