Черногорияның Будва қаласында бокстан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында алматылық Еркетаң Жарқынбек қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен боксшы алғашқы жекпе-жегінде мексикалық Рамиро Нуньесті 5:0 есебімен жеңіп, ширек финалға өтті.
Ширек финалда Еркетаң германиялық Йоан Эрнандестен 3:2 есебімен басым түсіп, әлем чемпионатының жүлдесін қамтамасыз етті. Ал финалға жолдама үшін өткен кездесуде украиналық Владислав Науменкодан төрешілер шешімімен 1:4 есебімен жеңіліп, жарысты қола жүлдемен аяқтады.
World Boxing ұйымдастырған әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында өтіп, оған 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысты.