Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Мемлекет басшысы Ермек Сағымбаевты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен не себепті босатқанын түсіндірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның мәлімдеуінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымынан босату жөнінде шешім қабылдады.
«Президент аталған арнайы қызметті реформалау міндетін табысты орындау мақсатында басшылық кадрлардың орнын ауыстыру қажеттігін ескере отырып, осындай шешімге келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды.
Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайды. Оны тергеу шаралары кезіндегі фигуранттардың әрекеттері растады.
Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болды. Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күреске қатысты берік ұстанымы өзгермейді», – деп жазды Айбек Смадияров.
Сондай-ақ ол Президенттің Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізіп, қызметтік тәртіпті нығайту және полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма бергенін айтты.
«Президент қызметтік тәртіпті нығайтуды, «Заң мен Тәртіп» қағидатына сай қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты міндеттерді атқару барысында полицияның кәсіби даярлық деңгейін көтеруді тапсырды.
Министр Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлік құрамы арасында тәрбие жұмыстарын күшейту керек екені айтылды», – деп толықтырды ол.