Құрылтай сайлауы: 7 партиядан 545 кандидат тіркелді

/
Құрылтай сайлауы: 7 партиядан 545 кандидат тіркелді
сурет: ОСК

23 шілдеде Орталық сайлау комиссиясының оныншы отырысы өтті. Жиында 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын партия тізімдерін тіркеу қорытындыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

ОСК мәліметінше, сайлауға қа­ты­­сатын 7 саяси партияның тізіміне бар­­лығы 545 кандидат енген. Құрыл­­тай­дағы депутат мандатының саны – 145. Кандидаттардың 172-сі – әйел, 373-і – ер адам. Әйелдердің үле­сі – 31,56 пайыз. Сонымен қатар 35 жас­қа дейінгі 74 кандидат бар. Кан­ди­дат­тардың орташа жасы – 45,4 жас.
Орталық сайлау комиссиясының хат­шысы Шавхат Өтемісов барлық пар­тия әйелдер, жастар және мүге­дек­тігі бар адамдардың өкілдігіне қойылатын заң талаптарын сақта­ға­нын хабарлады.

– 7 саяси партияның тізіміндегі әйел­дер, жастар және мүгедектігі бар адам­дардың жалпы үлесі – 43,9 пайыз, – деді ол.

Жиында саяси партиялардың сайлау бюллетеніндегі орналасу реті де жеребе арқылы анықталды. Дауыс беру парағында партиялар мынадай ретпен көрсетіледі: «Әділет» партия­сы, Жалпыұлттық социал-демо­кра­тия­лық партия, «Байтақ» жасылдар пар­тиясы, Қазақстан Халық пар­тия­сы, «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» де­мок­ратиялық партиясы және Respublica партиясы.
Сайлау науқанына халықаралық ба­қылаушылар да қатысады. 23 шіл­дедегі жағдай бойынша ОСК 12 мем­лекет пен бес халықаралық ұйым­нан 86 бақылаушыны тіркеген. Бақылаушыларды тіркеу 17 тамызға дейін жалғасады.
Өңірлерде үгіт материалдарын ор­наластыру үшін 8 мыңнан астам орын, ал сайлаушылармен кездесу өт­кізу үшін шамамен 4,5 мың ғи­ма­рат пен алаң дайындалған.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров жер­­гілікті атқарушы органдар бар­лық саяси партияға тең жағдай жа­­­сауға міндетті екенін атап өтті.
Сайлау заңнамасына бірқатар жаңа талап енгізілген. Дауыс беру кү­ні толтырылған бюллетеньді фо­то­ға немесе бейнежазбаға түсіруге және оны таратуға тыйым салынады. Сондай-ақ осы сайлау науқаны үшін арнайы әзірленбеген үгіт-насихат материалдарын таратуға болмайды.
ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік дауыс беру күні және оның алдын­да­ғы күні үгіт-насихат жұмысын жүр­гізуге тыйым салынатынын еске салды. Бұдан бөлек, сайлауға 5 күн қал­ғанда сауалнама нәтижелерін, бол­жамдар мен партияларды қол­дау­ға арналған дауыс беру қорытын­ды­ларын жариялауға болмайды.
Нұрлан Әбдіров партиялар мен кан­дидаттарды сайлау заңнамасын қа­таң сақтауға шақырды.

– Үгіт жүргізу тәртібі бұзылған жағ­дайда сайлау комиссиясы канди­дат­ты тіркеу туралы шешімнің кү­шін жоюы мүмкін, – деді ОСК төра­ғасы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары