Қазақстандық жас балуан Дияр Аманәлі Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан грек-рим күресінен U17 жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз финалда венгриялық Кеве Ковачпен белдесіп, қарсыласынан басым түсті.
Дияр Аманәлі әлем чемпионатындағы жорығын сенімді өткізіп, жарыс барысында грекиялық Николаос Зинисті, ресейлік Эдем Пайзиевті, грузиялық Георгий Кеделидзені және болгариялық Данимир Йордановты жеңді.
Осылайша, 17 жастағы қазақстандық балуан өз салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.
Бұған дейін 48 келі салмақта белдескен тағы бір қазақстандық спортшы Әли Алмас күміс медаль иеленген болатын.