Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының Шолпан-Атада өтіп жатқан бейресми Консультативтік кездесуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзара сенімнің нығаюы мен өңірлік ынтымақтастықтың қарқынды дамуының арқасында Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мемлекет басшысы осы маңызды Шартқа қосылғаны үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.
– Келесі кезең аталған құжат ережелерін нақты іске асыру болуға тиіс деп санаймын. Осыған байланысты достық пен тату көршілікті одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты бекемдеуге бағытталған ұзақмерзімді өзара ықпалдастығымыздың анық бағдарлары көрсетілген іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және қабылдауды ұсынамын. Өзара сенімнің нығаюы мен өңірлік ынтымақтастықтың қарқынды дамуының арқасында Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр деп нық сеніммен айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Әзербайжанның Консультативті кездесулердің толық мүшесі болуы бұл форматты нығайтудағы оң эволюцияның жаңа деңгейін көрсететінін мәлімдеді.
– Бірлескен күш-жігеріміз арқылы саяси диалогты одан әрі тереңдетуге, инвестиция, энергетика, өнеркәсіп салаларындағы қарым-қатынасты жандандыруға, бірыңғай көлік-логистика жүйесін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасалуда. Соңғы жылдары өңірішілік сауда ұдайы өсіп, іскерлік байланыс кеңейе түсті. Бірлескен кәсіпорындар құрылып, ортақ инвестициялық жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар гуманитарлық қарым-қатынас жандана түсті. Мәдениет, білім салаларындағы, жастар арасындағы ықпалдастықтың мазмұны байып келеді. Осы оң нәтижелердің барлығы бауырлас халықтарымызды одан әрі жақындатуға, және аймақтың беделін нығайтуға ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы.