«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі өңдеу өнеркәсібін дамытудың жаңа тәсілдерін ұсынды

/
«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі өңдеу өнеркәсібін дамытудың жаңа тәсілдерін ұсынды
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясы отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін қайта қарауды және сатып алуды ұзақ мерзімге жоспарлау жүйесін енгізуді, сондай-ақ елдегі өндіріс үлесін арттыру үшін ірі тапсырыс берушілер мен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуді ұсынады. Бұл бастамалар партияның Іскерлік кеңесі жанындағы Өңдеу өнеркәсібі жөніндегі салалық кеңестің алғашқы отырысында талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жаңа диалог алаңына Құрылтай депутаттары, тиісті министрліктердің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және салалық бірлестіктердің өкілдері жиналды. Қатысушылар кәсіпорындардың өзекті мәселелерін және отандық өндірісті қолдау шараларын жетілдіруге қатысты бизнес өкілдерінің ұсыныстарын талқылады.

Кеңестің жұмысы «Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған. Бағдарлама экономиканы әртараптандыруды және отандық өндірісті дамытуды көздейді.

«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев кәсіпкерлердің мәселесін шешу үшін партия мен Үкіметтің бірлесіп жұмыс істеуі және әр мәселе бойынша нақты шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті.

«Бірлескен жұмыстың нәтижесі өңдеу өнеркәсібіне ғана емес, бизнестің барлық саласына оң әсер етуі керек. Қазіргі кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелерді талқылап, олардың әрқайсысы бойынша тиімді шешімдер табу маңызды», - деді Эльдар Жұмағазиев.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков нарық талаптарына сәйкес отандық өндірісті қолдау тетіктерін жетілдіру маңызды екенін айтты.

«Заңнама үнемі жетілдіріліп отырады, ал нарықтағы жағдай дер кезінде өзгерістер енгізуді талап етеді. Сондықтан мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері мәселелерді жан-жақты талқылап, нақты шешімдер ұсынатын осындай сындарлы пікір алмасу алаңдарының маңызы зор», - деді Олжас Сапарбеков.

Негізгі ұсыныстардың бірі – Қазақстандық тауар өндірушілердің тізімін реформалау. Кәсіпорындарды өнімді өңдеу деңгейі, өндірістік қуаты және отандық шикізат пен материалдарды пайдалану үлесі бойынша санаттарға бөліп, әрқайсысына жеке қолдау шараларын белгілеу көзделіп отыр. Сондай-ақ ел ішіндегі құндылық үлесін есептеу тәртібін жетілдіріп, отандық тауарлардың үлесін цифрлық форматта қадағалау ұсынылды.

Тағы бір маңызды бағыт – қазақстандық тауарларға деген сұранысты алдын ала болжауға мүмкіндік беретін жүйе құру. Осы мақсатта ірі тапсырыс берушілердің үш-бес жылға арналған қажеттіліктерінің цифрлық картасын, ал күрделі әрі көп капиталды қажет ететін жобалар үшін он жылға дейінгі жоспарды әзірлеу ұсынылды. Бұған қоса, ұзақ мерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімдерді енгізу көзделіп отыр. Бұл кәсіпорындарға инвестицияларды жоспарлауға, өндірісті жаңғыртуға және өндірістік қуаттарды арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан машина жасаушылар одағының атқарушы директоры Талғат Базарбеков ел ішіндегі құндылықты дамыту жөніндегі заңнамалық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету керектігін айтты. Оның сөзінше, алдағы кезеңге жоспарланған қажеттіліктер туралы ақпараттың жеткіліксіздігі отандық өндірушілердің офтейк-келісімшарттар жасасуына және өндіріс көлемін ұлғайтуына кедергі келтіреді.

«Ел ішіндегі құндылықты дамыту жөніндегі міндеттемелерді орындамағаны үшін ірі тапсырыс берушілердің жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Салалық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу отандық өндірушілерді қолдау шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Талғат Базарбеков.

Тағы бір ұсыныс ірі жобаларды іске асыру кезінде отандық өндірушілерді қорғауға қатысты. QAZAQ STONE Қазақстанның тас өңдеу саласы одағы ЗТБ басқарма төрағасы Дәурен Ағзымов ұлттық режимге қатысты шектеулерді жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету кезінде пайдаланылатын тауарларға да қолдану қажет екенін айтты. Сондай-ақ мердігерлер материалдардың қай елде өндірілгенін көрсетуге міндетті болуы керек. Бұдан бөлек, салалық қауымдастық басшысы бірқатар шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, жергілікті қамту үлесіне қатысты міндеттемелерді бұзғаны немесе оларды өз мүддесіне сай түсіндіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынды.

«Қазақстандық тауарларды жобаларды жоспарлау кезеңінен бастап қарастыру қажет. Бұл отандық өндірушілерге тұрақты сұранысты арттырып, кәсіпорындарды дамытуға және өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», - деді Дәурен Ағзымов.

Талқылау барысында құрылыс материалдарының ішкі нарығын қорғау шаралары да қаралды. Атап айтқанда, Ираннан әкелінетін цементке «gavahi-ye moamele» сертификатын талап ету және сәйкестік сертификаттарының шынайылығын мемлекеттік органдардың порталдары арқылы тексеру мәселелері сөз болды.

Салалық кеңес төрағасы Қанат Ибраев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған ауқымды құрылыс жылы отандық өндірісті дамытуға және қазақстандық тауарлардың ішкі нарықтағы үлесін арттыруға мүмкіндік беруі керектігін атап өтті.

«Президент келесі жылды ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Біз импортқа тәуелді болып қалмай, қажетті өнімді өз елімізде өндіргенімізді қалаймыз. Өйткені Қазақстанда жеткілікті өндірістік әлеует бар екенін жақсы түсінеміз. Бүгін ел ішіндегі құндылыққа қатысты нормалар мен талаптарды орындамайтын шешім қабылдаушы тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік енгізу жөнінде ұсыныс айтылды», - деді ол.

Талқылау қорытындысы бойынша барлық бастама ресми түрде ұсыныстар мен тапсырмалар ретінде тіркеліп, оларды уәкілетті министрліктер мен ведомстволармен бірлесіп пысықтау туралы шешім қабылданды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары