Астанада тұрғын үй кешені маңында тұрған бес көлік өртеніп кетті

/
Астанада тұрғын үй кешені маңында тұрған бес көлік өртеніп кетті
Tengrinews.kz (видеодан скриншот)

Астанада бірден бес автокөлікті шарпыған өрттің шығу себебі анықталды. Арнайы зертхана жүргізген сараптамаға сәйкес, оқиғаға көліктердің біріндегі электр жүйесінің техникалық ақауы себеп болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Tengrinews.kz жазуынша, оқиға 6 қазанда елорданың Сарайшық ауданында болған. Өрт салдарынан бес автокөлік жанып кеткен.

Оқиғадан кейін өрттің шығуына не себеп болғаны туралы түрлі болжам айтылды. Соның бірі көліктің автоматты оталдыру жүйесіндегі ақауға қатысты еді.

Алайда полиция бұл нұсқаның расталмағанын мәлімдеді.

Астана қаласының полиция департаменті өрттің шығу себебін түсіндірді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оқиғаға қатысты арнайы өрт-сынақ зертханасы зерттеу жүргізген. Сараптама нәтижесінде көліктердің біріндегі электр жабдықтарының техникалық ақауы өрттің шығуына себеп болғаны анықталған.

"Бұл ретте сауалда айтылған автоматты оталдыру жүйесінің істен шыққаны туралы болжам зертхана қорытындысымен расталмады", – деп хабарлады полиция өкілдері.

Осылайша, өрттің автоматты оталдыру жүйесінен шыққаны жөніндегі болжам ресми түрде расталған жоқ.

Полиция қылмыстық құқық бұзушылық анықтамады

Оқиғаға байланысты жүргізілген тексеріс барысында қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталмаған.

Полицияның хабарлауынша, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты материал бойынша одан әрі іс жүргізілмеген. Бұл өрттің қасақана жасалған әрекеттен шыққаны туралы мәліметтің расталмағанын білдіреді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары