Өткен аптада Алматыда Корея Республикасының жетекші сарапшылары қатысуымен
ACT Creative Tech Week 2026 халықаралық форумы өтті.
Іс-шараға Қазақстан мен Корея Республикасынан білім беру, креативті индустрия, жасанды интеллект және цифрлық технология саласының өкілдері қатысты.
Форумды өткізу Сеул қаласында «Диалог» аудармашылар одағы» қоғамдық бірлестігі, Academy of Creative Technologies (ACT) және YLAB Academy арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумды іске асырудағы алғашқы практикалық қадам болды. Құжат білім беру, креативті индустрия, жасанды интеллект және цифрлық технология саласындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Серіктестік аясында тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеп, халықаралық іс-шаралар ұйымдастырады, ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырады және кәсіби тәжірибе алмасады.
Academy of Creative Technologies (ACT) – Алматыдағы ALT University базасында жұмыс істейтін халықаралық білім беру платформасы. Ол жасанды интеллект, ақпараттық технология және креативті индустрия бағыттары бойынша маман даярлаумен айналысады. Ал YLAB Academy – вебтундар мен зияткерлік меншік (IP) саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын YLAB компаниясының білім беру бөлімшесі.
ACT Creative Tech Week 2026 аясында Алматыда алғаш рет YLAB Academy сарапшылары сөз сөйледі. Форум қатысушылары визуалды сторителлингтің заманауи тәсілдеріне, Webtoon жасауға, зияткерлік меншікті дамытуға және цифрлық контент өндіруге арналған дәрістер мен шебердің сабағына қатысып, іс-шара тәжірибе алмасуға, әлемдік үрдістерді талқылауға және жаңа халықаралық серіктестіктерді қалыптастыруға арналған маңызды алаңға айналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақстандық және кореялық білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастық халықаралық деңгейдегі маман даярлауға, креативті экономиканы дамытуға және білім беру үдерісіне заманауи технологияны енгізуге жаңа мүмкіндік ашады.
Іс-шараның ашылуына Almaty Tourism Bureau өкілдері, шетелдік білім беру және технологиялық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ жасанды интеллект пен креативті индустрия саласындағы сарапшылар қатысты.
Форумда сөз сөйлеген Корея Республикасының Алматыдағы Бас консулы Ха Тэ Ук:
– 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы ынтымақтастық тұрақты түрде дамып, стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азиядағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Екіжақты сауда көлемі шамамен 6 миллиард АҚШ долларына жетіп отыр. Ал екі ел азаматтарының өзара сапарларының саны жыл сайын 110 мыңнан асады.
Көптеген жыл бойы екі елдің ынтымақтастығы энергетика, табиғи ресурстарды игеру және ин-
фрақұрылым салаларында табысты жүзеге асырылып келеді. Алайда жаһандық технологиялық өзгерістер жағдайында болашаққа бағытталған жаңа ынтымақтастық бағыттарын дамыту айрықша маңызға ие.
Жасанды интеллект, өндірісті цифрландыру, креативті индустриялар мен цифрлық контент салалары алдағы кезеңде корей-қазақстандық әріптестігінің жаңа қозғаушы күшіне айналып, екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп сенемін.
Әсіресе, осы бағдарламаның басты қатысушылары – еліміздің болашағын қалыптастыратын жас буын өкілдері екені ерекше мәнге ие. Бүгінгі білім алмасу мен кәсіби байланыстар келешекте екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың берік негізіне айналары сөзсіз, – деді.
ALT University Директорлар кеңесінің төрағасы Арслан Серіктегі апталық аясында оңтүстіккореялық бірқатар ұйымдармен ынтымақтастық меморандумдарына қол қою жоспарланғанын хабарлады. Оның айтуынша, келісімдер бірлескен білім беру бағдарламаларын, ғылыми зерттеулерді, академиялық тәжірибе алмасуды және озық технологияларды енгізуді дамытуға мүмкіндік береді.
ACT Creative Tech Week бағдарламасы төрт бағытты қамтиды: визуальды оқиғалар мен вебтундар жасау, кино, анимация және жарнамада жасанды интеллектіні қолдану, өндірісті цифрландыру және бағдарламалаусыз қосымшалар әзірлеу.
Қатысушылар халықаралық креативті және технологиялық индустрияда қолданылып жүрген практикалық құралдармен және кейстермен танысты.
А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ